Корпорация туралы

Корпорация туралы
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасын, «Мәдениет», «Балапан» телеарналарын, Қазақ радиосы, «Шалқар» Ұлттық арнасы, «Астана» радиосы және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Мекеме Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.

«Қазақстан» –мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын Ұлттық телерадиокорпорация. Тұрғындарды қамту жағынан ол, сөзсіз, алдыңғы орында. Ел тұрғындарының 98,63 пайызы хабарларымызды көріп, тамашалай алса, Қазақ радиосын тұрғындардың - 88,74, «Шалқар» радиосын - 61,31 пайызы тыңдай алады. Сондықтан да, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен аймақтық телерадиокомпанияларының толқындары анық таралатын аймақтарға кіретін Қазақстандағы ауыл тұрғындарының, кем дегенде, жартысы үшін теледидар ақпараттық және мәдени қажеттілікті, білім алуды, демалысты ұйымдастырудың басты құралы. Сонымен қатар, 14 облыста «Қазақстан» телеарнасының аймақтық филиалдары бар.

Корпорацияның хабар тарату саясаты ақпараттық, ағартушылық, ойын-сауықтық бағыттағы ақпарат берумен, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын, гуманизм идеяларын және Қазақстан халықтары арасындағы достықтың даңқын арттыру мен насихаттаумен сипатталады. Біз азаматтардың ел жетістіктерін мақтан тұтуларына, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға ықпал етеміз. Біз түрлі бағыттағы ақпараттар тасқынында жас мемлекетіміздің әрбір тұрғынына дұрыс бағдар беруді, ертеңгі күнге деген сенімділігін орнықтыруды, өзінің азаматтық ұстанымын таңдауға көмектесуді міндет санайды.

Бізде заманға сай ойлайтын ұжым, дарынды шығармашылық қызметкерлер жұмыс істеуде. Корпорация жаңа инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұның бәрі қарқынды дамып келе жатқан қоғамның ерекшеліктерін және көрермендер мен тыңдармандардың ақпараттық-ағартушылық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы эфирлік өнім өндіруімізге кепілдік береді.

«Кеңестік дәуірде корпорацияда дағдарыс пен тоқырау болған жоқ» деп айту - артық та болуы мүмкін. Бірақ, 2001 жылы жаңа менеджерлер командасының келуімен жағдай айтарлықтай жақсара бастады. Жаңа хабарлар циклі, қызықты ток-шоулар пайда болып, көрермендер мен тыңдармандардың саны артты. Телерадиокорпорацияның қазіргі заманға сай бет-бейнесі қалыптасып, қарқынды түрде дами бастады. «Қазақстанның» басты идеялық құрамы – патриотизмі, Қазақстанның тарихи және руһани мұрасына қатыстылығы сақталған.

Демек, корпорацияның табыстары, бәрінен бұрын, біздің ұжымымыздың қызметімен байланысты. Біз корпорацияның әрбір қызметкері өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асырғанын қалаймыз. «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясының ұжымын «Республикамызда және әлемде болып жатқан барлық процестерді анық бағамдай алатын шағын қоғам» деуге болады және ол елімізге, онда тұратын адамдарға, отандастырымыздың пайдасына жарауға ұмтылып келеді. «Қазақстан» РТРК» АҚ 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған.
 
Корпорацияның техникалық мүмкіндіктері
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өзінің төл туындыларын жасау үшін Алматы қаласындағы 5 аппаратты-студия блоктарын, Астана қаласындағы 2 аппаратты-студия блоктарын, 22 аппаратты видеомонтаж, 2 эфирлік студиясын, Астана қаласындағы он екі камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы және Алматы қаласындағы 23 камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы қолданылады. Облыстық 14 филиал өздерінің бағдарламаларын жасау үшін 30 аппаратты студиялық блокты пайдаланады.
 
 
 
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамына кіреді. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде 1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастаған. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар ішінде төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.
 
Бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі медиа құрылым. Телеарнаның техникалық әлеуеті Республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, заманауи телетаратылымның барлық талаптарына сай.
 
Қазіргі заманғы ең үздік құрылғылар техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери мерекелік парадтар, НАТО Саммиті, ЕҚЫҰ елдері-қатысушылары Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада, Euro-2012 сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.
 
Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әр түрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыр.
 
«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер.
 
Ал, негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының туындаларына берген. Ұлттық арна түрлі жанрдағы бағдарламалар шығарумен қоса, отандық көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді.

Қазір жобалар өндірісінде телехабар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасауға мүмкіндік бар. Телеарна өндірістің, сондай-ақ, бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшкен.
 
Бұл жүйені іске асыру жеделдікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады. Белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» телеарнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.
 
Танымдық-тағылымдық, көңілашар ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстіндегі телеарна 2012 жылдың 24 желтоқсанында Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. HD форматқа толықтай көшкен телеарна медиа кеңістіктегі әлеуетін жыл сайын ұлғайтуда.
 
ТNS Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының 2013 жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер (шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Осылайша, алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік.
 
Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақтілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді. Айта кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады. Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын онлайн-режимінде де көруге мүмкіндік бар. Телеарнаның жеке сайты - http://kaztrk.kz
 
 
 
«Балапан» телеарнасы
«Балапан» телеарнасы 2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап эфирге шыға бастады. Шығармашылық бірлестік «Қазақстан» телеарнасының құрамына кіреді. Арна кабельдік желіден эфирге шығады. Аудиториясы 3-12 жас аралығындағы балалар. Эфир уақыты 07:00 – 24:00 аралығын қамтиды. «Балапан» телеарнасы тек қана қазақ тілінде. Интернеттегі арнайы беті - http://balapantv.kz
 
«Балапан» телеарнасының алға қойған мақсаты - келешек ұрпақтың тамырына руһани нәр беріп, «интеллект» иесі , білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау. Сондай-ақ, дені сау, руһани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
 
Телеарнаның басты ерекшеліктері:
● Ол -Қазақстан тарихындағы балаларға арналған тұңғыш арна.
● Ол - тек қазақ тілінде хабар таратады.
● Ол - білім мен ғылым, тәлім-тәрбиенің сарқылмас кені.
 
 
 
«Мәдениет» телеарнасы
Қазақстандағы мәдени-танымдық бағытта хабар тарататын алғашқы телеарна. 2011 жылдың 26 қыркүйегінде «Қазақстан» РТРК» АҚ жанынан ашылған.
 
Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау, тілдік ортаны дамыту, руһани құндылықтарды насихаттау, көрерменнің талғамын көтеру телеарнаның басты мақсаты. Сонымен қатар, арна жан-жақты дүниетанымын арттыру бағытында әзірленген отандық және шетелдік үздік телехабарлар мен деректі фильмдерді халыққа ұсынуда.
 
«Мәдениет», «Ретро» және «Тарих» сияқты үш арнаны тоғыстыра отырып, ұлттық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды насихаттауды басты назарда ұстайды.
 
Сондай-ақ, телеарна эфир уақытының 30 пайызын алатын заманауи форматта жасалған ток-шоу, телевизияға арналған музыкалық және драмалық қойылымдар, деректі және көркем фильмдер, телехикаялар, түрлі жанрдағы арнайы жобаларды әзірлейді.
 
Бұл бағдарламалар көпшілік көрерменнің дүниетанымын кеңейте отырып, мәдениеттің руһани қазынасынан сусындауға, қазақ елінің өнегелік құндылықтарын дәріптеп, соның қадір-қасиетін ұғынып, сақтай білуге мүмкіндік береді.
 
«Мәдениет» телеарнасын спутниктік, кабельдік және Интернет желілерінің пайдаланушылары көре алады. Телеарна сайты - http://madeniettv.kz
 
 
 
Қазақ радиосы
Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы - Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл Республикаға трансляция беріле бастады.
 
Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарына жетеді. Сондай-ақ, «Шалқар» Ұлттық арнасының хабарлары еліміздің ірі қалаларына таратылады. Ал, қазіргі кезде интернеттегі http://kazradio.kz сайтымыз арқылы әлемнің кез келген түкпірінде Қазақ радиосының хабарларын онлайн режимінде тыңдауға болады.
 
Егемен Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету - Ұлттық арна ретінде Қазақ радиосының басым бағыты болмақ. Арнаның алдында мемлекеттік саясатты елді-мекендердің барлығына, алыс түкпірлерге шапшаң жеткізу міндеті тұр.
 
Қазақ радиосы жас мемлекеттің құрылысы мәселесіне жете көңіл бөліп келеді. Мұнда ең әуелі жаңа жұмыс орындары, отандық өндірістің дамуы, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес мәселелері, Қазақстан экономикасының ілгері басуы және отандастарымыздың тұрмыс-жағдайының жақсарып келе жатқандығы жан-жақты қамтылады. Радио Қазақстан халқының достығын нығайту мақсатында қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдеріндегі бағдарламалары әуе толқынына шығады.
 
Электронды БАҚ қатарында Қазақ радиосы көрнекті орын алады. Радио ұжымы әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөледі. Тыңдаушылар арасында күн сайын қазақша және орысша берілетін таңдамалы бағдарламалар, Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдарға жасалатын шолулар кеңінен танымал.
Бүгінгі таңда Қазақ радиосы өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция.
 
Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және әлемдік музыкадан тұрады. Бұл формат бізге қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын рок, кантри, джаз, хит және т.б. сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді.
 
 
 
«Шалқар» Ұлттық арнасы
«Шалқар» Ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті. Алғашында екі сағаттық бағдарлама ретінде хабар таратқан арнаның кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына хабар тарата бастады.
 
Радио 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты.
«Шалқар» радиосының өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,04 пайызына тарайды. Жеке сайты арқылы «Шалқар» Ұлттық арнасын әлемнің әр түкпірінен тыңдау мүмкіндігі бар - http://radioshalkar.kz
 
 
 
«Астана» радиосы
«Астана» радиосы – ақпаратты-музыкалық радиостанция. Ең алғаш 1999 жылы 19 қаңтарда 101.4 FM толқынында эфирге шықты. Осы уақыттан бастап, радио қызметкерлері «Ақ ниетпен әр үйге» деген ұранмен қызмет атқаруда. Эфирдегі жалпы уақыты – 19 сағат.
 
2003 жылдың 1 ақпанынан бастап, «Астана» радиосы өзінің эфирлік форматын жаңартып, заман талабына сай, сандық құрылғылармен жұмыс істейді. Хабарлардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде шығарылады. Сонымен қатар, радионы интернет желісі арқылы тыңдауға болады - http://radioastana.kaztrk.kz
 
2009 жылы 19 қаңтарда «Астана» радиосы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті.
Радио 1999 және 2003 жылдардағы ең үздік ақпаратты топтамасы үшін «Алтын Жұлдыз» жүлдесін жеңіп алып, 2006 жылы «Үздік радио» атағына ие болды.