01 қаңтар
06:00

 
Қазақ үшін, тек қазақ жұрты емес, түбі бір түркілер мен парсы, иран халқы үшін жөні бір, жоралғысы сан түрлі әз Наурыз таяп қалды. Енді бір күннен соң күн мен түн теңеліп, жер ананың бауыры жібіп, табиғат қайта түлейді. Жыл жаңарып, жаңа күн туады. Астарына үңілгенге еуропалықтар бар сән салтанатымен ұлықтайтын жаңа жылдан ұлыстың ұлы күнінің шоқтығы әлдеқайда биік. Өйткені, фәлсапасы, тарихы тереңде , бергісі бес мың жылды қамтиды, - дейді тарихшылар. Ендеше, ел болып тойлағалы отырған ұлыс тойы қазір өз деңгейінде өтіп жүр ме? Бұл сауалдың жауабын филология ғылымдарының докторы , профессор Мырзатай Жолдасбектен сұраған едік.
 
Жайнагүл Төлемісова, журналист:
 
Мырзатай Жолдасбекұлы, әз Наурыз – жер бетіндегі ең ежелгі әрі жылдың жаңаруын әйгілейтін мереке. Бірақ ұлық күнді тойлаудың бүгінгі мазмұны жұпыны көрінбей ме?
 
Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, академик, Президенттік Мәдениет орталығының директоры, түркітанушы:
 
5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан наурыздың көп дәстүрінен ажырап алдық. Мәселен мен бала кезімде қанша тыйым салғанымен, ауылда Наурызды тойлап жататын. Ерекше ықылас-ынтамен тойлайтын еді жұрт. Қыс қалың болған жылдары әр қырдың астында отырған ауыл бір- бірімен қатынаса алмай қалады. Сондықтан жер оянып, қар еріп кете бастағаннан кейін табиғат тірілген кезде айдан аман, жылдан түгел шықтық деп, аманбысыңдар деп ағайын-туған, құда-жекжат бір-біріне келіп көрісетін болған. Сол күні әйтеуір барын жарқыратып, елге көрсететін. Дұрыс киніп шығатын, киімдерін де сандықтан, кебежеден шығарып, бәрін жайып қоятын. Сосын неше түрлі ұлт ойындары болатын. Әйелдердің жаяу жарысы болатын. Сонан кейін еркек пен әйелдерді күрестіретін. Негізгісі – әрине, наурыз көже еді.
 
Жайнагүл Төлемісова, журналист:
 
Наурыздың бұқаралық сипаттан көрі, сахналық сипаты басым. Мерекені мұндай қарабайырлықтан қалай құтқаруға болады?
 
Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, академик, Президенттік Мәдениет орталығының директоры, түркітанушы:
 
Жылда жазып жатыр осы күндердің өзінде біздің газеттеріміз, журналистер, қайраткерлер, елдегі зиялы адамдар ұсыныстар жасап жатыр. Менің ойым – осыны жинақтасақ, жинақтап бір ізге түсірсек. Наурыз ол қисайтып киіз үй тігу, сосын көже қайнату, шапан кию болмауы керек. Бұл күндері, меніңше, жақсы дәстүрдің бәрін қайта ояту керек. Біраз азаматтар өзінің туған еліне барса деймін де. Солардың жағдайын жасап, ауылын көркейтіп, ауылын жандандырса, елге қызмет етсе, халыққа керек деген игілікті істер осы кезде істелсе деп ойлаймын.
 
Жайнагүл Төлемісова, журналист:
 
Түркілердің ұғымында Наурыздың мазмұны әлдеқайда кеңірек болды. Соның кей атрибуттарын, қазіргі заманға сай мазмұнды элементтерін кіріктіруге болмас па еді?
 
Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, академик, Президенттік Мәдениет орталығының директоры, түркітанушы:
 
Осы күні кайта-қайта айтып жатады ғой әлгі бейшара Валентин күні, махаббат күні деп халықтың санасында жоқ нәрсені қайдан әкелетінін білмеймін. Ал, осы күндер илгіліктің, шынайылықтың қыз бен жігіттің жарасымды күні болса, бәрібір табиғат оянған соң сезім де оянады гой. Соны да әдемі қалпымен, қазақи қалпыменен, сыпайы, инабатты қалпымен қалыптастырып алсақ деп ойлаймын. Осы Наурызда ырым қылып тұсауын кессе балалардың, бесікке салса, бесік жыры айтылып жатса, жалпы әдет ғұрыпқа байланысты салт жырларының көбі қалпына келсе деймін. Дастандар айтылса, тірілсе, үлкен Наурыз айтысын жылда ұйымдастыру керек. Бүкіл ел болып, халық болып қатысу керек. Сол Наурызда өткен Наурыз бен осы Наурыздың екі ортасындағы халқымыздың басынан өткен жақсылықтардың бәрі жырлануы керек деп ойлаймын.
 
Жайнагүл Төлемісова, журналист:
 
Уақыт бөлгеніңізге рахмет.
 


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.