01 қаңтар
06:00

 
 

Маңғыстау облысындағы Кендірлі демалыс аймағынан емдеу - сауықтыру орталығы ашылғалы көп болған жоқ. Емдеу орны негізінен мұнайшыларға қызмет көрсетеді. Орталықтың әр он күн сайын 100 адамға ем жүргізуге мүмкіндігі бар. Мұнда балшықпен, сүлікпен, тіпті марал мүйізінен алынатын дәрілік панта сұйығымен емдейтін бөлмелер де бар.
 
Мұнай алу өндірістегі өзіндік құпиясы бар сала. Денсаулыққа да елеулі әсер етеді. Сондықтан, мұнай кәсіпорындары басшылығы осы сала жұмысшыларының денсаулығына көп көңіл бөлуде. Кендірлі демалыс орны соның жемісі. Соңғы үлгіде салынған сауықтыру орталығындағы пантамен емдеу бөлімінде күн сайын 20 адам сырқатына шипа табады. Кешендегі 4 блоктан тұратын емдеу- сауықтыру орнында бар жағдай жасалған.
 
Алмагүл Марқабаева, аға дәрігер:
Сүлікпен емдеу, физопроцедуралар кабинеттері, терапевт, физотерапевт, сүлік дәрігері, терапевт дәрігерлері бар барлық адамдарды қарағаннан кейін олардың қарсы көрсетілімдерін қарап отырып, әр адамға жекеше тағайындаймыз.
 
Қонай Ќұдайбергенов терең шыңырауларға қызмет көрсету басқармасының жүргізушісі. Бұрын еліміздің басқа аймақтарына барып демалатын. Енді жақыннан Кендірлі дұрыс болды. Мұнда емделіп жатқанына 9 күн болыпты. «Едәуір тынығып қалдым», дейді ол.
 
Қонай Құдайбергенов, емделуші:
Демалыс жақсы ғой. Балшығы бар, суы бар құдайға шүкір. Қызметкерлер жақсы, оларға сөз жоқ.  Жақсы қарсы алып жатыр ғой. Жаман емес.
 
Орталықта емделушілерге 68 маман қызмет көрсетеді. Оның алтауы білікті дәрігер, 35-і медбике. Одан бөлек, 24 кіші қызметкер бар. Бәрі де жаңаөзендіктер. «Өзенмұнайгаз» Өндірістік Филиалы   мұнайшылардың денсаулығына бей-жай қарамай, тағы да 2000 жұмысшыға жолдама бергелі жатыр.
  
Мұхамбеткерді Сүйітов, «Өзенмұнайгаз» ӨФ ақпараттық талдау орталығының бас сарапшысы:
Ол да ем алуды қажет ететін азаматтарға тегін үлестірілуде. Сонымен бірге, сауықтыру орындарына кәсіподақ тарапынан да жолдамалар бар беріліп отырған. Расын айтқанда, қазір Өзен кен орны игеруші мұнайшыларды сауықтыру орындарына баруына, демалуына толық жағдай жасалған. Ешқандай кедергілер жоқ. Мүмкіндіктер көп.
 
Ем пәрменін арттыру мақсатында орталықта қосымша мүмкіндіктер қарастырылуда. Тағы бір марал мүйізінен алынатын панта сұйығын құятын арнайы ыдыстың қойылуы соның дәлелі. Оның сыртында қосымша сауықтыру бөлмелерін ашу көзделуде.
 
Сәбит ҰЛЫҚПАН


Құрметті оқырмандар! Пікір жазғанда ар-намысты қорлайтын, жала жабатын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын, алауыздықты өршітетін сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз.
Аты: 

Сіздің пікіріңіз модератордың тексеруінен кейін жарияланатын болады.