01 қаңтар
06:00

 «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы он бесінші съезге мықтап дайындалуда. Осы аптада съезд делегаттары сайланды. Аз емес, 1200 адам.
 
Бұл - бұрынғы құрылтайлардың қонақтарынан екі есе көп. Тағы қоса кетелік, съезд бұрынғыдай бір күн емес, екі күн бойы өтпек. Жоспар әрине.
 
Әлқисса, бұл съезде, бұйыртса, Нұр Отанның Доктринасы бекиді. Өткен жолы да айттық, партия бұған дейін түрлі құжаттар мен бағдарламаларға еніп, сайлауалды тұғырнамада көрсетілген құндылықтарды жиып-теріп жүйелеп, бір құжатқа түсірген.
 
Құжаттың жобасы осы аптада да жер-жерлерде әбден талқыланды. Тың ұсыныс, тосын пікірлер де айтылды. Солардың барлығын сұрыптай келгенде төрт бағытқа жіктеуге болады: жастармен жұмысты нығайту, қазақ тілінің мерейін үстем ету, еңбек қоғамын түзу, аймақтардың белсенділігін арттыру. Доктрина жобасын оқыған кісі есебінде өз тарапымыздан қосарымыз - тың құжатта руханиятқа баса мән берілген секілді. 
 
Алғашқы аймақтық жиын Астанадан бастау алды. Жалпы, Астана қалалық филиалынан партия съезіне 100 делегат сайланды. Алғашқы делегат - Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
 
Соңғы екі аптада партияның барлық қалалық және аудандық филиадарында 241 жиын өтті. Оларға үкіметтің он бес мүшесі, министрлер, агенттік басшылары және депутаттар қатысты.
 
Елді де, ерді де аздыратын - еріншектік. Біздің қоғамда нағыз еңбек адамына деген құрмет аз. Нұрсұлтан Назарбаев, өзінің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еңбек адамына деген құрметтің қалай болуы керектігін жіліктеп берді.
 
 Елдегі билік партиясы «Нұр Отанның» жаңа құжатында да дәл осы еңбек адамының бейнесі айқындала түсуі қажет. Партияның астаналық белсенділері осындай ойда. Бас партияның басты құжаты жер-жерде қызу талқыланды.
 
Мысалы, партияның Ақтөбедегі мүшелері электр энергиясын үнемдеу, жасыл экономика құру секілді сұрақтардың құжатта толық қамтылуын қолдайтындықтарын айтты. Ал Батыс Қазақстан облысының депутаттары Доктринаның жобасында өңірлерді дамыту, ауылдарды көркейту секілді өзекті проблемалар басты бағыт болуы керек, дейді.  Қызылорда облысы қазақ тілінің ықпалын арттыруды қалайтындықтарын жеткізді.
 
Төл мәдениет пен руханият - халықтың басын біріктіретін негізгі құрал. Сондықтан «Нұр Отан» саяси тұғырнамасында басты басымдықты - руханият пен мәдениетке арнады.  Ал көпұлтты еліміздің басын біріктіретін негізгі құрал - мемлекеттік тіл. Сондықтан Бауыржан Байбек зиялы қауымды ана тілдің мәртебесін арттыруға үндеді. Жалпы, зиялы қауым Доктрина жобасына оң бағасын беріп өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
 
Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Доктрина - дер кезінде қабылданып жатқан құжат. Осы арқылы біз өзіміздің қоғамымызды, өзіміздің сайлап алған Елбасымыздың айналасына жұдырықтай жұмылуымыз керек. Сонда біз күшті мемлекет, күшті қоғам боламыз. Біз қазір тіл, дін дейміз, басқа құндылықтарымыз да бар. Осы партия, осы Доктрина арқылы елді біріктіру керек.
 
Құжаттың қазақ тілді жобасын жетілдіру үшін жұмыс тобы құрылды. Оған Сауытбек Абдрахманов, Жабал Ерғалиев, Амангелді Мырзабек, Алдан Смайыл, Намазалы Омашев, Әкім Ысқақ секілді ірі тұлғалар мүше болып отыр.
 
Павлодар облысында «Нұр Отанның» 60 мыңнан астам мүшесі, 420 бастауыш ұйымы бар. Конференцияда Доктрина көтеріп отырған халықтық, адамзаттық құндылықтар бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. Жаңа құжаттың қабылдануы әсіресе жастар тарапынан  қолдау тапты.
 
Азат Серғазин,  жастар ұйымының белсендісі:
Доктринада жастарды, мына ауылдық жердегі жастарды көтермелеу, оларды қалалық маңызы бар қалалардағы жастардың деңгейімен бірдей қылу деген мәселелер қарастырылғандықтан, ауыл жастары осы Доктринаны қолдайды.
 
Жастар - елдің ертеңі! Қазір «Нұр Отанды» қолдайтын, қолдап қана емес партияның беделі мен қарымын артыратын ұсыныстар енгізетін жастар көбейіп келеді. Өйткені биліктегі партияның да жастарға бет бұрысы мықты.
 
Теміртауда өткен «Нұр Отан» партиясының жастар форумында да Доктрина жобасы қаралды. «Нұрлы болашақ жолында» деп аталатын саяси Доктрина ел бірлігін, тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары:
Доктринаның негізгі мақсаты халқымызды, елімізді, жастарды біріктіріп барып, біз болашақта осы қойылған мақсаттарға қалай жетеміз, оны қалай орындаймыз, біз өзіміздің өмірімізді қалай өзгертеміз деген сұрақтарға жауап беруіміз керек.
 
Саяси доктринаның жобасы ғаламторда да қызу талқылануда. Сарапшылар да бұл құжатқа өз бағасын беріп жатыр. Айтпақшы, Доктринаға қатысты сіз де өз ұсынысыныңызды білдіре аласыз. Ол үшін «Нұр Отанның» ресми сайтында doktrina@nurotan.kz электронды адресін тауып алсаңыз болғаны.
 
Әзірге келіп түскен ұсыныстардың қорытындысы бойынша Доктринаның 4 басым бағыты айқындалды.  Олар: жастармен жұмысты күшейту. Қазақ тілінің мерейін арттыру. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, өңірлердің белсенділігін арттыру.
 
«Нұр Отанның» бұл жолғы мерейлі 15-ші съезі бұрынғыдан өзгеше, бұрынғыдан мәнді өтпек. Делегаттар саны бойынша да, еселеп көп. 1200 делегат қатысады деп жоспарланып отыр. Партияның съезі екі күн өтеді, 17-қазанда - секциялық жиындар, ал 18-і күні - пленарлық отырыс. Оған партия төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың өзі қатысады.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ 


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.