01 қаңтар
06:00

Кеше Астанадағы  Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті.
Сессия барысында  Елбасы  баяндама жасап, Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайына тоқталды. kaztrk.kz  баяндаманың толық мәтінін назарларыңызға ұсынады.

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Қадірменді отандастар!

Сессияның қонақтары!
 
Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясы 19-шы сессиясының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
 
Ассамблеяның әр сессиясы еліміз үшін тағдырлы және түбегейлі шешімге жол ашады.
 
Біз бүгін тұрақтылық, бірлік, жаңғырту ұғымдарын басқосудың күн тәртібіне шығарып отырмыз.
 
Тұрақтылық - біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.
 
Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз.
 
Жаңғырту - келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз.
 
Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр.
 
Үндестігі мол үйлесімді үштаған - мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы.
 
Бүгін осы ұғымдардың төңірегінде пікір алысып, болашақта бұл ұғымдарды нығайтып, іс жүзіне қалай асыратынымызды әңгімелейтін боламыз.
 

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Құрметті қонақтар!

Ассамблея сессиясының күн тәртібіне маңызды біртұтас үш мәселе енгізілген.
 
ТҰРАҚТЫЛЫҚ, БІРЛІК, ЖАҢҒЫРТУ - Қазақстан қоғамының шешуші құндылықтары.
 
Олар табысты Қазақстан жолының негізін құрайды.
 
ТҰРАҚТЫЛЫҚ - тәуелсіз Қазақстан дамуының базалық шарты болған, болып отыр және бола береді.
 
Қазақстандық тұрақтылық - бұл 700-ден астам жаңа мектеп, 750-ден астам жаңа емхана, аурухана мен медицина орталықтары. Бұл - жаңа пәтерлер мен үйлерде қоныс тойларын тойлаған бір жарым миллион қазақстандық.
 
Міне, еліміз екінші онжылдық тұрақты экономикалық өсім жағдайында дамып келеді.
 
2020 жылға дейін біз тағы бір жарым миллион қазақстандықты еңбекке орналастыруды жоспарлап отырмыз.
 
Индустрияландыру картасы бойынша 2014 жылға дейін 100-ден астам жаңа өндіріс орындары құрылатын болады.
 
Осы жылы индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін қаржы көлемі 1,3 миллиард долларға ұлғаяды.
 
«Бизнес-2020» Жол картасын орындау толық көлемінде жүріп жатыр.
 
Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсететін мұндай бағдарлама әлемнің бірде-бір елінде жоқ.
 
Ал бізде бұл бағдарламаға тек 2012 жылы ғана шамамен 37 миллиард теңге бөлінеді.
 
Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша жұмыс істейтіндердің жалпы саны 130 мың дерлік адамды құрайтын бір мыңнан астам кәсіпорынға қолдау көрсетілуде.
 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 1500-ге жуық жұмысын енді бастаған бизнесмендер шағын несиелер алды.
 
Бір шағын несиенің көлемі 1,8 миллион теңгеден асады.
 
Үстіміздегі жылы шағын несиелеу шығындары 3,5 есеге ұлғайып, ал алушылар саны 8 мыңнан астам адамға өсетін болады.
 
Біз халықтық ІРО жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік.
 
ІРО халықтық рыногына 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен «ҚазТрансОйл», «KEGOC», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», ҚТЖ, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» және басқа компаниялар кіретін болады.
 
Халықтық ІРО бағдарламасы - тек жаңа жаппай жекешелендіру емес.
 
Бұл - лайықты өмір сүретін қуатты жаңа меншік иелерінің табын құру үдерісі.
 
«ТКШ-ны жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыруға 2012 жылы 16 миллиард теңге бөлінді.
 
Бұл бағдарлама әр өңірді, әр қаланы, әр кент пен ауылды қамтиды.
 
Біздің денсаулық сақтау саласы жыл өткен сайын дами түсуде.
 
Ең соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталған денсаулық пойыздары шалғайдағы 200-ден астам пункттегі 100 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетті.
 
Қазіргі кезде 183 телемедицина орталығы жұмыс істейді, олардың арқасында шамамен 200 мың пациентке қашықтықтан консультациялар жүргізілген.
 
Бүгінде Қазақстанда Ұлттық медициналық холдинг арқауында жүректің жасанды сол жақ қан қуысын ауыстыру бойынша ғаламат оталар жасалды.
 
Осының арқасында Қазақстан кардиоимплантациялар технологиялары қолданылатын 22 дамыған елдер қатарына қосылды. Біз, тұтастай алғанда, кардиологияға қатысты мәселелерді шештік.
 
Жалпы алғанда, бүгінде қазақстандықтардың 87 пайызы өздерін әлеуметтік тұрғыдан орнықты сезінетінін және болашаққа сенімділігін атап көрсетуде.
 
Қазір бүкіл әлем жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын алаңдаушылықпен күтіп отыр.
 
Тіпті дамыған елдердің өзінде экономикалық қиындықтар үдеп, әлеуметтік шығындар қысқаруда, мемлекеттік қарыздар өсуде.
 
Ал біз Қазақстанда жаңа зауыттар, фабрикалар құрып, шағын несиелер берудеміз, зейнетақыны, жәрдемақыны және ең­бекақыны ұлғайтудамыз.
 
Кез келген дағдарысқа дайындық деген, міне, осы.
 
Қазақстандықтардың БІРЛІГІ - бұл Қазақстанның алға басуының кері бұрылмайтынының баға жеткісіз кепілі.
 
Әлемде мемлекеттің этномәдени бірлестіктерді, Достық үйлерін, театрларды, мектептер мен БАҚ-тарды мұндай кең ауқымды қолдайтын ел аз.
 
Бүгінде қазақстандықтардың 92 пайызы елдегі этносаралық ахуалды оң бағалайды.
 
Барлық қазақстандықтардың болашағы ортақ.
 
Мұны сайлаушылардың абсолютті көпшілігі «Нұр Отан» партиясын қолдаған президенттік және парламенттік сайлаулардың нәтижелері тағы бір мәрте көрсетіп берді.
 
Қазақстандық бірліктің негізі - азаматтық құқықтар мен бостандықтардың теңдігі.
 
Мәселен, бүгінде Қазақстандағы сөз бостандығы, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, толық көлемінде қамтамасыз етілген.
 
Осы саладағы іс барысы бізде ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және тағы басқа құрылымдардағы кез келген әріптестеріміздегіден айтар­лықтай жақсы және сәтті. Партия құрылысы мәселелерінде біз ешкімнен қалып келе жатқан жоқпыз.
 
Іс жүзінде біз баспасөз қызметін қамтамасыз етуде еуропалық үлгі-қалыптарға барынша жақынбыз.
 
Ал бірқатар айқындамалар бойынша, мәселен, зорлық-зомбылық пен қатыгездік, терроризм мен экстремизм идеяларын таратпауды бақылау жөнінен біздің заңнамаларымыз әлемнің көптеген елдеріне қарағанда айтарлықтай жұмсақ.
 
ЖАҢҒЫРТУ - жаһандық дамудың императиві.
 
Бүгінде әлемде экономиканы дамыту, адамдар өмірін жақсарту үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашатын жаңа технологиялық революция пісіп-жетілуде.
 
Қазақстан осы үдерістерде Біртұтас экономикалық кеңістіктегі әріптестерімен қатар жүруі тиіс.
 
Сондықтан барлық қазақстандықтарға индустриялық-инновациялық дамудың, әлеуметтік жаңғыртудың, өңірлік және жаһандық интеграцияның тағдыршешті тарихи міндеттерін сезіну маңызды. Жаһандық әлем мен жаһандану тежелу үстінде. Өңірлік интеграциялар барынша үлкен рөл атқаруда. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ - экономиканы нығайту, тәуелсіздік пен еліміздің болашағы үшін қажеттілік және игілік.
 
 
 
Қымбатты отандастар!
 
Мен еліміздің түкпір-түкпірінен тұрақты түрде жылы сөздер жазылған хаттар алып тұрамын.
 
Тек соңғы бір жарым жылда менің атыма Ассамблея желісі бойынша шамамен 10 мыңдай хат келіп түсті.
 
Олардың әрбір жолынан барлық Қазақстан халқының ризашылықты және ақжарқын көңілі көрінеді.
 
Қазақстандықтар біздің бейбітшілік пен жасампаздық саясатымызға шынайы қолдауын білдіреді.
 
Қостанай облысының Люблинка ауылынан Виктория Георгиевна Костенко былай деп жазады: «Біз Германияға кетеміз деп шештік, бірақ осында жан-жүрегімізді қалдырғандай болдық. Мен ол жақта Қазақстанның байтақ даласынсыз, туған әуенсіз тұра алмадым.
 
Отаным туралы, ең бастысы - бірге тұрған адамдар туралы естеліктермен, күнделікті күйбең тіршілікпен және үмітпен күн кештім. Енді мен қайтадан үйімдемін - өсіп-өркендеген және биіктіктерді бағындыра түскен елімдемін.
 
Біздің жерімізде қашанда бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!».
 
Рахмет, Виктория Георгиевна!
 
Мен сіздің тілегіңізді барлық қазақстандықтарға жеткіземін!
 
Бүгінде жаһандық әлем бірліктің формуласын іздейді және оны осы жерден біздің Қазақстаннан табады.
 
Менің жақындағы кездесуім барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Ассамблея қағидаттарын - өзара құрмет пен толерант­тылықты - «БҰҰ қағидаттары деген, міне, осы» деп атап көрсетті.
 
Осының барлығы біздің еліміздің дұрыс жолмен келе жатқанын айғақтайды.
 
Бүгінде кез келген этностық немесе діни ұстанымдағы қазақстандық - өз елінің тең құқықты азаматы.
 
Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамның біріктіруші ядросы ретінде көрінуде.
 
Бұл үдеріс объективті жүріп жатыр.
 
Мемлекеттік БАҚ-тардың 70 пайызы қазақ тілінде шығады.
 
Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды.
 
Біз 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойып отырмыз.
 
Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек.
 
Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді.
 
Бұл тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!
 
Мен тіл туралы мәселе - саясат мәселесі емес екенін талай айтқанмын.
 
Саяси шешім баяғыда, Конституция мен тиісті заңдар қабылдануымен алынған болатын.
 
Тіл туралы мәселе саяси саудалаудың тақырыбы бола алмайды.
 
Енді бұл практикалық мәселе.
 
Экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың маңызды қыры - тілдердің үштұғырлығын дамыту.
 
Іс жүзінде барлық қазақстандықтар орыс тілін біледі. Бұл - біздің жоғалтуға болмайтын ортақ байлығымыз.
 
Қазақстандықтар үшін инновациялар, технологиялар мен бизнес әлеміне терезе ашатын ағылшын тілінің маңызы мен рөлі артып келеді.
 
Бүгінде кез келген дамыған елде тұрғындардың абсолютті көпшілігі 2-3 тілде еркін сөйлейді.
 
Сондықтан технологиялық тұрғыдан ілгері кеткен елдерде химия, математика, физика, биология сияқты жаратылыстану пәндері мектептер мен университеттерде көбіне-көп ағылшын тілінде оқытылады.
 
Ал тарих, әдебиет және басқа гуманитарлық пәндер ана тілінде оқытылады.
 
- Мұның ең жаңа мысалы Малайзия тәжірибесі.
 
Онда халықтың басым көпшілігі елдің мемлекеттік тілін тамаша біледі, бірақ оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұлай болмаған жағдайда, деп есептейді олар, ел технологиялық тұрғыда әлемдік қоғамдастықтан кейіндеп қалады. Бұл - әмбебап педагогикалық қадам.
 
Сондықтан бізге де ағылшын тілін оқу қажет.
 
Білім және ғылым министрлігіне осындай халықаралық тәжірибені ендіру мәселесін тапсырамын.
 
Құрметті сессияға қатысушылар!
 
Биылғы жылдың үлесіне біз ұмытпауға тиісті бірден екі дата дөп келіп отыр.
 
Бұл - 30-шы жылдардың басындағы жаппай аштықтың 80 жылдығы мен сталинизмнің жаппай саяси репрессиясының шегіне жетуінің 75 жылдығы.
 
Бұл қасіреттердің орны толмайды.
 
Ең жалпылама есеп бойынша аштық пен аурудан Қазақстанда, Беларусьте, Ресейде және Украинада 7 миллионнан астам адам көз жұмған.
 
Сол кезде аштықтан қаза тапқандардың бір жарым миллионнан астамы Қазақстанға тиесілі.
 
600 мың қазақ аштық пен аурудан құтқарыламын деп туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.
 
Тек 1937-1938 жылдары, ресми дерек бойынша, Кеңес Одағы аумағында НКВД органдары бір жарым миллионнан астам адамды тұтқындаған.
 
Біз мұны ұмытпауға тиіспіз!
 
31 мамырда біз жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз.
 
Осы күні Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылатын болады.
 
Сол бір қатыгез дәуірде қазақ халқының қонақжайлығы мен Қазақстанға күштеп қоныс аударылған барлық этностардың өзара қолдауы арқасында республика ауыртпалықты кезеңнің қатыгез жылдарына шыдас бере білді.
 
Кейінгі кезеңде біз бірлік пен келісім құндылықтарын қоғамның іргетасына, біздің айрықша қазақстандық толеранттылықтың негізіне айналдыра алдық.
 
Біз бұл құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір келер ұрпағына ұқыптылықпен жеткізе білуіміз керек.
 
Қымбатты достар!
 
Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш-жігер жұмсауды қажет етеді.
 
Біріншіден. Қазақстандық толеранттылықты нығайту - бәрінен бұрын, Қазақстан халқы Ассамблеясын нығайту мен дамыту.
 
Менің тапсырмам бойынша ҚХА-ны 2020 жылға дейін дамыту стратегиясының жобасы әзірленді.
 
Бізге Ассамблеяның өңірлердегі жұмысын сапалық тұрғыда күшейту қажет.
 
Өздеріңіз білесіздер, Мәжілісте Ассамблея бейбітшілік, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша партияаралық ынтымақтастықтың депутаттық тобы құрылды.
 
Іс жүзінде бұл түрлі партиялар депутаттарының өзара іс-қимылының жаңа тетігі.
 
Өте сауатты қадам. Бұл тәжірибені облыстық мәслихаттар деңгейінде де тарату қажет.
 
Облыс әкімдері хатшылық меңгерушілерінің сапалық құрамына назар аударуы тиіс.
 
Оларда тәжірибелі және беделді кадрлар жұмыс істеуі керек.
 
Сіздердің назарларыңызды ҚХА құрылымының облыстардың, Алматы және Астана қалаларының ресми деңгейінде шектеліп қалмауы тиіс екендігіне аударғым келеді.
 
Жоо-лардың, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың ірі ұжымдарындағы Ассамблея жұмысының жаңа пішіндері туралы мәселені зерттеу қажет.
 
Ассамблея - біздің ұлттық игілігіміз.
 
Сондықтан оның өңірлік филиалдары жұмысының тиімділігі үшін облыс әкімдері дербес жауап береді.
 
Белгіленген барлық көзқарастарды ескере отырып, ҚХА-ны 2020 жылға дейін дамыту стратегиясын жетілдіріп, қабылдау қажет.
 
Екіншіден. Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады.
 
Дін - адам жаны мен моралінің саласы.
 
Әрбір дін уағыздайтын жоғары құндылықтар - Исламның, Православиенің, Католицизмнің, Протестанттықтың діни ілімдері әркезде де мемлекеттен қолдау табатын болады.
 
Бір айдан соң біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Төртінші Съезін қабылдайтын боламыз.
 
Оны өткізу ХХІ ғасырдағы әлемді қалыптастырудың маңызды қағидаты ретіндегі жаһандық толеранттылықты орнықтыру ісіне қосқан Қазақстанның ең ұлы сыйы.
 
Бүкіл діни бірлестіктермен өзара байланыстарды нығайту үшін Қазақстанда Дін істері жөніндегі агенттік құрылды.
 
Жастарды жалған діни топтар ықпалынан қорғау жөнінен тиімді шаралар кешенін қалыптастыру қажет.
 
Үшіншіден. Менің тапсырмама сәйкес Үкімет Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде.
 
Тұжырымдамада жергілікті жерлердегі этносаралық және дінаралық өзара байланыстардың барлық қырлары ескерілуі тиіс.
 
ҚХА осы құжатты әзірлеуге белсенді атсалысуы керек.
 
Құрметті сессияға қатысушылар!
 
Халық Ассамблеясы мәжілістерінде біз ел дамуының ең маңызды мәселелерін талқылаймыз.
 
Бүгін әлеуметтік жаңғыртудың бірқатар жаңа аспектілерін көтергім келеді.
 
Қазір қарапайым адамның мүддесі бірінші кезекке шығып отыр.
 
Қоғамда әділ де лайықты еңбекке деген кең көлемді сұраныс бар.
 
Менің қаңтардағы Жолдауымда осынау халықтық сұранысқа жауап басты орын алды.
 
Мен әлеуметтік әділеттілік туралы егжей-тегжейлі баяндадым.
 
Индустрияландыру - әншейін мақсат емес.
 
Біздің басты мақсатымыз - Адам, оның мүдделері, тағдыры, білім алуы, еңбекке орналасуы, сапалы тұрғын үй. Жаңа кәсіп­орындар, өнеркәсіптің жоғары өндірісті нысандары жоғары кәсіби мамандарды талап етеді. Демек, Қазақстанда өмір өзгеріп, өзіміз айтып жүрген орта тап өсіп шығады.
 
ХХІ ғасырдағы табысты экономика - әлеуметтік жауапкершілік пен әділеттілік экономикасы.
 
Біздің халық экономиканы жаңғыртуға белсенді атсалысуда және бүкіл жұмыс берушілер тарапынан әділетті қарым-қатынастар күтеді.
 
Өнімді еңбек үшін әділ табыстарды қамтамасыз ету қажет.
 
Еңбектің және кәсібиліктің беделін толық көлемде қайта қалпына келтіру қажет.
 
Біздің Жаңаша индустрияландыру дәл осыған бағытталған.
 
2020 жылы барлығы бір жарым миллион адам еңбекке орналастырылатын болады.
 
Біз инновациялық экономиканы құрудамыз, әрбір адам: «Мен - қазақстандықпын, менің елімде мен үшін барлық есіктер ашық!» деп айта алатындай әділ қоғам орнатудамыз.
 
Қазақстан - жас ел, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға әлі жеткен жоқ.
 
Қазақстанның болашаққа серпінді ұмтылысында мен сіздерден зор үміттер күтемін, менің жас отандастарым!
 
Қазақстан жастарының білім алуы, лайықты еңбек етуі, тұрғын үйге ие болуы, спортпен айналысуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.
 
Тұрғындарды орта біліммен қамту көрсеткіші бойынша біз Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне қатысушы 182 елдің ішінде 18-ші орын аламыз.
 
600 мыңнан астам адам техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылған.
 
Тәуелсіздік жылдары ішінде біздің жоо-лар 2,4 миллионнан астам маман даярлады.
 
«Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам жас мамандарды тарту үшін 2012-2014 жылдарға республикалық бюджетте 21,6 миллиард теңге қарастырылған.
 
Бүтіндей алғанда, «Ауыл жастары», «Дипломмен - ауылға!» және «Жасыл ел» жалпыұлттық жобаларын қаржыландырудың жиынтық көлемі бүгінде 37,7 миллиард теңгені құрады.
 
«Жасыл ел» бағдарламасының белсенділерінің өзі бүкіл ел бойынша 43 миллионнан астам көшет отырғызды.
 
Бұл дегеніңіз 80 мың гектар жаңа орман алқабы.
 
2020 жылға дейін жас отбасылар үшін 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы қарастырылуда.
 
Қазақстанда әрбір төртінші мемлекеттік қызметші - жас маман.
 
Жастардың спортпен айналысуы үшін жағдай жасалуда.
 
Тек өткен жылы ғана мың жарымнан астам жаңа спорт нысандары ашылды.
 
Жұмыстың маңызды бағыты - жұмыспен қамту және жастарды еңбекке орналастыру.
 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» сияқты бағыт табысты жүзеге асырылуда.
 
Осы мақсаттар үшін үстіміздегі жылы 2,7 миллиард теңге бөлінді, ол 15 мың жас түлекті қамтуға жағдай жасайды.
 
Озық индустриялы елдерде - Германияда, Англияда, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда - жұмысшы кадрларды даярлаудың дуалдық жүйесі өзін жақсы жағынан көрсетті.
 
Осы жүйе бойынша кәсіптік мектептер оқушылары бір мезгілде өндірісте тағылымгер болып табылады.
 
Даярлаудың осындай жүйесін Қазақстанда да кеңінен енгізу қажет.
 
«Самұрық-Қазына» қорына арқаулық кәсіпорындар тізімін белгілеп, дуалдық модельді бірте-бірте енгізудің жоспарын әзірлеуді тапсырамын.
 
Бұл біздің жаңа индустрияландыру үшін кадрларды даярлауды жаңғыртуымызға жағдай жасайды.
 
Оның үстіне Индустрияландыру картасы аясында құны 9,6 триллион теңге болатын алты жүзден астам жоба жүзеге асырылуда.
 
Жастар үшін барлығы 370 мыңдай дерлік жұмыс орындары құрылуда.
 
Өздеріңіз көріп отырғандай, қазақстандықтардың жаңа буынын қолдау үшін мемлекет барлық қажетті жағдайларды жасап отыр.
 
Біз бұл жұмысты жалғастыруымыз керек.
 
Біріншіден, Үкіметке үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін менің қарауыма Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінге арналған тұжырымдамасының жобасын ұсынуды тапсырамын.
 
Екіншіден, үстіміздегі жылдың соңына дейін біздің заңнамаларымызды мемлекеттік жастар саясат мәселелері бойынша жаңарту қажет.
 
Үшіншіден, Білім және ғылым министрлігі құрылымында Жастар саясаты жөніндегі комитет, ал өңірлерде - тиісті басқармалар құруды тапсырамын.
 
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері өңірлік Жастар істері жөніндегі кеңестерді тікелей өздері басқаруы тиіс.
 
Төртіншіден, қазір жастар үшін жаңа әлеуметтік лифтілер қалыптастырудың маңызы өте зор.
 
Мемлекеттік қызмет тиімді әлеуметтік лифтілердің біріне айналуы үшін біз бұл бағытта қазірдің өзінде көптеген істер атқардық.
 
Тек өткен жылы ғана Мемлекеттік қызмет істер агенттігі кадрлық резерв аясында 2 мыңнан астам адамды, негізінен жас мамандар, жұмысқа орналастырды.
 
Бірақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жұмысқа орналасу және еңбек жолын бастауда жағдайлардың бірдей еместігі жастар үшін ең маңызды мәселе болып табылатынын көрсетіп отыр.
 
Жақсы, кейде тіпті сапалы шетелдік білім ала отырып, жас маман жұмысқа орналаса алмайтын және өз әлеуетін жүзеге асыра алмайтын жағдайлар да аз емес.
 
Үкіметке жастар үшін әлеуметтік лифтілер қалыптастыру жөнінен заңнамалық және әлеуметтік-экономикалық шаралардың жүйелі дестесін әзірлеуді тапсырамын.
 
Бесіншіден, жастар арасындағы үдерістерге терең зерттеулер жүргізу қажет.
 
Білім және ғылым министрлігіне Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы мәселені ойластыруды тапсырамын.
 
Алтыншыдан, «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажет.
 
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырамын.
 
Азаматтық альянстың және жастар ұйымдарының бастамасымен менің Жолдауыма қолдау ретінде бүкіл ел бойынша «Болашақ бүгіннен басталады!» акциясының басталғанын білемін.
 
Оның аясында мен жастармен кездесулер өткізуге дайынмын.
 
ҚХА істен бейтарап қалмай, жастар проблемаларына көбірек көңіл бөліп, жоғарыда аталған шараларға белсенді қолдау көрсетуге тиіс.
 
«Нұр Отан» партиясымен бірге осы жұмыстарға қатаң бақылауды жолға қою қажет.
 
Құрметті отандастар!
 
Бүгінде біздің азаматтарымыз үшін барлық есіктер, барлық мүмкіндіктер, барлық жолдар ашық.
 
Біз көппіз және біз бәріміз - бір елміз, бір халықпыз.
 
Сондықтан бүкіл саяси күштер, бүкіл қазақстандықтар басты мақсаттарға жету жолында топтасуы тиіс.
 
Ол - бірлік пен тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқатының артуы, дені сау және білімді ұлт.
 
Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу - әрбір отандық саясаткердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы.
 
Алдымызда Қазақстан халқының бірлігі күні жақындап келеді.
 
Мен баршаңызды осынау біздің ортақ мерекемізбен құттықтаймын!
 
Құрметті қауым!
 
Қазір біздің бірлігі жарасқан еңселі ел, зайырлы мемлекет екендігіміз баршаға аян.
 
Татулық пен тұрақтылықты қалыптастыруға Ассамблея айрықша үлес қосты.
 
Бірліктің берекелі бесігіне айналған бұл құрылымның алдағы уақытта да көп жұмыс атқаратынына сенемін.
 
Ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген еліміз өркендей түссін!
 
Түрлі халықтың тағдырын тоғыстырып, тұтастығын сақтаған Қазақстан жасай берсін!
 
Тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз - татулық болсын!
 
Баршаңызға табыс тілеймін!
 
Астана, 27 сәуір.


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.