01 қаңтар
06:00

 
Қазақстан дербестік алғалы білімпаз жастардың жаһанның озық оқу ордаларында оқуын ынталандырды. Бұл үшін президенттік «Болашақ» бағдарламасын әзірлеп, бәсекеге қабілетті білім алуға жағдай жасады. Сөйтіп, жат жұрттың беделді университеттерінен оқу түгескен жастар бүгінде елдегі түрлі саланың тізгінін ұстап, абырой биігінен көрініп жүр. Бұл Малайзиядағы Технология және инновация университетінің директоры Датук Сингхтың пікірі.
 
Малайзиядағы Тынық мұхиты технология және инновация университетін Қазақстанға ұқсатып айтатын болсақ, Кіші Халықтар Ассамблеясы деп айтуға болады. Өйткені, 17 жылдық тарихы бар  бұл жоғары оқу орнында қазір әлемнің 93 мемлекетінен 18 мыңға жуық студент оқиды. Оның жеті жүздейі - қазақстандық. Малайзиядағы қазақ студенттері сабақтан бос уақытында немен айналысады? Біз қазір соны білетін боламыз.      
 
«Малайзияда оқып жүр талай қазақ баласы». Абай сөзінің өңін өзгертіп айтсақ солай болып шығады. Абай «интернатта оқып жүр» деген қазақ бүгінде интернетпен жарақтанған. Заманына қарай баласы. Ұлы ақын үміт артқан ұрпақтар араға екі ғасыр салып, Абай әнін жат жұрттың қара домалақтарымен бірге Малайзияда шырқатады. Бір кездері Малайзия туралы беймағлұм болған қазақ бүгінде демалысын өткеріп, перзентін оқытуға бейіл осында. Қисынды-ақ. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары білім-ғылымды өрлеткен саясаттың арқасында Малайзия жоғары оқу орындары әлемде үздіктер санатында. Ағылшындық білім жүйесіне бағдарланған білім ошақтары ғалам студенттері арасында зор сұранысқа ие. Доктор Датук Сингх, әсіресе, қазақ жастарының талабына тәнті екенін жасырмады.                   
 
Датук Пармжит Сингх, Азия Тынық мұхиты технология және инновация университетінің атқарушы директоры:
Біздің университетте оқитын әлемнің әр түкпірінен келген балалардың ой-өрісін сараптап отыруға мүмкіндігіміз бар. Рас, мұнда тек мықтының мықтысы болмасаң, оқу қиынға соғады. Кесіп айтарым, көптің арасында қазақ балалары өте қағылездігімен көзге түседі. Сондықтан, біз «Болашақ» бағдарламасымен келген жастарды барынша қолдап, қолпаштап отырамыз. Ал өз бетімен түскендерге елу пайыз жеңілдік жасауға тырысамыз.
 
Малайзиядағы қазақ студенттері бір қауым ел. Мұндағы барлық университеттерде Қазақстаннан екі мыңнан аса талапты жас оқиды. Оқу өз алдына, қазақ жастары қоғамдық жұмыстарға да белсенді. Қазақстан туралы қазақ және ағылшын тілдерінде газет шығарады. «Мy kaz» аталатын басылым Малайзия мен Қазақстан жастарының дәнекеріне айналған. Бір жылдан бері Малайзиядағы қазақ студенттерінің қауымдастығы да жұмыс істейді.
 
Димаш Көккөз, Малайзиядағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығының мүшесі:
Бос уақытын қызықты өткізуге, мысалға, турнирлер, мейрамдар, көптеген мерекелерді ұйымдастырып береміз. Ал КСМ өзі өте пайдалы. Өйткені, біз қазір мақсаттанып отырмыз,  мысалы, видео түсіреміз деп, роликтер ше. Реклама секілді жібереміз. Қазақстан студенттерінің қалай жүріп, қандай өмірі бар екенін көрсетеміз осы Малайзиядағы Қазақстан студенттерінің.  
 
Сабина Аманбай, Малайзиядағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығының мүшесі:
Мен қауымдастықта жаңалықтар топтамасын әзірлеймін. Бізге қауымдастықта жұмыс істеген өте ұнайды. 
 
Қауымдастық құрылған екі жылда атқарылған шаруа аз емес. Жастар мемлекеттік мерекелерімізді атап өтіп, қазақтығымызды паш етеді. Әсіресе, Малайзиядағы тәуелсіздіктің жиырма жылдығы малайлық қоғамның есінде үлкен әсер қалдырды.
 
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.