Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
«Нұр Отан» ХДП осы жұмыспен қамту бағдарламасына сараптама жасап отыр. Екі айдан бері қарай сіздің агенттікпен біздің мамандар жұмыс жасап, бір мәліметті іздеп жүрміз. Мәжілістің ақпараттық талдау бөлімі сіздерге шыққан болатын ақпан айында, аудан, ауыл көлемінде жұмыссыздармен және өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың саны қаншалықты екенін сұратып едік. Сіздердің мамандарыңыздың айтуы бойынша, елде аудан, ауыл көлемінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санын анықтаудың методикасы жоқ?
Әлихан Смайылов, ҚР Статистикалық агенттіктің төрағасы:
Әдістеме бар. Мәлімет жоқ.
2009 жылғы санаққа бөлінген қаржыны талан-таражға салған Мешінбаева бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінде бой тасалап жүргенге ұқсайды. Экс-санақшы ханымның елден ұрлаған 758 миллион теңгесі таусыла қойған жоқ шығар, бірақ, бостандықтағы күні санаулы. Осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақ елі мен Біріккен Араб Әмірлектері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы халықаралық құжатты ратификациялады. Қазір елімізде істі болған 7 бірдей азаматымыз Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр. Соның бірі - Мешінбаева. Жалпы, экономикалық қылмыс бойынша айыпталып, шетелге қашып кеткен қазақстандықтың саны 1600-ден асады. Арасында құдалығы жарасқан Мұхтар Әбіләзов пен Виктор Храпунов бар. Экс-банкир басына күн туған сәтте 10 миллиард долларды бөктере кетсе, оның құдасының мемлекетке келтірген шығыны қазір тексеріліп жатыр. Қаржы полициясы Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық іс қозғады. Қазір Храпунов отбасымен Швейцарияда тұрып жатыр. Шетелдік БАҚ хабарлауынша, қазақтың байлығын иеленген экс-шенеунік сол елдің ең бай деген 300 тұрғынының тізіміне енген. Оның дәулеті 290 миллионнан 380 миллион доллар аралығында деп бағаланып отыр.
Орал Мұхамеджанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
Заңды қалауынша бұзып, ел байлығын қымқырып кетіп, болмаса, басқа қылмыс жасап, жылы теңіз жағалауына жайғасып алып, «ал маған енді не істер екенсіңдер» деп бізге шекесінен қарап, жайбарақат өмір сүріп жатқандардың саны былтырғы жылы 1600-ден асыпты. Олардың 1558-іне мемлекетаралық, 60-ына халықаралық іздеу жарияланғаныменен, табылғаны 176-ақ адам. Яғни, оннан бірі ғана. Сонымен қатар, ондайлардың ізін табу қандай қиындық тудырса, оларды жазалау үшін елге әкелуде одан да қиын мәселеге айналып отыр. Бұл өзі Қазақстан мен әдетте қылмыскерлер паналайтын көптеген елдер арасында ұстап беру туралы келісімнің жоқтығынан туындайды. Демек, келісімді ратификациялау ел мүддесіне қызмет етеді.
Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.












