01 қаңтар
06:00

 
Бұрын күнделікті тұрмысқа қажет құрал-жабдықтарды шетелден сатып алатынбыз. Сауда сөрелері өзге елдің заттарынан самсап тұратын, ал көңіліміз өзіміздің өнімдерді аңсап тұратын. Бүгінде елдегі инновациялық саясат нәтижелі болып, өз қаржымызға жасалған өнімдер қазақтың әр үйінің төрінен табыла бастады.  Ия, қазір елімізде іргетасын өткен ғасырда қалаған іргелі зауыттар да, күні кеше ашылған жаңа өндіріс орындары да бар. Әсіресе, соңғылары  инновацияның соны түрлерімен жабдықталған.  Солардың бірі - Алматы вентилятор зауыты. Желдеткіш құрылғыларын шығаратын отандық жалғыз өндіруші, қазір Алматыдағы үздік инновациялық өндірістің бірі.
 
Алматы вентилятор зауыты еліміз нарығына 2008 жылы кірген. Сонан бері 30-дан астам әр түрлі желдету жүйелерінің құрылғыларын дайындауда. Яғни, желдеткіш қораптарын, ауаны жылытып-суытуды қамтамасыз ететін құрылғылар, торлар, отқа қарсы қақпақтар мен желдеткіш жүйесіне қажет қосалқы бөлшектер жасайды.
 
Зауыт бар-жоғы 150 адамнан тұрады. Әйтсе де, бәсекеге қабілетті. Білікті маман, ғылыми-зерттеу конструкторлық бюросының жұмылуымен аз жылда алға озды. Жапон елінің Кайдзен жаңа технологиялар бағдарламасын қолға алып, өндіріс өнімін 2-3 есе арттырды.
 
Ербол Жақан, зауыттың тұтынушыларды қолдау бөлімінің бастығы:
2008 жылы 5 миллионға өндіріс жасайтын болсақ, 2009 жылы 50 миллионға жасадық. Қазіргі санақтар бойынша 500 миллионға дейін.
 
Жасұлан Дайрабаев, жұмысшы:
Осында істеп жатқаныма 1 жыл болып қалды, дәнекерші болып істеймін. Бізде осында айлық уақытысында төлеп отырады. Жұмыс өзімізге ұнайды.
 
Желдеткіш құрылғыларын шығаратын отандық жалғыз өндіруші 2009 жылдан мемлекет қолдауына ие. «Самұрық Қазына»  ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе жұмыс істеп, өнімдерін өзімізде ғана емес, ТМД елдеріне де шығаруда. Биыл инновациялық жоба аясында субсидия алып, су жаңа қалың металдарды иетін жоғары технологиялы станок сатып алды.
 
Марат Баққұлов, Алматы вентилятор заводының Бас директоры:
Біздің зауыт биыл мемлекеттен 96 миллион теңге инновациялық грант алды. Бұл біз үшін үлкен көмек. Жаңа зауыт салдық, сондай-ақ, осы қаржыға әлемдегі озық технологияны сатып алдық.
 
АВЗ кез-келген тапсырысты қысқа мерзім, арзан бағада орындап, өнімнің сапалы болғанын көздейді. Осы уақыт ішінде өз серіктестері мен тапсырыс берушілердің сеніміне ие өндіріс, жаз шыға жаңа зауытқа кіріп, 100-ден аса өнім түрлерін өндірмек. Сондай-ақ, заманауи басқару технологиясын ендіріп, еңбек өнімділігін үш есе ұлғайтпақ.
 
Жазира ИСАЕВА


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.