01 қаңтар
06:00

 
Сұм соғыстың өрті шарпымаған қазақ отбасы кемде кем. Талай боздақ Отанына оралған жоқ, сүйектері жат жерде қалды. Кескілескен ұрыста елге оралғандары «Жеңіс солдаты» атанды. Дей тұрғанмен, уақыт өткен сайын олардың қатары сиреп барады.  Жеңістің 67-ші көктемін қарсы алмаққа қамданған ардагердің бірі - Садихан Қазыбаев. Бота тірсек бозбала шағынан аттанды майданға. Украинадан бастап, Еуропаны түгел аралап, соғысты жапон жерінде аяқтаған.
 
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, 18-ге толар-толмасында әскер қатарына алынған Садихан Қазыбаев періштесі қолдап, оқ пен оттан аман оралды. Бүгінде тоқсанды алқымдаған қарт түбітмұрт шағында 73 дивизия құрамында Украинада алғаш ұрысқа кірген екен. «Жас болдық. Сонда да ел тағдыры маңызын жақсы түсіндік. Жауға деген кек бізді қайрай түсті» дейді Жеңіс сарбазы.
 
Садихан Қазыбаев, соғыс ардагері:
Харьковке алдында немістер болған екен де, шығарыпты, немістер екінші рет кірген екен. Қараймыз, Харьковтен масқара ғой, түк қалған жоқ қой. Екі-үш рет әлгіндей көрдік көретінді.  
 
Соғыс болған соң, қатер қасыңда тұрады. Харьков қаласы маңында ауыр жараланып госпитальға түседі. Жазылып шыққан соң өжет жауынгер өзі сұранып майданға қайта аттанады. Румыния, Венгрия, Чехословакия елдерін азат етуге қатысқан ол жеңісті Прагада қарсы алған. Бірақ, жауынгердің жорықты жолы Жапонияда жалғасады. Елдің дәмі тартып, отанына оралған Садихан ата бүгінде 7 баласынан немере-шөбере сүйіп отыр. Соғыстың тауқыметін майдан ғана емес, тылдағылар да тартты.
 
Рабиға Қазыбаева, еңбек ардагері:
Еркектің бала сияқты, мен үйдің әлгі басы. Шығып, қар күреймін, шығып, мал жайғаймын, шешем біреудің ісін тігіп тамақ асырап жатыр бізді. Сонда мынадай қарды лақтырып жатсам, әкем келе жатыр. Құдай, әлгі келіп құшақтап жылап «құлыным, құлыным, сен мынадай бейнет көріп жатсың ғой» деп. Сондай замандар болды.
 
Садихан ата 1947 жылы елге оралып, туған жері Жамбыл ауданында 38 жыл бойы орманшы болып еңбек етті. Қазір Петропавлда бәйбішесі екеуі Жеңістің 65 жылдығына орай мемлекет тарапынан бөлінген пәтерде. Көпті көрген қария елдің бүгінгі жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, жаратқаннан оның амандығын сұрап отырады.
 
Садихан Қазыбаев, соғыс ардагері:
Жылы жерге кіргізіп қойды. Екінші, міне, қыс қыстап, жазға жылтиып жатырмыз.
 
Бүгінде қатары сиреп бара жатқан ардагерлер қандай құрметке болса да лайық. Олар - көненің көзі, тәрбиенің мектебі.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.