01 қаңтар
06:00

 
Астана ең тыныш, ең таза қала болуы керек. Елбасы Елорда басшылығына осындай міндет жүктеді. Бүгін Президент Назарбаевтың төрағалығымен, бас қаланың бүгіні мен ертеңі сараланған жиын өтті. Президент Астана әкімдігіне де, Үкіметке де бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, Мемлекет басшысы ұрлық-қарлықты айтпағанда, тіпті, жүріп келе жатып, аузындағы сағызын сылп еткізіп  көшеге тастай салған адамды үш тәулікке дейін қамауға алуды ұсынды. Тәртіп күшеймек, яғни, Астанада.
«Мәңгілік ел» монументінің маңы келешекте осылай көркейеді. Қағаз бетіндегі сұлу сұлба көзді ашып-жұмғанша өмірде құлпырып шыға келуі керек. Президент құрылыс компаниясының басшысынан сұрады, «осы қолыңнан келе ме?» деп. Астана 15 жылда адам айтса сенгісіз өзгерді. Сыртқы келбеті де, ішкі коммуникациясы да тұтастай толықты. Әрине, мұның барлығы қыруар қаржының арқасында жасалды.
Астананың былтырғы  бюджетінің көлемі 353 миллиард теңге. Көз жүгіртсек, халқы 4-5 есе асатын Украина астанасы Киевтен бұл бір жарым есеге, ал, Беларусь астанасы Минскіден 2,5 есеге көп екен.
Ақшаның жайы белгілі, Астанадан аянып қалмақ емес ешкім. Ал, оның қайтарымы бар ма?
 
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:  
Кто это может провести расследование по земельным делам? Кто может, Полиция или Финполиция? Вот проверь, что за люди эти. И выйдете на больших чиновников и назовите имена.
 
Елбасы әрлі-берлі, әлдебіреулердің қалауына қарай саудаланып жатқан Астанадағы жер телімдері мәселесін көтерді. Шарықтаған бағасы емес-ау, заңсыз сатылып жатқаны қиын. Қанша адам қыруар қаржысына сатып алып, зар қақсап жүр. Мұны Президент Ішкі істер министрі Қалмұхамед Қасымовқа мықтап тапсырды, «түбіне жет» деп. Ақмола облысының әкіміне де міндет жүктелді. «Елорда өзіне қажетті азық-түліктің 17 пайызын өндіріп отыр» деп ауыз толтыра айтқан қала басшысының баяндамасын Елбасы бөлді. «Ақмола облысымен неге бірлесіп жұмыс атқармайсыңдар?», - деп төтеден сауал қойды.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев,  ҚР Президенті:  
15 пайыз деген аз мынау. Екі әкім бірге келісіп, тиісті облыстардың ауыл шаруашылық мамандарын шақырып, әр тауар өнімімен «сүт, нан қанша?» деп барлығын нақты келісуге болады, солай ғой. Сол үшін сендерге ақша бері жатырмыз ғой, қаланың төңірегіннде көбірек болсын деп.
 
Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған жеңіл емес пе? Елбасының да айтпағы сол болды, қалаға жақын ауылдарда азық-түлік белдеуін жасау. Тапсырмамен бірге, Елбасы ұсыныс тастады. Тәртіпке қатысты. Көшеде келе жатып, аузындағы сағызын жабыстырып, не сылп еткізіп түкіріп кететіндерді 3 тәулікке дейін қамауға алу туралы.    
  
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
«Ұсақ бұзақылық» деп еш қылмысқа көз жұмуға болмайды. Көшенің қақ ортасына сағыздарын тастап, езіп кететіндерді ұстап, саусақ іздерін алып, тіркеу керек. Келесі бір қолға түскенде алдынан шығып тұрады. Бір ретке ескерту жасалса, екінші мәртеге әжептеуір айыппұл салынса, үшінші рет мүмкін 3 тәулікке қамау керек шығар. Жауапкершіліктің барын білсе, үлкен қылмысқа бармас.
 
Қылмыс демекші, бүгінде Астана бұл жағынан еліміздің өзге қалаларынан қалыс қалмай келеді. 1,7 пайызға, тіпті, алда кейбірінен. Президент қалада букмекерлік кеңселердің қаптап кеткенін де тілге тиек етіп, түп-тұқиянын тексеруді тапсырды құзырлы органдарға. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет те  назардан тыс қалған жоқ. Алдағы бір-екі жылда 11 емхана, 10 балабақша, 5 мектеп тұрғызылып, халықтың игілігіне берілмек.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Біздің Астана сүйікті Елордамыз. Қазақстанның мақтанышы, сыртқа көрсететін әдемі қаламыз, беті жүзі, өңі, бәріміз бірігіп жұмыс істейтін болайық.
 
Ал, жүктелген тапсырманың қалай орындалатынын Мемлекет басшысы өзі бақылап отырады.
 
Қамар ӘМІРЖАНОВА


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.