01 қаңтар
06:00

 
Ақтауда Жаңаөзен ісі бойынша өтіп жатқан соттың 7-ші тыңдалымы басталды. Бүгін жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тәртіп сақшылары сөз алды. Түске дейін Жаңаөзен Ішкі істер басқармасының 3 қызметкері оқиғаның қалай болғанын бастан аяқ айтып берді. Бірақ, сот процесі өтіп жатқан кезде бір айыпталушының денсаулығы сыр беріп, есінен танып қалған.
Бүгін 10-ға жуық полицейден жауап алынды. Арасында Жаңаөзен қаласының Ішкі істер басқармасы басшылығынан бастап қарапайым қызметкерлеріне дейін бар. Залда отырған айыпталушы Фархат Дүйсенбаев полицейдің беріп жатқан жауабына қанағаттанбай ызаға булығып, есінен танып қалды. Ол дереу залдан шығарылып, медициналық көмек алды. Сот төрағасы Аралбай Нағашыбаев процесті он минутқа тоқтатып, Дүйсенбаев есін жиғаннан кейін мәжілісті ары қарай жалғастырды.
 
Гүлнәр Жуасбаева, қорғаушы:
Дүйсенбаев Фархаттың ереуіл кезінде әкесі қайтыс болған. Сондықтан болар, ашуланып есінен танып қалғаны. Жәбірленушілердің 33-і тәртіп сақшылары. Олардың әрқайсысын тыңдау үшін біраз уақыт қажет.
 
Дүйсенбаевтың қорғаушысы қорғалушысының денсаулығына байланысты, оны үйқамаққа жіберу туралы өтініш жасады. Медициналық тексеріс өткізіліп, сот төрағасы талап арызды қанағаттандырмады. Сондай-ақ, бұған дейін қорғаушылар тарапынан әр аптаның бір күнін үзіліс күні деп жариялау туралы жасалған ұсыныс та қолдаусыз қалды.
 
Арман Жәменов, қорғаушы:
Бізде мүлде демалыс жоқ. Айыпталушылармен тек сенбі күні кездесеміз. Уақыт жетпейді. Демалыс күндері өздеріміздің тіршілігіміз бар. Біз сот төрағасынан тағы да әр апта сайын бір күн демалыс беру туралы өтініш жасайын деп отырмыз.
 
Шәмшадин Аманғали Жаңаөзен қаласындағы оқиға бойынша құрылған Қоғамдық комиссияның мүшесі. Соттың өту барысын қадағалауға келген. Кеше олар қорғаушылармен тілдесіп, сот процесі жайлы пікірлерін білді.
 
Шәмшәдин Аманғали, Жаңаөзен қаласындағы оқиға бойынша Қоғамдық комиссия мүшесі:
Нақты-нақты сұрақтар дайындықсыз болып отыр деп есептеймін. Оған да себеп бар. Қорғаушылардың айтуына қарағанда, процесс күнде болып жатыр. Сондықтан, дайындалуға үлгермейміз деген ұсыныстар айытылып жатыр.
 
Бүгін сөз алған тәртіп сақшылары  «кінәлілер жауапқа тартылып, тиісті жазасын алсын» деп отыр. Себебі, денсаулықтарына зақым келген. Тіпті, ереуіл кезінде бас сүйегі сынып, үш күн ес жимастан жатқан полицей де бар. Бүгінгі сот осындай болды. Келесі отырыс, яғни, сегізінші тыңдалым, ертең әдеттегідей сағат онда басталады.
 
Бақытжан ОМАРОВ


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.