01 қаңтар
06:00

 
Биылғы күзде Алаш баласы астанасын Алатау баурайынан Арқаның төсіне көшіргеніне 15 жыл толады. Демек 15 жыл болды, ел болып, ел ордасын салып жатырмыз. 15 жыл болды, сіз бен біздің көз алдымызда жаңа тұрпатты жасампаз шаһар бой көтеріп келеді. 1997 жылы 9-желтоқсанда Алматыдан Ақмолаға ресми түрде көшіп бара жатып, ұшаққа отырар сәтте Нұрсұлтан Назарбаев: «біз Алатауға симай бара жатқанымыз жоқ, Алатауды қимай бара жатырмыз» деген екен. Елбасы ғана емес, елдің көбі-ақ осындай қимастық сезімді бастан кешкені рас. Мүмкін, біреулер алаңдап, күдікпен де қараған шығар. Бүгінде сол күдікті үміт жеңді, сенім нығайды. Астана бар қазақтың бас қаласына айналды. «Бағаналы ордам  - басты ордам, Арқада менің Астанам» деп білетін әрбір адамды жатырқап жатқан жоқ, бауырына басып жатыр. Бұрындары басқа өңірлердің жәрдеміне сүйенген Елорда бүгінде өзін-өзі асырай алатын деңгейге жетіп қалды. Қанша жерден қаржылық дағдарыс қыспаққа алса да, қала құрылысы қарқынын жоғалтқан жоқ. Соңғы үш жылда 4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, алдағы үш жылда тағы 5 миллион шаршы метр үй салынады. 2020 жылға дейін 79,9 мың шаршы метр кеңсе, 14 мың 384 пәтер са­лы­нбақ. Сонымен қатар, қаланың айналасында 7 серіктес шаһардың іргесі қаланбақ.  Есілдің қос қапталын жайлаған шаһардың әл-қуаты тасып, мейманасы асып, дәуірлейтін кезі әлі алда деп білеміз. Бәлкім, сол кезде бүгінгілер де марқайып-масаттанып отырар. Құрылысына қатысқан азаматтар «мына үйдің кірпішін мен қалағам» деп мақтанар, сенбілікке шыққан жастар «мына ағашты мен отырғыздым» деп ұл-қыздарына ұлағат айтар. Құдай соған жеткізсін.
 
Жаңа Қазақстанға - жаңа Астана. Елбасының асқақ арманынан айбыны асқан қала пайда болды жұмыр жердің бетінде, Қараөткелдің өтінде, Ер Есілдің енінде. Ұйқастап қайырсақ та, бабалар қазық қағып, ту тіккен Сарыарқаның төсі, бар қазақтың төрі бұл.   Балтабай Нәженұлы - осы өлкенің тумасы. Ақмоланың ақ бораны мен ми батпағында өсті. Тыңды игеру жылдарының куәсі.   «Бидайдан басқа бұл өңірде ештеңе өспей ме, тірлік жаңаша өнбей ме» деп іштен тынып жүріпті.
 
Балтабай Нәженұлы, зейнеткер:
Біз енді осы хабарды Елбасының аузынан естігеннен кейін біз өте қуандық. Жалғыз мен өз басым емес, бүкіл осы ақмолалық адамдардың барлығы өте қуанып, сондай жақсы қуаншыпен қарсы алдық. Себебі, енді Қазақстанның орталығы болады, өндіріс келеді, халық көбейеді, қаланың әл-ауқаты, саяси-әлеуметтік жағдайы өзгереді, осының бәрін көзімізге елестетіп, сондай болатынына біз өте қуанышпен жақсы қарсы алдық.
 
Астана тұрғындарының қарасы жылдан-жылға артып келеді. 1989 жылы жүргізілген санаққа сенсек, 281 мың 300 адам болыпты. Он жылдан кейін 326 мың 900-ге жеткен. 2001 жылы 446 мың 200, 2005-те 529 мың 300 адамға толған. Ал, 2009 жылы  жүргізілген санаққа сәйкес, 613 мың 600, 2011-де 730 мың 800 тұрғыны бары анықталса, биыл 743 мың адамды құрап отыр.
 
Анар Темірбекова, Астана қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім бастығы:
Жыл сайын шамамен 1,2-1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ол 10, 10 мыңнан астам пәтерлер болып саналады.
 
Жақсыны - көрмекке. Тәуелсіз қазақтың Астанасын көруге шетелдіктер әдейі арнап келеді. Егемендіктің 20 жылында жеткен жетістігіміз жаңа Астанамыздың салынуы болды. 
 
Жан Челик:
Осыдан 5 жыл бұрын келіп едім Астанаға. Бұл - екінші сапарым. Көп өзгеріп кетіпті. Әлемнің көптеген қалаларын араладым. Астананың өзінше тартымдылығы бар. Қазақ халқының ыстық ықыласымен салынған Астана ғой. Шырайлы шаһарға айналып келеді. 
 
Пауло, турист (Италия):
Кеше ғана егемендігін алған жас мемлекетке мынадай әсем Астана салу үшін үлкен тәуекелге бару керек. Қадамы батыл халықсыздар. Келгім келеді де тұрады осында, өйткені, Астана - әдемі қала.   
 
Богдан, турист (Сербия):
Анау Ақордадан бастап мына тұрған Ханшатырына дейінгі аралық өте үйлесімін тауып салынған екен. Жаңаның аты жаңа ғой. Есіл өзенін бойлай бой көтерген ғимарттар тамаша болып тізіліп тұр. Қазақстан маған ұнайды.
 
Астана дамуын дамылдатпайды. Халықтың саны өскен сайын, қаланың да аясын кеңейту керек болып тұр. «Кеңейткеннің кері осы екен» деп құрылыс жүргізу шарт емес. Мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада өткен келелі кеңесте айтты.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Астананың дамуы - мемлекеттік міндет. Астана өзге өңірлерге де үлгі болуы тиіс. Қаланың қиюын қашырып жатқан құрылысты тоқтату қажет. Ең алғаш осында келгенде бірлі-жарым үй бар еді. Кімді қоныстандыратынымызды білмей әлек болып едік. Енді көшіп келушілер көбейіп жатыр. Қадағалаудың жоқтығынан қисынсыз салынған үйлер қаптап кетті. Ретке келтіруді тапсырамын.
 
Соңғы он жылда Астананы аяқтандыруға 3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. 2016 жылға дейін тағы 2 триллион теңгеге арттыру көзделген. Бұл қыруар қаржыға сәулеті мен сәні келіскен Елдің ордасы еңсе тіктеді.  Бүгінгі ұрпақ бақытты, Айбынды Астанадай еңселі Елордасы бар. Біздің бала күнімізде мынадай хан сарайындай Оқушылар сарайы арман болмақ тұрмақ, түсімізге де кірмейтін. Оқып-білмекке, 40 түрлі өнерді үйренбекке керек үйірменің бәрі бар мұнда.  Қазақстанның Орталық концерт залы Италия нақышымен салынған. Жоба авторы   - Манфреди Николетти. Тәуелсіздіктің 18 жылдығында бұл мәдени ошақ қазақ өнерлілерінің игілігіне берілді. 20 миллиард теңге жұмсалып, 20 мың шаршы метр жерден бой көтерген Сарыарқа Велотірегі - ірі спорт кешендерінің бірі. Кешегі өткен Азиада ойындарында қазақтың кәдесіне жарады. «Хан шатыры» Орта Азияда теңдесі жоқ  сауда-саттық және ойын-сауық орталығы. Бұл Елбасының бастамасымен халық игілігіне арналып салынған. Естуімізше, мұнда күнде 15 мың адам келеді екен.  Астанаға келген қонақтың бірі де мұнда бас сұқпай қайтпайды. «Хан шатыры» демекші, келушілерге ерекше ұнайтыны - ең жоғарғы қабаттағы жазғы жағалау кешені екен.
 
Азат, Астана тұрғыны: 
Астананың қыстары ұзағынан болады ғой. Қыста -40 градусқа дейін барады. Сондай қыстың күні мына пляжда керемет демалуға болады.
 
Жуырда сәулетші Шоқан Матайбеков Елбасының назарына жаңа жобаны ұсынды. Шатырында шаңғы тебетін кешені болатын үй салынады бұйыртса.
 
Шоқан Матайбеков, сәулетші: 
Кешеннің негізгі мақсаты, сол жай ғана тұрғын үй кешенінен тағы да үстінен қосымша үлкен слалм пайда болуы. Бұл бір жағынан Астанаға өте керекті нәрсе. Өйткені, Астананың жан жағында ондай тау шаңғысын тебетін кешендер жоқ.
 
Шаңғы жолының ені 26 метр болады, екі жағы 4-5 метр биіктікте қоршалады, ұзындығы жер көлеміне байланысты бір шақырымға дейін созуға мүмкіндік бар. Қауіпсіздік талаптары толық сақталады.
 
Шоқан Матайбеков, сәулетші:
Бұл тұрғын үй мен шаңғы кешені бір-бірімен араласпайды функционалдық жағынан бөлек. Адамдар кіріп, сырттан келген адамдар кіріп, тек қана осының бойымен, үстімен ғана жүріп кететін болса, қайтадан көтеріліп өзінің циклімен, ал тұрғын үйге кіретін жолдар мына жағынан болады, мына жағынан болады, үш жағынан болады, тұрғын үйге жеке кіреді. Тұрғын үйдің адамдары, тіпті, үстінде кешен бар екені ойларына кіріп-шықпайды, сезбей де қалады.       
 
Астана - мемлекеттің айнасы. Басқа қалалар бас қалаға қарап бой түзейді. Сондықтан, атына заты сай болмағы ләзім.
 
Мөлдір  НҰРМАН


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.