01 қаңтар
06:00

 
Аңқасы кепкен Аралдың жағалауынан кемерінен асқан Каспийдің бойына ойыссақ. Құмында мұнай мен газы шылқыған Маңғыстау жерінің асты қаншалықты бай болса, үсті соншалықты жайдақ. Мұнай мен газ игеріліп, өңірдің экономикасы ілгерілеген сайын, экологиясы кейіндеп бара жатқаны да жасырын емес. Тіпті, соңғы жылдары мұнай кеніштері орналасқан аймақ қу тақырға айналып, шөп шықпайтын жағдайға жетті. Бұрындары киік жортып, мыңғырған малға қоныс болған жайылымдардың қазір сәні кетті. Сондықтан, үстіртте қоныс тепкен Жаңаөзен секілді қалалардың мал шаруашылығы кенжелеп келеді. Жем-шөп қымбат. Мал баққан ағайын қорасындағы төрт түлігін асырай алмай пұшайман болып отыр. Сол себепті жаңаөзендіктер мал азығының жаңа түрін ойлап тапты. Олар кәдімгі картон қағазын жемге шылап беріп, қой-сиырын бордақылауға көшті.    
 
Жаңаөзен халқының тіршілігі арабтармен ұқсас. Себебі, екеуі де азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністің бәрі сырттан сатып алады. Десе де, қазақтың аты - қазақ. Қай жерде де мал ұстайды. Басқа аймақтардағыдай отар-отар қой, үйір-үйір жылқы бақпаса да, әрбір үйдің қорасында бір-екі сиыр, үш-төрт қойдан бар. Мысалы, Бекболат Жолмырзиевтің «тойға соямын» деп ұстап отырған үш қойы бар. Бүгін ол жем-шөп іздеп базарға тағы келді. Бірақ, бір түк шөппен ғана қайтатын түрі бар. Өйткені, кебек пен арпа тағы қымбаттаған екен.
 
Бекболат Жолмырзиев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Аз дегенде 50 мыңдай шығады енді. Одан да көп болуы мүмкін. Қайтеміз енді, үлкен қонақ келгенде соймасақ, ұят болады. Қазақтың салт-дәстүрі. Сол үшін сойып, мал бағып, баптап ұстап отырмыз.
 
Жаңаөзенде мал ұстау өте қымбат. Шөптің бір түгі 1200 теңге тұрады. Оның өзі көде мен жусан. Жоңышқа сияқты құнарлы шөптер 2000 теңгеге дейін барады. Ал, арпа - 1500 теңге. Енді есептеп көріңіз. Бір сиырды бағу үшін айына жоқ дегенде 70 мың теңге жұмсайсыз. Алайда, өзендіктер малға беретін жемнің тағы бір түрін шығарып алған. Ол - кәдімгі картон қағаз.
 
Картон қағазды біз қоқысқа тастаймыз, немесе, ары кеткенде, от тамызамыз. Сөйтсек, бұл да азық екен. Жаңаөзенде осы қағаздың көмегімен мал семіртіп отырған ағайын бар.
 
Фейруза Бақалбаеваның күнделікті жұмысының бірі - картон жырту. Ұсақтап жырту керек. Кесек түскен қатты қағаз сиырдың асқазанын түйнеп, күйіс қайыра алмай қалуы мүмкін. Картонды кебекпен араластырады, жылы сумен былғайды. Өйткені, қатты қағазды су ғана жібітеді. Жем дайын. Буы бұрқыраған өзендік картон ботқаны сиыр мен түйе таласып-тармасып жеп қояды. Айтпақшы, картонның өзі қып-қызыл ақша тұрады. Ескі қағаз жәшіктердің бір бумасын базардағы саудагерлер 100 теңгеден сатады. Бұл бір күндік жем.
 
Фейруза Бақалбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Сиырдан үш литр сүт аламыз. Сүті жақсы болады.
 
Малды картонмен бақса да, Жаңаөзенде ет те бар, сүт те бар. Сүт мұнда сырттан келмейді. Өзеннің өз сүт зауыты бар. 1976 жылы негізі қаланған зауыт осы күнде 20 түрлі сүт өнімін шығарып отыр. Айран, қаймақ, құрт-ірімшік дегеннің бәрі бар. Бірақ, мұның бәрі Беларусиядан алынатын құрғақ сүттен жасалады. Себебі, сиыр өсіру кәсіпкерлер үшін де тым қымбат.
 
Сәуле Жақаева, Жаңаөзен сүт зауытының бас директоры
Бізге ол қазіргі таңда бағуына, мына шөп өнімдеріне екі есе шығынға келеді. Біздің Маңғыстаудың жеріне біздің өзіміздің түйе мал шаруашылығы жақсы.
 
Ал, етті өзендіктерге көрші Орал мен Ақтөбе жеткізіп беріп отыр. Жаңаөзенде көрші аймақтардан келген малды сойып сататын екі қасапхана бар. Әрқайсысы айына 120 ірі қара, 100 қой сойып сатып отыр. Қасапханалар малға картон жыртып бермейді. Өйткені, Оралдан келген мал жергілікті азыққа бас салмайды. Сондықтан, қасапшылар көрші аймақтардан малмен бірге жем-шөп те сатып алуға мәжбүр. Бір бас сиырға күніне 2500-3000 теңгенің жемі кетеді.
 
Сүйеген Тілегенов, қасапшы:
Қойларға да енді 10 басқа деп есептегенде, 2-3 мыңның жем-шөбі беріледі 10 басқа. Кәдімгі комбикорм бар. Арпа бар, сұлы бар қойға берілетін. Жем-шөбіміз сонау Ақтөбеден келіп тұрады.
 
Енді мына қызыққа қараңыз. Жергілікті халықтың айтуынша, Оралдан келген малдан қарағанда, картон жеп семірген өзендік малдың еті де, сүті де дәмді болады.
 
Бектұрлы Шалқарбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Оралдан келген малдар енді қанша айтқанмен, мына ақ шөпке, жемге жайылған, олардың майлылықтары кішкене басқаша, өзгелеу болады.
 
Бектұрлы Шалқарбаев қана емес, басқа өзендіктер де «өзіміздің малға жететін мал жоқ» дейді. Бұл жақтың қойлары да, айтпақшы, кездессе жусан мен ақселеу, әйтпесе, кебекке араласқан картон қағаз жеп семіреді. Қалалық мәслихат депутаты Өтебай Смағұлұлы да дәл осындай пікірде. «Малға картон беру - жаңаөзендік жаңа технология» дейді депутат.
 
Өтебай Смағұлұлы, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты:
Басқа жердің етіменен осы жердің малының еті басқаша болады. Ол таза өнім ретінде-ау деп ойлаймын. Технологиясы басқаша енді.
 
«Өзендіктердің сөзінің жаны бар» дейді жергілікті мал дәрігері Бақыт Нұржолов. Ветеринардың айтуынша, Өзендегі малдың асқазаны жергілікті жем-шөпке бейімделген. Яғни, бұл жақтың малы картонды жақсы қортады.
 
Бақыт Нұржолов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Жаңаөзен қалалық аумақтық инспекциясының бастығы:
«Картон жеп ауру тауып жатыр» дегенді естіген жоқпын. Себебі, ол мүмкін де емес. Бұл да бір табиғи қосынды.
 
Картонға семіретін жаңаөзендік малдар астаналық ғалымдарды шын таң қалдырды. Бұл да бір диссертацияға жүк болатын тақырып. Яғни, мұқият зерттеу керек. Алайда, «картон қағаз малға азық емес» дейді ғалымдар.
 
Серік Нарбайұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің декан орынбасары:
Әр өзі малдың бағытына қарай, мысалы, етті бағыт болсын, жүнді бағыт болсын, етті-жүнді бағыт болсын, өте кері әсерін береді. Картонда химиялық улы заттар көп болады. Арасында клей, бояулары бар, соған өте кері әсер етіп, мес қарынға, қырыққабатқа олар тұрып, ас қорыту жағдайын ары қарай жүргізбейді.

Ғалымдар сондай ақ картон тұтынған малдың ғұмыры табиғи жем-шөп жеп өскен малдан қарағанда екі есеге дейін қысқа болуы мүмкін деген ойда. Негізі, Жаңаөзен халқы малға картон беруді бертін ғана шығарған. Бұрнағы жылдары мұнда жем де, шөп те көп болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, 50-ші жылдары бұл жердің шөбі шүйгін, ауасы ылғалды болған. Далада мал ғана емес, киік те жайылған кездер болыпты.
 
Қыдыр Әскеров, Ұлы Отан соғысының ардагері, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Өзен ашылған соң келгенімде тізеден еді жусандар. Осы жерде түйе совхозының бөлімшесі бар еді. У, у, жусан көп.
 
Ақсақалдардың айтуынша, жергілікті табиғатқа мұнай өндірушілердің кері әсері тиген. Кеңес одағы кезінде мұнайы алынған ұңғыларды теңіздің тұзды суы немесе зауыттардан шыққан улы қалдықтармен толтырған деседі. Сөйтіп, жер құрғап, бұл жақтың климаты бұзылған. Бұл, әрине, халық пікірі. Ал, оның дұрыс-бұрысын ғалымдар анықтай жатар. Олар бір тоқтамға келгенше жаңаөзендіктер картонмен соғым семіртіп, мал бордақылай тұрады.
 
Думан МҰХАМЕТКӘРІМ


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.