01 қаңтар
06:00

 
Келер жылы Қазақстанда Индонезия   жылы, ал, 2014-те Индонезияда   Қазақстан жылы тойланады.   Нұрсұлтан   Назарбаевтың Индонезияға мемлекетттік сапары кезінде   екі ел басшысы осындай келісімге келді. Қазақ басшысының бұл елге сапары кезінде іскер топ өкілдері екі меморандумды бекітті. Осы келісім аясында Қазақстанда көлік дөңгелектерін құрастыратын өндіріс құрылады және қазақ бидайы Индонезияға жөнелтіледі. 
Индонезия – жер бетіндегі тарихы қарама-қайшылыққа толы мемлекет. Суматра аралдарындағы   мол мұнай қорын билеуді көздеген отаршыл мемлекеттер   ел ішіне талай ойран салды. Кезінде Оңтүстік шығыс Азия елі голландықтардың отарында болды, жапондықтардың ықпалына көнді. Тәуелсіздікті тек 1945-те үлкен қантөгіспен жеңіп алды. Сондағы қыршын кеткен 7 мың боздақ «Калибата» кешеніне жерленген. Елдегі ең ірі ескерткіште бүгін қазақ басшысы болды. Ұлт ұлықтаған   батырлардың құрметіне соғылған белгіге  шоқ гүл қойып, әруағына тәу етті. Және құрметті   меймандарға арналған кітапқа жазбасын қалдырды. Бұл – елдің тарихына деген құрмет. 
 
Қазақ басшысының    Оңтүстік Шығыс  Азия еліне мемлекеттік сапармен келуінің екі салмақты себебі бар. Бірі – саяси қатынастарға дем беру,   сол арқылы, екі ел азаматтарының әрі-бері қатынауын жеңілдету. Және екіншіден, бұл елмен бірлесіп жүзеге асыруға болатын жобалардың тиімділігіне көз жеткізу. Индонезия, әрине, шалғай жер, бірақ экспорты, импорты да әр алуан,  экономикасы тың. Қайтарымы тәуір инвестиция салуға талпынып отыр мұндағы бизнес. 
Президент түске дейін елдің   Экономикалық мәселелерін үйлестіруші  министрі   Раджаса Хаттамен кездесті. Екеуара әңгіме   іскерлік байланыстың   келешегіне құрылды. Индонезия соңғы бес жылда экономикалық   реформаларды жеделдетті. Даму жолы бізге өте ұқсас. Нарығы ашық,  икемді. Содан болар, Шығыс Азия аймағындағы алпауыттардан инвестицияны ең көп тартқан ел.   Алты-ақ жылда экспорт көлемін екі есе өсірді.
 
Раджаса Хатта, Индонезияның Экономикалық мәселелерін үйлестіру жөніндегі министрі:
Қазақ Президентінің елге сапарынан кейін біздің байланыс жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенемін.   Әзірге сауда-саттықты   дамытуға басты   кедергі – жер шалғай.   Бірақ   ебін тауып алысты жақын етуге де   болады. Қазір осы қиындықтарды еңсерудің   жолдарын   іздестіріп жатырмыз.    
 
Ахмад Виджай, кәсіпкер:
Қазақстанның   энергетикалық   ресурстарға бай   мемлекет екенін жақсы білемін. Өткен жылы тауар айналымы 35 миллион  доллармен шектелсе, енді бұл көрсеткіш артады деп үміттенемін. Қазақстаннан біздің елге саяхаттаушылар көбірек келсе. Ал, біздің компаниялар бизнес ахуалы тұрақты елге инвестиция бағыттағалы отыр.
 
Ахмат Хусейн,  Бизнес және маркетинг агенттігінің директоры:
Біз делдал компаниямыз. Индонезиялық тауарларды сыртқа сатумен айналысамыз. Тұрмысқа қажетті тауарларды, мата өнімдерін сіздің елге жеткізіп бергіміз келеді. 
 
Оншақты алпауыт компания  бұл елге Президент сапарына орай, көрме ұйымдастырды. Ұсынатын тауарын, қызмет түрін, бизнес жобасын таныстырды. Ал, біздің   тарап бұл елмен сауда-саттық мүмкіндігін соңғы үш жылдан бері   зерттеп келеді.
 
Серік Қарымсақов, Қазақстан-Индонезия іскерлік Кеңесінің төрағасы:
Біздің елден Индонезияны   астық өнімдері және мақта-мата өндіріс және, металлургия саласы қызықтырып отыр. Индонезиядан бізге керегі шай, кофе.
 
«Индофут» компаниясы Индонезияның – тамақ өнеркәсібінің алыбы. Кәсіпорын   ауыл шаруашылығы өнімдерін өзі өсіреді, өңдейді. Дайын өнім Филиппин аралдарына, Жапония, Оңтүстік Кореяға жөнелтіледі.    Кешенді өнеркәсіптің   өз алқабы, бірнеше диірмені, қоймасы бар. Бұл инвестор   қазақтың өз бидайына макарон мен тез дайындалатын тағамдарды илеп беруге әзір. Сондықтан, «Индофут» пен қазақстандық   «Берекет»  компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл компания Қазақстаннан үш жүз мың тонна бидай сатып алатын болды. Ал, «Мультистрада» компаниясы Қазақстанда көлік дөңгелектерін шығаруға келісті.  Бұл компанияның технологиясы жаңа, өнімі сапалы.    
 
Қуандық Бишімбаев, «Самұрық-Қазына»   Ұлттық әл-ауқат  қоры төрағасының орынбасары:
 Қазақстанға және   Кеден Одағы нарығына инвестиция салуға шақырып жатыр. Енді меморандумға қол қойғаннан кейін техника экономикалық негіздемесі жасалады. 
 
Пальма – біздің елге таңсық тропикалық ағаш. Оның майынан  сусабынның түр-түрі жасалады. Біздің ел де мұндай өнімді тұтынады. Бірақ бұл өнім бізге Ресей, Украина арқылы келеді. Сондықтан, қымбатқа шығады. 
Индонезияның кен өндіру саласына негізінен ірі ұлттық компаниялар шоғырланған.   «Петрамина»    мұнай-газ өндірісін   уысында ұстап отырған шешуші өндіріс. Бір күнде бір миллион   баррельден артық мұнай өндіреді,   жылына 85 миллиард текше метр газ шығарады. Бірақ мұнайлы елге тағы да қара алтын керек. Әзірге Таяу шығыстан мұнай тасып отырған ел тәуір ұсыныстарды қарастырып жатыр.  
 
Арван Ахимса,    «Ibris» холдингінің   директоры:
600 миллион баррель мұнайды   Таяу шығыстан тасимыз. Бізді  Маңғыстау аймағындағы   кеніштер, Қарашығанақ   қызықтырады.   
 
Мемлекет басшылары арасындағы жоғарғы деңгейдегі кездесу Индонезияның   «Бостандық»   сарайында өтті. Бұл ескі ғимараттың екі ғасырлық тарихы бар. Нұрсұлтан Назарбаев    Сусило Бамбанг   Юдойономен   алдымен шағын құрамда кездесті.   Сосын президенттер   кеңейтілген келіссөздерге қатысып,    бірлескен мәлімдеме қабылдады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Бұл – Индонезияға екінші сапарым. Мені   бұл мемлекеттегі үлкен өзгерістер таң қалдырды. Осы даму қарқыны   сақталса, Индонезия    әлемдегі   алып   он   экономиканың қатарына кірігеді. Екі елдің мақсат-міндеттері жақын. Қазақстан индустрияландыру, инновация жолында   дамып келеді. Ал, Индонезия 2025-жылға дейін    мықты   экономика   қалыптастырғалы отыр.   Бұл біздің де мақсатымыз. Саяси салада екі елді жақындастыру   үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі    келіссөздер жемісті болды.   Энергетика,   көлік   құрастыру, ауыл шаруашылығы   саласында, тамақ өнеркәсібі, шағын және орта бизнестің келешегі бар. Кейбір   салаларда   бірлескен кәсіпорын   құру жөнінде келісімге келдік. 
 
Сусило Бамбанг Юдойоно, Индонезия Республикасының президенті:
Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен көп мәселелерде   ойымыз бір жерден шықты.   Соның     ішінде экономика, дәлірек, инвестиция, сауда, энергетика   саласында әріптестікті кеңейтуге келістік. Біз бидай тасымалы, мақта, мата өнімдері,   машина жасау саласында,   мұнай қорын барлауда   әріптесіп жұмыс жасаймыз.  
 
Индонезияда қазақ елшілігі ашылды. Бұл құрылымның   ізін ала екі елдің іскер топ өкілдерінің   басын біріктіретін тағы бір орган, Мемлекетаралық комиссия немесе   Іскерлік Кеңес құрылады. Келер жылы екі ел арасында дипломатиялық   қатынастың   орнағанына – 20 жыл. Соған орай,   Қазақстанда Индонезия жылы,   Индонезияда Қазақстан жылы атап өтілмек. Екеуара   әңгімеде халықаралық мәселелер де назарынан тыс қалған жоқ.  
 
Нұрсұлтан   Назарбаев, ҚР  Президенті
Қазақстан   Индонезияның    Азия және Тынық мұхиты елдерінің қауымдастығына    төрағалығымен құттықтаймын. Және бұл елмен   Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы    өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес шеңберінде    әріптесіп жұмыс жасауға әзір. Біз   Индонезияны Азиядағы өзара іс-қимыл және    сенім шаралары жөніндегі Кеңеске толыққанды мүшелікке   кіруге шақырамыз. Халықаралық ұйымдар    шеңберінде байланысымызды    жандандыра түсуіміз керек.
 
Бүгін екі елдің сыртқы істер министрлері   ынтымақтасу ниеті туралы хаттамаға қол қойды. Бұл    іскерлік байланыстың көкжиегін кеңейтіп, екі елдің де инвестициясын қорғайтын құжат. Және жол қатынасын   жеңілдедетін келісім де бекіді.   Қазақстан мен Индонезияның дипломаттары, қызметтік төлқұжаты бар азаматтар    үшін енді виза рәсімдеу тәртібі жойылмақ.  
Индонезия    географиялық   жағынан тиімді жерде орналасқан. Малакка бұғазы   Еуропа мен Азия, Үнді мұхиты мен Тынық мұхиты арасындағы    алтын көпір. Емін-еркін жүк тасымалдауға болатын үлкен кемелер қазақтың бидайы мен мұнайын   алысқа   аттандыруға мүмкіндік берер еді. Біздің тараптың бір көздегені осы.
Индонезия үшін Қазақстан да Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсындағы тартымды   нарық. Бір кездері шектеулі болған сауда алаңы   Кеден Одағы арқылы үлкен кеңістікке ұласты. Содан болар, біздің аймаққа Оңтүстік шығыс Азия елі   енді ғана   назарын аударды. Екі тарап та ынтымақтастық нетижелі боларына сеніммен қарайды. 
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
 


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.