01 қаңтар
06:00

 
Қазақ Президентінің Малайзияға мемлекеттік сапары аясында біздің Ұлттық арна тілшілері «Азия ғажайыбының» авторы, Малайзияның төртінші Премьер-министрі Махатхир Мохамадпен сұхбаттасты. «Бір кездері Кеңес Одағынан ірге бөлген белгісіз мемлекет бүгінде Еуропа мен Азияның табысты дәнекеріне айналды. 20 жыл ішінде әлемдік тәжірибенің озығын сіңірген Қазақ елі бірегей сара жол тауып, келешекке нық қадам басты» дейді сексен жеті жастағы доктор Мохамад.
 
Ол өмір бойы кедейшілікпен күресті. Реформатор болды, бойкүйездерге аяусыз қатаң шара қолданды. Әрі беймағлұм, жоқшылық қамытын киген мемлекетті қабылдап алып, әлемнің дамыған еліне айналдырды. Жұртшылық мамандығы дәрігер доктор Мохамад емдей алмайтын кесел жоқ санады. Кежегесі кейін кеткен мемлекеттің науқасын ол дөп басты. Барын салды, жанын салды. Жиырма екі жыл саналы ғұмырын Малайзия мұратына арнады. Аты аңызға айналған Доктор М Қазақстанның да ізгі ниет тілеулесі. 
 
Қанат Әуесбай, тілші:
- Құрметті Доктор мырза, тәуелсіздік алған тұстары ел Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің даму стратегиясының моделін «Азия жолбарыстары» атанған Малайзия, Сингапур секілді елдердің даму жолымен бастады. Қазақстанның бүгінгі дамуына қандай баға бересіз?
 
Махатхир Мохамад, Малайзияның төртінші Премьер-министрі:
- Қазақстан көптеген ұлттар мен ұлыстардың құқықтарын сақтауды ел саясатының басты бағдары етіп алды. Сөйтіп, өз сара жолын тапты. Сол халық жұмыла жұдырық болып, елді дамытуға деген құлшынысы болу керек. Бұл құлшынысты мен қазір байқап отырмын. Ендеше, бүгінгі жетістік сол құлшыныс пен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев басшылығының жемісі. 
 
Бір кездері ит тұмсығы өтпейтін джунглиден көз ашпаған мемлекет бүгінде әлемдік озық ондық экономикалар қатарынан көрінбек. Дәрігердің басқару әдісін жұртшылық "шок терапиясы" атайтын еді. Маркасы малайзиялық көлік құрастыру, әлемдегі ең биік ғимарат салу, ғарыш бағдарламасын әзірлеу, жаңа астана салу. Алғашқыда сандырақ сияқты көрінген бастамалар біртіндеп сәтті іске асып жатты. «Азия ғажайыбының» авторы қазір Қазақстанның да «Еуразия ғажайыбына» айналып жатқанын жасырмады.   
        
Қанат Әуесбай, тілші:
- Малайзия инновация мен заманауи технологияның тілін таба білген елдер қатарында. Индустрияландыру жолына түскен Қазақстан үшін сіз басқарған жылдарда қолға алынған «Мультимедиялық дәліз» жобасы ерекше маңызға ие. Бүгінгі Елордамыз Астана қаласы «Ақылды қала» инновациялық жобасының базасы. «Ақылды экономиканы» құру жолында қандай кеңестер біздің ел үшін пайдалы болмақ?
 
Махатхир Мохамад, Малайзияның төртінші Премьер-министрі:
- Қазақстан, ең бастысы, өз дамуында әлем елдерінің озық тәжірибелерін үйренуден тайсалмайтын қасиетін бөле-жара атап өтер едім.   Жақсы тұстарды сіңіре отырып, өзіндік даму жолын тапқан қазақ елі қазірде «ақылды экономиканың» негіздерін берік қалап жатыр. Ал, түбінде бұл негіз одан сайын тереңдей береді деп ойлаймын. Ендеше тәжірибені ұтымды пайдалану арқылы Қазақстан бұдан да зор табыстарға жетеріне сенімім кәміл.  
 
Сексен жеті жастағы Махатхир Мохамад ақсақал әлі де тың. Нағыз абыздық шағына келген малайзиялық көсем қазір жазушылық қызметке бас бұрған. «Doctor in the House», қазақшаласақ, «Үйіндегі доктор» аталатын ғұмырнамада автор «Азия ғажайыбының» құпиясын ашуға тырысады. Яғни, бұл басшылықтан кетсе де әлі де аттан түспеген Доктор  М-нің де құпиясы.          
 
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.