01 қаңтар
06:00

 
Әлбетте ғылым-білімнің іргетасы мектептен қаланады. Ұшқан ұя мектептің білімі ұшқары болса, ғылымның келешегіне нағыз қиянат сол болмақ. Жамбыл облысы былтырғы ұлттық бірыңғай тестілеуден республика бойынша көш соңында қалып қойғаны есте. Сүреңсіз көрсеткіш шұғыл дабыл қағуға пәрмен болды. Облыс әкімі тікелей тапсырма берген соң білім саласына жауапты барлық шенді-шекпенді «бізді не қара басты?» деген сауалға жауап іздеуге кірісті. Ақыры облыстық білім басқармасы өткен оқу жылында барлық орта мектептің мұғалімдері мен директорларын түгелімен түре тексеріп шықты.
 
Арнайы тесттің қорытындысы мынау: мұғалімдердің 40 пайызы, директорлардың 70 пайызы өз қызметіне лайықсыз деп танылған. Алайда сынақтан сүрінген мұғалімдер мен директорлар осымен қызметін доғарып, жөніне кете барды десеңіз, қателесесіз. Әлі күнге түк болмағандай, жұмысына қызу кірісіп, біліксіздігін оқушыларға таратып жүр. Білім басқармасы да мектеп басшыларына нақтылы шара қолданған жоқ. Бар болғаны қосымша курс-дәріс өткізіп, білігін жетілдірумен ғана шектелген. Сынақтан сүрінгені былай тұрсын, қазір Жамбыл облысындағы мектеп басшылары арасында жемқорлық әрекеттері де жиілеп кетті демейміз, бірақ азаймай отыр. Журналист Нұртас Солтанұлы Жамбылға арнайы барып, 70 пайыз біліксіздіктің себебіне үңілді. Зер салыңыз.  
 
***
       
2010 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді республика бойынша ең нашар тапсырған өңір – Жамбыл облысы. Алайда тестен алынған төмен балға сабағына салғырт қараған талапкерлер ғана емес, оларға жетесіне жеткізіп білім бере алмаған ұстаздар қауымы да кінәлі екен. Облыстық білім басқармасы оқушылар жерге қаратқан соң оқытушылардың өзін тексерейікші деп тестен өткізген. Сөйтсе, қате жауап беруден мұғалімдер оқушылардан асып түскен. Тест-тренингтен мұғалімдердің 40 пайызы өтпей қалды.
 
Қызықтың көкесі мектеп директорларына келгенде басталады. Бірінші рет өткізілген тест кезінде директорлардың 90 пайызы құлап қалады. Жағасын ұстаған жамбылдық шенеуніктер тексеруді екінші мәрте өткізеді. Оның нәтижесі де оңып тұрған жоқ.
 
Бейқұт Жамангөзов, Жамбыл облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары
 
Жалпы 557мектеп директорлары мен орынбасарлары тест тренингке қатысты. Оның ішінде өте алмай қалғаны 456, яғни, 70 пайызы болды. Қанша дегенмен, әрине, бұл заңдылықтарды білместік қой. Біз бірінші тест өткізгенде олардың дайындықтарын біліп алдық та, сол бойынша нұсқаулық бердік, яғни, әрбір маман директор қандай нормативтік құқықтық нормадан өте алмай қалғанын, жауап бере алмай қалды деген сияқты.
 
Алайда қалалық білім басқармасы облыстықпен келіспей отыр. Марина Гладченконың айтуынша, тестің сұрақтары алдын-ала берілмеген. Яғни, аз ғана уақыттың ішінде дайындалып үлгермеген мұғалімдер мен директорлар тест кезінде асып-сасып қарапайым сұрақтың өзінен қателескен.
 
Марина Гладченко, Тараз қалалық білім басқармасы оқу- әдістемелік кабинетінің меңгерушісі
 
Сұрақтар сайтта болды ма немесе бізге жазбаша түрде алдын-ала берілді ме деп сұрайтын болсаңыз, оқу жылының басында, яғни, қыркүйек, қазан, қараша айларында сұрақтар сайтта болған жоқ. Ол сұрақтар тек оқу жылының соңында ғана бір тілде, яғни, қазақшасы ғана берілді. Осылайша орыстілді директорлар мен мұғалімдердің алдын-ала дайындалуына ешбір мүмкіндік болмады.
 
Қалай болғанда да, директорлар мен мұғалімдердің сыннан жаппай өтпей қалуы, облыстағы білім сапасының кемшілігін көрсетеді. Мәселен, Шу, Қордай және Мойынқұм ауданында бірде-бір директор тест тапсыра алмады. Білім басшыларына негізінен еңбек кодексі, бала мен ата-ананың құқығы сынды заңдарды білуі мен менеджментке қатысты сұрақтар қойылған. Қазір осы сұрақтарға жауап бере алмаған директорлардың барлығы да жаңа оқу жылында түк болмағандай жұмысын жалғастыруда. Себебі, білім басқармасы нақты талап қойып отырған жоқ.  
 
Бейқұт Жамангөзов, Жамбыл облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары
 
Енді оны жергілікті жерлерде өздері шеше жатады. Жазбаша түрде өздерінің біліктілігіне сәйкес емес, мектеп директорына лайықты емес деген біздің облыстық білім басқармасының сараптамалық кеңесінің қорытындысы бар.
 
Тестен өтпей қалған басшылардың бірі – Қанат Иманов. Тараз қаласындағы №32 мектептің директоры тексерудің бірінші кезеңінде науқастанып, ауруханада жатқан. Ал екінші кезеңде ол өзінің білім мен білігін дәлелдей алмаған. «Себебі, сынақ кезінде күнделікті жұмысқа аса керегі жоқ, теориялық сұрақтар болды», - дейді. Сондықтан тестен өтпей қалса да, директордың жылы орыннан кеткісі жоқ.
 
Қанат Иманов, Тараз қаласындағы №32 орта мектептің директоры
 
Жұмыстан босат деген бұл жалғыз ғана тестің қорытындысы емес қой, мектептің жұмысы мұнымен шектелмейді. Мектептің жұмысы жан-жақты: тәрбие жұмысы бар, балалардың құқық бұзушылығы, ата-анамен жұмыс, мектептің материалдық базасы, осының бәрі директордың құзырындағы жұмыс. Жалғыз ғана бір рейтингпен жұмыстан шығару ол дұрыс емес деп есептеймін..
 
Алайда қарапайым халық біліксіз басшы, білімсіз мұғалімге шара қолдану керек деп отыр. Себебі өздерінің білімі күмәнді болса, олар ертең облыстағы 180 мың оқушының обалына қалады.
 
-          Әрине, ондай басшылар өздерінің орнын босатып, басқа білімді азаматтарға жол беруі керек деп ойлаймын. –
 
-          Егер тестен өте алмайтын болса, орнын босатуы керек. Енді олардың зияны тиеді де балаларға.
 
-          Орнын босатуы керек. Мысалы, балалар ҰБТ-дан өтпей қалса, жоғарғы оқуға қабылдамайды ғой, сол секілді енді олар да өтпей қалды ғой емтиханнан.
 
Жамбыл облысындағы жағдайдан Білім және ғылым министрлігі де хабардар. Алайда енді ғана аймақтардан департамент ашып жатқан министрлік басшылары әзірге бұл іске араласа алмайды.
 
Махметғали Сарыбеков, ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары
 
Көп жағдайда мектеп директорлары, жаңа сіз айтқандай, біреудің танысы, біреудің тамыры, құдасы, жекжаты, енді бірі пенсияға тақап қалды деп мәселені жаба салады. Сондықтан біз мониторинг жасауымыз керек. Қазір біз министрліктің аймақтардағы басқармаларын ашып жатырмыз. Олардың міндеті тікелей білім сапасын қадағалау болады.
 
Тамыр-таныстық демекші, білім сапасынан артта қалса да, Жамбыл облысының директорлары «бармақ басты, көз қысты» әрекетке келгенде ешкімге дес бермейді. Мәселен, тамыз айының соңында Қордайдағы ауыл шаруашылығы колледжі директорының міндетін атқарушы пара алып жатқан жерінен ұсталды.
 
Әмір Әлімқожаев, Жамбыл облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының баспасөз хатшысы
 
Күдікті 15 мың теңге пара алу кезінде құрықталды. Бұл сомаға ол осы оқу орнына құжат тапсырған талапкердің кедергісіз оқуға түсетінін уәде еткен. Тергеу жүріп жатыр.
 
Бұл аз десеңіз, арада ай өтпей жатып, Жамбыл облысының тағы бір ауданында, яғни, Мойынқұмда орта мектептің директоры Тәткеев деген азамат жұмысқа тұрғысы келген аспазшыдан АҚШ-тың 300 долларын сұраған. Қазір парамен ұсталған директорларға іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
 
Нұртас Солтанұлы


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.