01 қаңтар
06:00

 
Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін 5-інші отырысы өтті. Бұған дейін 20 шақты жәбірленуші арыздарынан бас тартса, бүгін тағы 10 адам шағым-талаптарын қайтарып алды. Ал, денсаулығына байланысты арызданған айыпталушылардың тілегін сот қанағаттандырмады. Дәрігерлер оларды «ауруханаға жатқызуға негіз жоқ» деген шешім шығарды.
Бүгінгі соттың отырысында 20-дан аса жәбірленушіден жауап алынды. Олардың дені арыздарынан бас тартып отыр. Тек «Халық банкі» өкілдері мен 8 миллион теңгеге дейін шығын тартқан ірі сауда орындарының иелері «залалды мемлекет өндіріп берсе» деген ниетте.
 
Толғанай Төкенова, жәбірленуші:
Менің ойымша әділ өтіп жатқан сияқты. Менің үйімнің жартысы өртеніп кеткен, жәбірленушімін. Ағаш үйімнің ұлы жобасы аман, алып кеттік мәшінге тиеп. Арыздан бас тарттым.
 
Бұған дейін азаматтық талап-арыздарын 20 шақты жәбірленуші қайтарып алған. Олар тартқан шығынды айыпталушылардан емес, мемлекеттен өтеп алмақ.
«Әлеуметтік әріптестік орталығы» Қоғамдық қорының төрағасы Әлібек Байнешовтың пікірі осындай.
 
Әлібек Байнешов, «Әлеуметтік Әріптестік Орталығы» қоғамдық қорының төрағасы:
Кәсіпкерлердің тарапынан өтініштерін алуы, бұлар біріншіден, айыпталушылардың үстерінен тақпаған, соларға жаппаған шығындарды үкіметтің тарапынан алу мақсатында өздерінің жаңағы, айыпталушылардың үстінен жазған өтініштерін қайтарып алып отыр. Жаңаөзен кішкентай қала. Тұрғындардың дені бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан, моральдық тұрғыдан олар бір-біріне сыйластықпен қарап, өздеріне бір-біріне деген бәлкім басқа да бір жағдайларға байланысты, бір-біріне кешіріммен қарайды. Бұл екіншіден. Сол себептен, өтініштерін кері қайтарып отыр.
 
Ал, сотталушылардың туған-туыстары «сот процесі әділ өтсе екен» деп тілейді.
 
Ескендір Мұхаммедов, сотталушы Расул Мұхаммедовтің әкесі:
Сот өтуі, пока, көңілге жай сияқты. Әділетті өтуіне тілектеспіз. Кінәсіз балдар жазықсыз отырмасын дейміз.
 
Бұған дейін айыпталушылардың арасынан 10 адам денсаулығына байланысты сотқа арызданған болатын. Бірақ дәрігерлерден құралған комиссия оларды «ауруханаға жатқызуға негіз жоқ» деген қорытынды жасады.
 
Жасын БІРКЕНОВ, Бақытжан ОМАРОВ
 



Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.