01 қаңтар
06:00

 
 
Астанада тағы бір алқалы жиын өтті. Халықаралық емес, дегенмен десі де бәсі де одан бір кем емес. «Нұр Отан» партиясының XV съезі. 1200 делегат, оған тағы екі мыңнан аса мейманды қосыңыз. Сосын ауқымын өзіңіз- ақ шамаларсыз.
 
Съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасын қабылдады. Партияның атауындағы «халықтық демократиялық» деген анықтамаларды алып тастады, сосын эмблемасын өзгертіп, саяси кеңесінің құрамын жаңалады. Хош.
 
Съезде «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, делегаттарды құттықтады. Елде бүгін атқарылып жатқан істерді пысықтады және ертең атқарылуы тиіс шаруаларды түгендеді.
 
 «Қоғамымыз- «Қазақстан - 2050» Стратегиясында айтылған жаңа ұлы мақсаттарға батыл қадам басты. Қазақстан мерейінің XXI ғасырдың ортасындағы тарихи асқақтауы қысқа да нұсқа түрде нақты көрініс тапқан. Стратегияның өзегі - біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға тиіс екеніміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 
«Нұр Отан» - қалайда елдегі ең қауқарлы да белсенді партия. Миллионға жуық мүшесі бар, барлық өңірде бастаушы ұйымдары бар, елдің қоғамдық-саяси өміріне күнделікті қатысып отыратын жігерлі жетекшілері бар, мемлекеттегі ахуалды сараптап-сұрыптап отыратын институтары бар саяси күш.  Президент  бұл партияның басты патриоттық күшке айналуға тиіс екенін де айтты.
 
Осыдан екі күн бұрын БҰҰ бас хатшысы түбірлі  зерттеудің  қорытындысын жария етті.  2050 жылға қарай жаһанда халықтың тең жарымы судан тарығады.
 
Тарығудың соңы - соғыс! Әрине бетін аулақ, бірақ қақтығыса қалса,  ордасын  енді  соғып, бұғанасы әлі қата коймаған  елдерге  тұтастықты сақтап  қалу оңай болмайды. 
 
Барған сайын  өркениеттер  қақтығысын  қолдан жасау, ұлттардың бойына бойкүйездікті білдіртпей сіңіру, мемлекеттердің ішкі ісіне жылыстап кіріп, шаңырағын шайқау күшейе түседі.  Бүгінгі биліктің, елдегі саяси күштердің көздегені - ішкі имунитетті күшейте беру.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Айтатын сөз біреу-ақ. Елдің бірлігі - қазақтың бірлігі. Алтай мен Атырау арасындағы, Алатау мен Қызылжардың арасында жатқан еліміз осы жылдарда  ерлік пен бірліктің үлгісін көрсетті.  Соның арқасында табысқа жеттік. Тәуелсіздікті ұстап қалудың оңай емес екендігін халық білді. 
 
Халық көпті біледі, кемеңгер, бірақ ұлтқа да тәрбие керек. Бұл қалай жүзеге аспақ? Бізде  - ұлттық жоспар бар. Ол - ұзақмерзімді - 2050 жылы үздік отыздыққа ілігуді көздейтін  стратегия.
 
Кең құлашты құжатты түзгенмен, оны жүзеге  асыруға елді жұмылдыра алмасақ, әлгінде алға тартқан  қатерлер  аяқтан  шалса, жоспардың құны қалмайды.  Сол себепті адами құндылықтарды қызғыштай қоритын ұлтты тәрбиелейтін  жанама  идеологиялық жоспар түзу керек болды.
 
 Доктрина  - сол қажеттілікке елдегі ықпалды саяси күштің  жауабы. Партиялардың арасында бас көтеріп, «Нұр Отан» осы  міндетті өз иығына артты. Бұл  кезге дейін партияның   ішкі  құжаттарында  партия негізге алатын құндылықтар  жүйеленбей  келген.  
 
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Амбициялы жоспардың барлығы - мықты, белсенді  халқы бар  елдерде ғана   жүзеге асады. Ал  ұлтты мықты ететін сапалы идеялық құндылықтар. Қоғамда  гуманистік, адамзаттық  сипаттағы құндылықтар әбден  орнығуы керек. Жаңарудың қозғаушы күші - осы құндылықтар. Доктрина сол мақсатқа жұмыс жасайды.
 
Он төрт жылда «Нұр Отанның» съездерінде талай   құжат қабылданды. Бағдарлама, тұғырнамасы бар  толып жатыр. Бірақ бұл құжаттардың  әлеуметтік-экономикалық сипаты басым еді. Ал соңғысы - жаңа Доктрина - басты жеті кұндылыққа негізделеді. 
 
Доктринаның құндылықтары:
Ол - адам, бостандық, заңның үстемдігі,әділеттілік, ынтымақшылдық, болашаққа ұмтылыс пен отбасы және дәстүр.
 
Зиялы қауым да соңғы жылдары руханият қалтарыста қалды, деп дабыл қаға бастаған еді. 
 
Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының депутаты:
Доктрина жобасына «Біздің құндылықтарымыз»  деп аталатын тараудың енгені бізді қуантады. Ол - Қазақстан халқының имандылыққа бағыты мен рухани  қалпын қалыптастыруға   айрықша мән берілгені. Доктринада   тіл туралы табанды ұстаным   бой көрсетуде.
 
Ұлтты - кемеңгер дедік, бірақ ұрпақтың санасында көп ұғым шатасып жүр. Жаппай ғаламданудың өзі тіпті кейбір елдердің ұлттық экономиканы құру тәсілі, бір қарағанда,  керемет шешімдей көрінгенмен, мұндай саясаттың әріге бармасын уақыт нақты мысалдармен көзге көрсетіп берді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің бауырлас араб елдерінде ақшаны әр адамға таратып беріп, барлығын жұмыстан ажыратып алды.Қазір таксиде істейтін өз елінің адамы жоқ. Бәрін өзге елдің адамы істейді. Жұмысті істейтін бір адам жоқ. Бәрін келгендер істейді. Еңбектен қалып қалды. Сондықтан еңбек мемлекеті деген бекер емес. Ал күніне он сағат жұмыс істейтін оңтүстіктегі  кәрістер әлемнің алдында. Күнде демалатын гректердің жағдайын көрдіңіздер.
 
Ендеше қанағат,  еңбек пен  әділетті, отбасы мен дәстүр жайын  қалай дәріптемек «НұрОтан»?  Талай жылғы маңдай терінің  жемісін  көріп отырған  адамдарды нақты мысалға ала отырып.  Сондықтан «Нұр Отан» саяси идеал  ретінде  нағыз еңбек адамын - Елбасының өзін таңдады.
 
Ол кісінің  «мұқалмас ерік-жігері, болашаққа ұмтылысы  - ұрпақ үшін үздік үлгі»,  делінген партия Доктринасында. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздерің білесіңдер, мен он сегіз жасымнан жұмыс істедім. Болат қорытушылардың жалақысы көп болатын. Ол да жетпейтін. Жұмыста  жүргенде  маған пәтер бергенде бірінші қабаты  жоқ екен. Соны күтіп жүріп, 25 шаршы метр үйді алғанда барлық жора-жолдастарым қуанды. Еңбекпен келген дүниенің  - дәмі тәтті.
 
Доктринаның мазмұнын бірлі-жарым топ түзген жоқ. Құжат   екі ай бойы  аймақтарда талқыланды.  300-дей ұсыныс еніп, әбден сүзгіден өтті.
 
Осы  жұмада  мыңнан астам делегат, партия Төрағасының өзі қатысқан  тарихи  жиында  құжат дауысқа салынды, іле- шала   құпталды.  
 
Сауытбек Әбдірахманов, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі:
Бұл  - белестік оқиға. Бұл құжатты   дайындауға қатыстым. Құжаттышын мәніндегі тарихи  құжат деп сеніммен айта алам.  Бұл құжат партияның ХХІ ғасырдағы миссиясын айқындайды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 «Нұр Отан» басқа парламенттік партиялармен, Кәсіподақтар федерациясымен, Азаматтық альянспен, ардагерлер және әйелдер ұйымдарымен, өзге де үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда. «Ақ жол» партиясы және «Коммунистік партияның» парламенттік фракцияларының белсенді әрі жемісті жұмысын айрықша атап өткім келеді, олар қағидатты мәселелерде өздерінің пікірлерін білдіріп, өз ұстанымдарын қорғайды және қарапайым халықтың жақтастары бола біледі.
 
Бұл жиында  партияның  логотипі де  өзгерді.  Делегатардың келісімімен, тарихи он бесінші съездің  төл  белгісі  - партияның ортақ эмблемасына  айналды. Шапағын  шашқан  күн - жаңа жеңістерді  меңзейді,  тау шыңы - саяси құрылымының әлі де биік мақсаттарды бағындыратынына сенім.
 
Ал барыс - тұғырлы тәуелсіздіктің нышаны. Жалпыхалықтың партияның   атрибуттарымен қоса, партия мүшелері төлейтін жарна көбейді,  саяси  кеңес құрамы  да жаңарды. Бір ерекшелігі - бұл құрамда мемлекеттік қызметшілердің үлес салмағы өте  аз.  Есесіне  үкіметтік емес  ұйымдардың  өкілдері көп.
 
Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі:
Қазіргі қойып отырған ең бірінші  мақсатымыз - қоғамдық бақылау механизмдерін күшейту.  Керек болса,  азамат және мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа қағидаттарын құру.  Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар қоғамдық бақылаудан тыс қабылданып жатыр.   
 
«Нұр Отанның» бүгінде  900 000 мүшесі,  тоғыз мың бастауыш ұйымы бар. Үш мың партиялық бақылау  бекеті жұмыс істейді.  Партия мүшелерінің  орташа жасы - 43 жас.  Болашақта қазіргіден де мықты әлеуетке ие болу үшін  партия  жаңа буынның  қажетіне жұмыс жасап, жастардың мүддесімен  санасуы керек. 
 
Сайлаушылардың, қолдаушылардың сүбелі бөлігі - солар. Сондықтан съезде партия төрағасы жастар  саясаты мәселесінде  олқылықтарға жол берген шенеуніктерді бір сыбап  алды. Жастарды  Доктринада  негізге алынған құндылықтарды  басшылыққа алуға шақырды. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы шаруаның барлығы  - жастар үшін  деген сөз болашақ үшін. Ел тәуелсіздігі үшін, Көк туымыз үшін, мәңгілік ел болуы үшін. Келер ұрпақ Отанын суюі керек. Елім үшін деп, еңбек ету керек.
 
Талас жоқ, әділеттік принциптерін негізге алу  арқылы саяси партия  біраз  бедел  жинады.   Халыққа бір табан ғана емес, бірнеше қадам жақындай түсті. Ендігі міндет - қабылданған құжаттың сәтті жүзеге асуы.  
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.