01 қаңтар
06:00

 
 

Ақмола облысының Бұланды ауданында бүгінде Ұлы Отан соғысының 26 ардагері бар. Сол қатары сиреген қарттардың  бірі -Жақия Қанқожаұлы. Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алған соғыс ардагері елге тек 50-шы жылы ғана оралған. Құдықағаш ауылының тұрғыны бозбала Жақия соғыс басталғанда мектепті бітіріп жатыр еді. Жұрт қатарлы мектеп бітіру кешіне барды. Бозамықтап таң атқанда соғыстың басталғанын ол да естіді.
 
Алып ұшқан жүректер ертеңіне-ақ майданға сұранып, жүріп жатты. Әскери комиссариат бозбаланың бойының кішкентай, салмағының аздығына қарап оны сол жерде ат қараушы болып қалуға ұсыныс жасайды. Бірақ бірбеткей жігіт соғысқа өз еркімен аттанады. Бір топ сарбазды алдымен Петропавл қаласында оқытып, кейін Украинаға жібереді. Кескілескен шайқас кезінде жарақат алып, госпитальға түседі. Айығып  шыққан сарбазға тағы да жұмысқа қалуға ұсыныс жасалады.   
 
Жақия Қанқожаұлы, Отан соғысының ардагері:
Олар да, менің бойым кішкентай деп аяп, іштері ауырып тұр ғой. Мен айттым, жоқ мен барамын, немістердің «порыхын» иіскедім, не болса да барамын дедім. Жарайды деп арқамнан қақты.
 
Жақия Қанқожаұлы енді жаңадан құрылған 4-ші танкішілер бөлімшесіне алынады.  Сол әскери құраммен Берлинге дейін жетеді. Соғыс бітті, деп Берлиннің сыртын қоршап тұрған Кеңес жауынгерлеріне тағы бір шайқасқа түсуге тура келеді. Чехословакияда беті қайтпаған жаудың үлкен армиясы тұр еді. Оны жою осы әскери жасаққа тапсырылды. Кеңестік мықты әскер жедел Прагаға жетіп, қаланы жаудан азат етеді. Сол қанды шайқаста Жақия Қанқожаұлы тағы жарақат алады. «Жергілікті халыққа ризамын, олар маған, яғни жаралы солдатқа көп көмек көрсетті»,- деп еске алады ардагер.
 
 Туған жеріне 1950-ші жылы оралған жауынгер Өткен жылы ғана тосын хабар алды.Чехословакиядан ардагерге «Праганы жаудан азат еткені үшін» медалі жіберіліпті.  
 
Жақия Қанқожаұлы, Отан соғысының ардагері:
Бір күні телефон шыр етті. Көтерсем, орысша, бірақ сөздері біртүрлі. Мен ойнап тұрған достарым шығар дегенмін. «Здраствуй, Жакия», дейді. «Это говорит, Прага, мы вас поздравляем как нашего освободителя», деп айтты. Сөйтсем, «полчаным» бар, Астанада тұратын сол айтыпты мен туралы.
 
 Соғыстан соң Жақия Қанқожаұлы Аршалы, Бұланды, Ерейментау аудандарында еңбек етті. Қазір Макинка қаласында тұрады. Жастарға берер ақыл-кеңесі бар. Қарттың хал-жағдайын, денсаулығын сұрап аға буынмен қатар өскелең ұрпақ та жиі келеді. Ұлы Жеңіс мерекесі кезінде соғыс ардагерін бүлдіршіндер де құттықтайды. Бұл ардагер үшін қуанышты сәттің бірі.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.