01 қаңтар
06:00

 
 Қазақта «ырыс, қайда барасың?» десе, «ынтымағы жарасқан елге барамын» деген нақыл бар. Жанжал, ұрыс тұрған жерде ырыстың болмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Сондықтан, кез -келген мемлекеттің ірге бүтіндігі, бейбіт тірлігі береке-бірлік деген діңгекке қазықпа шалып, байланып тұр. Сол байлауды бекемдеп, деміл-деміл ширатып тұрмаса, босаңсып кетуі ықтимал. Ал, бірліктің белбеуін бір босатып алған ел, еңсе тіктемек түгіл, ертоқымы бауырына түскен аттай бетімен кетеді. 90-жылдары Тәжік­станда болған азамат соғысының басты синдромы осы алауыздық еді.  Кулябтықтар, ленинабадтықтар, таулыбадахшандықтар болып үшке бөлініп, билікке таласудың соңы қанды қырғынға әкеліп соқтырды. Тәжік тәжікті аяусыз қырды. Естіген құлақта жазық жоқ, «Тәжікстандағы ахуал Қазақстанды да шарпиды» деген қауесет сол жылдары батыстық басылымдарда ара-тұра айтылып қалатын. Мемлекет болашағын болжап болмайтын, құбылмалы кезең, өлара шақта, тіпті, біздің қоғамның тұрақтылығын шайқағысы келетін пиғылдар да байқалып жүрді. Сондықтан, сандаған ұлт мекендейтін республикамызда ұлтаралық саясаттың ерекше үлгісін қалыптастыру қажеттігі туындады. Тап осы қажеттіліктен 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бір жылдығына орай, Қазақстан халқының форумын шақырып, елдің бәрін ұйыстыра білетін бірлестік құру туралы ұсыныс айтты. Арада үш жыл өткенде Президент идеясы пісіп-жетіліп, бүгінгі Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Содан бері Ассамблея қазақ даласын мекен қылған ұлт пен ұлыстың басын қосып, бағытын айқындайтын басты институт ретінде танылып келеді. Жүз түрлі тіл, жүз түрлі ділі бар жұртты жүз шайыстырмай, шашау шығармай басқару, бірінен бірін бөліп-жармай, бәрін тең атаның ұлындай ұстауда әзірге Қазақстан қамшы салдырған емес. Біреу қызыға, біреу қызғана қарайды. Енді біреу үлгі алып, өздеріне бейімдеп, қолданып көруге пейілді. Жыл сайын Ассамблея мүшелері жиылып, ұлтаралық саясаттың болашағын белгілейтін дәстүр қалыптасқан ілгеріде. Осы апта Елордасында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 19-сессиясы өтті.
 
Әлемдік қауымдастықтың кейбір кеңістігінде бүгінде бейбіт  тірліктен береке кетті. Саяси науқандар бүлікке ұласып, сүттей ұйыған елдердің іргесі сөгілді. Бір елде билік пен бұқара қырық пышақ, енді бір елде  түбі бір жұрт қырқысып жатыр. Қазақ үшін басты құндылық - тәуелсіздік пен татулық. Бағымыз, байлығымыз, берекеміз - бірлігімізде. Ұлттарды ұйыстырып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы. Бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды бұл институт.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ассамблеяның әр сессиясы еліміз үшін тағдырлы және түбегейлі шешім ашады. Біз бүгін тұрақтылық, бірлік, жаңару ұғымдарын басқосудың күн тәртібіне шығарып отырмыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз, бірлік - баға жетпес басты байлығымыз, жаңару – келер күнге кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз болып табылады. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр. 
 
Татулыққа тірек тағы бір құндылық - мемлекет тілі. Ұлттарды ұйыстыру құралы бұл. Қазақтың жаны - тілі екенін түйсінген көп үйренуге талпынып жүр. Құлшыныс қуантады. «Қазақ тілінде бір мүдірмеу - ұлтқа құрмет, халықтың арғы-бергі тарихын тану - азаматтық парызым» дейді белорусь жігіті Халил. Жас ғалым жуырда мемлекеттік тілде кандидаттық еңбегін қорғады. 
 
Халил Маслов, докторант:
Қазақ мемлекеті, қазақ халқы, қазақ елі көне дәуірден-ақ  қандай ұлт болмасын, қай кезеңде болмасын, қандай жағдайда болмасын, құшақ жая қарсы алды бәрін. Ешқайсысын кеудесінен итермей, барлығы тату-тәтті өмір сүріп келеді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек деп мен айтып келемін. Елімізде 10 миллионнан астам қазақ болатын болса, түгел тіл игерсе өздері, байлықтың ең үлкені осы болар еді. Өзіміз барлығымыз игерсек, сөйлессек, осындай орта пайда болатын болса, сонда барлық мәселе өзі шешіледі. Біздің тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс.
 
Бізге  әлемдік инновация, технология, халықаралық бизнестің де тілі керек. Ағылшын озық ілім-білім, жалпы көптің, көш алдындағы елдердің иек артқан тілі. Сондықтан, көп ұзамай мектептерде жаңаша оқыту жүйесі қалыптасуы мүмкін. Білім министрлігі енді шетел тәжірибесін зерделейді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Технологиясы ілгері кеткен елдерде  нақты  ғылыми пәндер - химия, математика, физика  мектептер мен университет қабырғасында  ағылшын тілінде оқытылады. Ал, гуманитарлық пәндер - тарих, әдебиет пен басқалары мемлекеттік тілде өтеді. Бұған мысал - Малайзия. Жергілікті халықтың дені мемлекеттік тілді жақсы меңгерген және ағылшын тілін үйрену арқылы халықаралық деңгейдегі білімге қол жеткізді. Бұл әмбебап педагогикалық шешім. Білім және ғылым министрлігіне осы халықаралық тәжірибені кіріктіруді тапсырамын. 
 
Енді статистикалық мәліметтерді сөйлетсек. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы отыздан аспаған. Бұл ретте «біз тепсе темір түзетін жастардың потенциалын барынша пайдаланып отырмыз ба?» деген заңды сауал туындайды. Қараша айында дейін Үкімет мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасын жасайды. Және биылдан қалмай, жастар саясаты жөніндегі заңнама жаңаруы керек. Жастардың жоғын түгендеуге осы сүбелі құжаттардың септігі көп болар. Бұдан бөлек, жастар ісімен айналысатын арнайы комитет те құрылады.     
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білім және ғылым министрлігінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі комитет құруды тапсырамын. Және осы комитеттің аймақтарда тиісті басқармалары құрылады. Облыстар, Астана, Алматы қаласының әкімдері Жастар ісі жөніндегі аймақтық Кеңестерді өздері басқарсын. Жастар арасындағы ахуалды терең зерттеу керек. Білім және ғылым министрлігіне Еуразиялық университет жанынан «Жастар» атты ғылыми-зерттеу орталығын құруды міндеттеймін. 
 
Президенттің атына хат жазатындар көп. Соңғы бір жарым жылда он мыңнан астам азаматтың аманаты кеп түскен Ақордаға. Елден жырақта жүргендер еміреніп сағынышын жеткізсе, елді сағынып жеткендер «қазақ жері - құт жайлаған мекен» деп ағынан жарылады.  
 
Михаил Панин, Семей педагогикалық институтының проректоры, ғалым:
Аса құрметті Елбасы, мен өзім биологпын. Биологияда «эндемиялық түр» деген болады. Бұлар өзге жерді тез жерсінетін, бірақ, кейін сол өзін жақсы қабылдаған жерін тастап кете алмайтын тіршілік иелері. Олар өз тарихи мекеніне көшсе де, ол жерге сіңісіп кете алмай қиналады. Нұрсұлтан Әбішұлы, қалжыңға сүйеп айтсам, мен де сол «эндемиялық түрге» жатамын. Қазақ халқымен бірге жасап, келешекте мен және үрім-бұтақтарым сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында қазақ тілінің қайнарынан сарқып ішсем деймін. Мен осы елден ешқайда кетпеймін. 
 
19 жылда  Ассамблея халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде елдегі ұлттық мәдени орталықтардың саны артып, әр ұлттық өз тілін, дінін, ділін дәріптеуіне мүмкіндігі бар. Аймақтарда достық үйлері ашылды. Әр ұлт өз мерекесін атаусыз қалдырмайды. Бұл біздегі бірліктің қайталанбас үлгісі. «Әйтсе де, ұйым жұмысын әлі де ширату керек», деді Президент. Бұл мақсатта Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын жаңа стратегиясы түзіліп жатыр. Президент қоғамдық институттың аймақтардағы жұмысын  жетілдіруді мықтап тапсырды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Облыс әкімдері Ассамблеяның аймақтағы хатшылық құрамына беделді, әрі тәжірибелі мамандарды тартуы керек. Менің естуімше, хатшылық құрамына кез -келген адамды  ала береді, онда келіссөз жүргізіп, кеңес бере алатын, толеранттылық тәжірибесін білетін білікті маман отыруы керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жаңа жұмыс форматына көшуі тиіс. Сонымен қатар, ірі жоғары оқу орындарының, ұлттық компаниялар мен мен өндіріс мекемелерінің ұжымдарында Ассамблея жұмысының жаңа түрін зерделеу керек. Бұған облыс әкімдері де жауапты. 
 
Қазақ тарихында қанмен жазылған қаралы екі дата қатар келеді биыл. Бірі - жаппай ашаршылықтың 80 жылдығы мен сталинизм, саяси қуғын-сүргіннің 75 жылдығы. Халықтың сүйегін ақсөңке етіп шашқан қасіретті жылдарда Қазақстанда 1 жарым миллионға жуық адам қырылды. 600 мыңдай қазақ ата қоныстан ауып, үдере көшті. Азалы жылдарды қаперде қалдыруды мақсат тұтқан Нұрсұлтан Назарбаев биыл Астанада ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылатынын жеткізді.
 
Смағұл Елубай,  жазушы: 
Биыл осы ұлттық  қасіреттің 80 жылдығын лайықты атап өтуге пәрмен бердіңіз.  Соны естігенде иығымыздан ауыр жүк түскендей болды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кітабыңды оқып шығып, сол кездегі заманды жаздың ғой «Ақ боз үйде». Сондай ой келді, осыны ұмытпауымыз керек деп ойладым.
 
Смағұл Елубай,  жазушы: 
Рахмет, Нұраға.
 
Қазақ көп қасіретке душар болған халық. Бірақ тарих бізді көп қасиетке баулыды. Бауырмалдық, достық, кеңпейілдік, төзімдік қанға сіңген қасиет. Осы қасиеттердің арқасында «әлем таныған бейбіт елміз» деп мақтана, марқая аламыз. Татулыққа дәнекер болған тұлғаларға құрмет көрсетті Президент, марапаттады. Және мерекемен құттықтап, бірлікті бағалауға шақырды.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ халқының алдында тұрған міндет - енді тарих осылай көпұлтты қылып елімізді жинағаннан кейін, көп ұлттың басын қосып, бірге жүретін болсақ, бізді дүние сыйлайды, төңірегіміз, көрші сыйлайды. Төңірегімізбен тату боламыз, көршілерімізбен тату боламыз. Сауда-саттық жүргіземіз. Елді көркейтеміз. Менің арманым, ойым - біздің еліміз осыны түсінсе екен дейміз. Себебі, ол нағыз, жалғыз бізді алға апаратын жол. 
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.