01 қаңтар
06:00

 
Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексінің бірі - білім мен ғылым. Яғни, балаларды мектепке дейінгі оқу-тәрбиемен қамтамасыз етуден бастап, сауат ашып хат тануына, іргелі білім алуына, талабы болса ғылыммен айналысуына жағдай жасау мемлекет үшін маңызды міндет саналады. Себебі, әрбір ұлттың  болашағы білімді, жігерлі жастардың қолында, сондықтан, білімге салынған инвестицияның қайтарымы ұшан-теңіз. «Білекті - бірді, білімді - мыңды жығады» деп білетін қазақ о бастан оқуға құштар халық. «Өнер білім бар жұрттардың тастан сарай салғызатынын, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатынын» Ыбырай заманында кейбіреулер түсінбесе, түсінбеген шығар, ал, қазіргі ата-анаға оны түсіндірудің қажеті шамалы. Себебі, біледі бәрі, «білімдінің өрісі кеңдігін». Еліміздің білім беру жүйесі де бүгінде ешкімдікінен кем емес, заман талабына сай жаңарды, жаңғырды. «Жанамын» дегенге от, «шабамын» дегенге ат беруге дайын білікті ұстаздар шоғыры қалыптасып келеді. Олар оқытқан өрендер кез келгенмен өре таластыратын деңгейге жетті. Жыл сайын қазақтың балалары түрлі пәндер бойынша өтетін Халықаралық олимпиадаларда олжа салады. Әлемнің белді жоғарғы оқу орындарының білім грандтарын ұтып алады осылайша. Сондай білім бәсекесінің бірі - Менделеев атындағы Халықаралық химиктер олимпиадасы. 1956 жылдан Кеңес одағы көлемінде ұйымдастырылып бертінде географиясын ұлғайтқан жарысқа бүгінде Германия, Венгрия, Румыния, Франция елдері да қатысады. Аталған олимпиада 2002 жылы Алматыда өткен болатын, араға 10 жыл салып Астанада болды. Алыс-жақын 20 мемлекеттен 120-дан астам жас химиктер қатысқан бәсеке бүгін аяқталды.
 
Астана апта басында жас химиктерге есігін айқара ашты. Олимпиаданың ашылу рәсімінде Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Олимпиада қатысушыларына арнаған құттықтауын жеткізді.
 
Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:
Қымбатты достар, Сіздерді Қазақстанда өткелі жатқан халықаралық Менделеев олимпиадасына шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін. Бұл жолғы білім форумы жер жаһанның 20-дан астам мемлекетін жинады. Қазақстан индустриялды- инновациялық бағытты ұстанған ел болғаннан кейін химия саласының бүгінгі экономикада маңызы зор. Сіздер үшін бұл Олимпиада үлкен ғылымға жетелейтін тұғыр болатынына кәміл сенемін. Барлықтарыңа осы интеллектуалды сайыста жоғарғы нәтижеге жетуге, ғылыми жаңалықтар ашуларыңа тілектеспін. 
 
 
Валерий Лунин Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін басқарады. Ол бүкіл ғұмырын химияға арнаған жан. Оны академиктің галстугінен-ақ аңғаруға болады. Менделеев кестесін ойынан да, мойнынан да тастамайды. Менделеев олимпиадасын ұйымдастыру ісі де осы кісінің мойнында.
 
Валерий Лунин, химиядан Халықаралық Менделеев олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
Қазақстан үшін бұл олимпиаданы өткізудің маңызы ерекше. Себебі, химия - қазақ экономиканың ең басты тетігі. Жер қойнауынан Менделеев кестесіндегі барлық элемент табылатын ел үшін сол элементтерді өндіруде, игеруде, жаңа технологиялар жасауда химияға кеп тіреледі. Сондықтан, жас дарындарға жол ашатын, шыңдалуына себеп болатын осындай шарадан Қазақстанның ұтары көп деп ойлаймын. 
 
Ардақ Аманбаева  химиктердің бірнеше буынын дайындаған тәжірибелі ұстаз. Менделеев Олимпиадасына 1989 жылдан бері шәкірт қосып келеді. Ұстаздың тәрбиелеп, түлеткен түлектері Қазақстанның химия өнеркәсібін өркендетер атпалдай азаматтарға айналды бүгінде.
 
Ардақ Алмабаева, химия пәнінің мұғалімі:
Химияны жақсы көріп, есебін жақсы шығаратын балаларды «Менделеев» деп кличка қояды. Оның әлі күнге дейін кличкасы сол Менделеев. Шымкентте «Каз Атом промда» жұмыс істейді. Қазір оның баласы оқып жатыр менде. Жарылқасын деген. Ұрпақ жалғастығы деген осы шығар. 
 
Олимпиада 3-кезеңнен тұрды. Алғашқы екеуінде оқушылардың теориялық білімі сарапқа салынды.Қатысушылар химияның әр саласынан күрделі есептерді еңсерді. Сайыстан тыс уақытта қатысушыларға қаланың ойын-сауық, мәдени кешендерін аралап, тынығуына бар жағдай жасалды.
 
Оқжетпес, Жұмбақтас, Абылайхан асуы Менделеев ізбасарлары қазақтың жауҺар жеріне табан тіреді. Көкшенің тұмса табиғаты, кербез таулары, тұнық көлдері, жұпар ауасы, шыршалы ну орманы шетелдік қонақтарды таң-тамаша қалдырды.   Шетелдегі қазақ балалары да қабілет-қарымын байқатып жүр бүгінде. Оған дәлел - Франциядан келген химиктер командасы құрамындағы 2  қаракөз қандасымыз. Әміре мен Дениз зобалаң жылдары ата-бабалары Қытай асып, одан Түркияға ауып, ақыры Парижден тұрақ тапқан қазақ отбасының балалары. Олар жарысып жүлде алу үшін емес, тарихи Отанын көруге келгендерін жасырмады.  
 
Дениз Себухан, Франция құрама командасының мүшесі:
Мен Қазақстанға қайтып оралғым келеді. Осы жерде университетте оқығым келеді. Қазақстаннан бақыт тапқым келеді.
 
Ернар Мыңтай - Тараздың түлегі. Химиядан талай Халықаралық жарыстарда топ жүрген жас өрен бұл жолы да қазақ командасының сапында. 
 
Тілші:
- Ернар, мына судың формуласы қандай?
 
Ернар Мыңтай, химиядан Қазақстан құрама командасының мүшесі:
2О.
 
Тілші:
- Дұрыс, бөлінбейтін бөлшек?
 
Ернар Мыңтай, химиядан Қазақстан құрама командасының мүшесі:
- Атом.
 
Тілші:
- Сұйық металлға не жатады?
 
Ернар Мыңтай, химиядан Қазақстан құрама командасының мүшесі:
- Сынап жатады
 
Тілші:
- Фотосинтез реакциясынан бөлініп шығатын газ?
 
Ернар Мыңтай, химиядан Қазақстан құрама командасының мүшесі:
- Әрине, ол оттегі газы.
 
Тілші:
-   Осы өткен екі кезеңде мұндай қарапайым сұрақтар болмағаны анық. Саған қандай тапсырмалар келді? Қиын болды ма сен үшін?
 
Ернар Мыңтай, химиядан Қазақстан құрама командасының мүшесі:
Иә, тапсырмалар қиын болды, бірақ, олимпиаданың аты олимпиада. Қандай сұрақ келсе де, шығаруға тиіспіз. Есептерді қолымнан келгенше шығардым.
 
Бурабайдан бой жазып келген бойда, балаларды олимпиаданың соңғы, шешуші туры күтіп тұрды. «Экспериментальды» деп аталатын кезең Назарбаев университетінің зертханасында өтті. Оқушылар химиядан білген-түйгенін практикалық тұрғыда көрсетуге тырысты.
 
Химиялық реакциялардың жылдамдығын арттыру үшін катализатор қосады. Ал, олимпиаданың соңғы, эксперименталды туры жас химиктердің теориялық білімін іс жүзінде анықтайтын индекатор десек те болады.
 
Бір аптаға созылған олимпиада қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпы есепте үздік үштікке енді. Ал, медаль саны бойынша бірінші орында. Құрама команда қанжығасында 7 қола, 4 күміс, бір алтын бар. Алтынды иеленген Қайрат Әшім Тараздағы қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы. 
 
Қайрат Әшім, Менделеев олимпиадасының жеңімпазы:
Ендігі осы құдай қаласа, дүние жүзілік Олимпиадаға бару. Және ол жақта да Қазақстанның атын түсірмей, биіктен көрсету. 
 
Химия пәні бойынша ТМД көлемінде негізінде орыстың оқушылары мықты. Біздің ұландар да олармен үзеңгі қағыстырып жүреді үнемі. Осы жолғы жарыста да қазақ балалары өздерінің өресі биік, бәсекеге қабілетті екендігін тағы бір рет дәлелдеді.
 
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.