01 қаңтар
06:00

 
Индустриялды инновациялы даму бағытына көшкен Қазақстан көп салалы экономиканың негізін қалап, бүгінде өркендеу қарқынын үдетті. Өрлеу жолы ұқсас мемлекеттің бірі Малайзия да бұл тарапта бай тәжірибесімен бөлісуден шет қалып отырған жоқ. Екі елдің алыс-берісін бағамдаған Малайзияның бұқаралық ақпарат құралдары осыған жіті көз жеткізіп отыр. Малайзиялық журналистер қазірде жиырма жылдық тәжірибесі бар Қазақ елінің өнегесін өзек етіп, мәлімет таратуды әдетке айналдырған. Қазақстан Президенті Малайзияға мемлекеттік сапары қарсаңында ақпарат құралдарының біздің елге қызығушылығы артып отыр. Малайлық әріптестерді Қазақстан несімен қызықтырды?
 
Көк байрақтан көз алмаған журналист  Малайзиядағы Ұлттық ақпарат агенттінің бас редакторы. Қазақ Президенті Малайзияға сапарлайды дегесін, еліміз туралы көбірек құлағдар болуға бекініпті. Мемлекетті жіті тану үшін алдымен мемлекеттік рәмізді зерделеген беті осы. Айтуынша, аз ғана жылдар белесінде аяғына нық тұрған Қазақ елін Малайзиямен көп құндылық ортақтастырады. Жетістік.                 

Дотук Енг Су Хенг, Малайзия ұлттық жаңалықтар агенттігінің бас редакторы:
Малайзия 57 жылы тәуелсіздігін алған соң, небәрі араға елу жыл салып, әлемдегі индустриалды дамыған, мұсылман мемлекетіне айналды. Бұл сара жолдың сүрлеуімен Қазақстан да келе жатқанын байқаймыз. Кезінде өндірісі өркен жайған елге айналуды көздеген амбициялық бағыт өміршеңдігін көрсетті. Қазақстан да  дәл солай. Білуімше, индустриалды инновациялы бағытқа бет алған елдеріңіздің саясаты сәтті жүзеге аса бастады.          

Қазақстан Президентінің Малайзияға сапарына мұндағы «Бернама» телеарнасы да зор мән беріп отыр. Қарыстап емес, қарыштап дамуының құрметіне «Азия жолбарысы» атанған Малайзияны қазір Қазақстан да өкшелеп, өркен жайып келеді. Сонысы үшін ғаламдық қауымдастықта «Еуразия барысы» да атанды дейді телеарна қызметкері Мұхаммед Насер Юсуф. Шынайы баға.        

Мұхаммад Насер Юсуф, «Бернама» телеарнасының шеф редакторы:
Малайзияның кереметі мен Қазақстанның табысын бөле-жара қарастыра алмаймын. Дамудың даңғыл жолын төтенше тез тапқан мемлекеттердің феномені некен-саяқ дер едім. Сол некен-саяқтың арасында Қазақстанның аты ерекше аталады. Мен мұны қалтқысыз айтар едім. Ендеше Малайзияның ақпарат құралдары Қазақстан феноменіне қанша көп көңіл бөлсе де артық етпейді. Біз келешекте Қазақстанда меншікті тілші ұстасақ деген ойымыз да жоқ емес.

«Бернама» - Малайзиядағы аса ірі бұқаралық ақпарат құралы. Азия және Тынық мұхиты елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымының мүшесі қазір әлемнің алпауыт мемлекеттерінен хабар таратады. Вашингтон, Лондон, Мельбурн, Токио мен Делиден де жылдам мағлұмат алғызады. Телеарнадан бөлек, «Бернама»  радиосы бар аса ірі медиақұрылым. Яғни, беделді БАҚ.   

Қызыл ала жалаудың желбірегені - Малайзияның асқақ беделі.  Ендеше, аз ғана жылдар  ішінде аяғынан қаз тұрған Қазақстанның Малайзиядан алар тәжірибесі әлі де көп. Бай тәжірибені паш етуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де алатын орны орасан. Өйткені, журналистер болмаса, Малайзия экономикасының бүгінде әлемдік жетекші экономиканың бірі екенін білмес едік. Өйткені, журналистер болмаса, бір кездері дәл Қазақстан сияқты  шикізатқа тәуелді болған, тәуелсіз Малайзияның бүгінде аса ірі электротехника өндірушісі, аса ірі теңіз саудагері, әлемдік қаржы орталығының бірі, туризм ордасы екенін білмес едік. Мұның барлығы көпсалалы экономиканың нышандары.


ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты  



Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.