Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Корпорация туралы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасын, «Балапан», «Kazsport» телеарналарын, Қазақ радиосын, «Шалқар» Ұлттық арнасын, «Астана», «Classic» радиоларын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Мекеме Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.

«Қазақстан» – мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын Ұлттық телерадиокорпорация. Тұрғындарды қамту жағынан ол, сөзсіз, алдыңғы орында. Ел тұрғындарының 98,63 пайызы хабарларымызды көріп, тамашалай алса, Қазақ радиосын тұрғындардың - 88,74, «Шалқар» радиосын - 61,31 пайызы тыңдай алады. Сондықтан да, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен аймақтық телерадиокомпанияларының толқындары анық таралатын аймақтарға кіретін Қазақстандағы ауыл тұрғындарының, кем дегенде, жартысы үшін теледидар ақпараттық және мәдени қажеттілікті, білім алуды, демалысты ұйымдастырудың басты құралы. Сонымен қатар, 14 облыста «Қазақстан» телеарнасының аймақтық филиалдары бар.

Корпорацияның хабар тарату саясаты ақпараттық, ағартушылық, ойын-сауықтық бағыттағы ақпарат берумен, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын, гуманизм идеяларын және Қазақстан халықтары арасындағы достықтың даңқын арттыру мен насихаттаумен сипатталады. Біз азаматтардың ел жетістіктерін мақтан тұтуларына, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға ықпал етеміз. Біз түрлі бағыттағы ақпараттар тасқынында жас мемлекетіміздің әрбір тұрғынына дұрыс бағдар беруді, ертеңгі күнге деген сенімділігін орнықтыруды, өзінің азаматтық ұстанымын таңдауға көмектесуді міндет санаймыз.

Бізде заманға сай ойлайтын ұжым, дарынды шығармашылық қызметкерлер жұмыс істейді. Корпорация жаңа инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұның бәрі қарқынды дамып келе жатқан қоғамның ерекшеліктерін және көрермендер мен тыңдармандардың ақпараттық-ағартушылық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы эфирлік өнім өндіруімізге кепілдік береді.

«Кеңестік дәуірде корпорацияда дағдарыс пен тоқырау болған жоқ», деп айту - артық та болуы мүмкін. Бірақ, 2001 жылы жаңа менеджерлер командасының келуімен жағдай айтарлықтай жақсара бастады. Жаңа хабарлар циклі, қызықты ток-шоулар пайда болып, көрермендер мен тыңдармандардың саны артты. Телерадиокорпорацияның қазіргі заманға сай бет-бейнесі қалыптасып, қарқынды түрде дами бастады. «Қазақстанның» басты идеялық құрамы – патриотизмі, Қазақстанның тарихи және рухани мұрасына қатыстылығы сақталған.

Демек, корпорацияның табыстары, бәрінен бұрын, біздің ұжымымыздың қызметімен байланысты. Біз корпорацияның әрбір қызметкері өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асырғанын қалаймыз. «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясының ұжымын республикамызда және әлемде болып жатқан барлық процестерді анық бағамдай алатын «шағын қоғам» деуге болады және ол елімізге, онда тұратын адамдарға, отандастырымыздың пайдасына жарауға ұмтылып келеді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.

2013 жылдың 17-маусымында «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығының (Association for International Broadcasting - AIB) мүшесі атанды. Аталған ұйымға мүшелік ету корпорацияға бірқатар айрықша мүмкіндіктер беріп отыр. Оның ішінде халықаралық тәжірибе негізінде медиа-активтерді басқаруды жетілдіру міндеттері іске асырылады.

Штаб-пәтері Ұлыбритания астанасы - Лондонда орналасқан Халықаралық телерадиотаратушылар қауымдастығы 1993 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның қатарында BBC World, Al Jazeera, Bloomberg, Eurosport, France 24, Russia Today, Deutsche Welle сынды 50-ден аса ірі халықаралық және ұлттық телерадиотаратушылар бар.

2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 752-к бұйрығына сәйкес, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазақстан» РТРК» АҚ төмендегі қызметкерлері марапатталды:

Абауова Бейнегүл Бейсембайқызы - «Қазақстан» ҰТА ақпараттық бағдарламалар дирекциясы шығарылым бөлімінің шеф-редакторы;

Әбішева Гүлнәш Болатқызы - «Қазақстан» ҰТА бас режиссері;

Касабеков Тимур Сметұлы - Стратегиялық маркетинг департаменті дизайн орталығының директоры;

Сіргебаев Азат Досымханұлы - корпорацияның Алматы қалалық филиалы, техникалық қызметінің АСК бастығы;

Жақсыбаев Аманғали Жумағалиевич - корпорацияның Семей қаласындағы филиалының директоры; Иманғазы Гүлжанат Жеңісқызы - Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары;

Мұхашев Мұрат Қыдырниязұлы - Алматы қалалық филиалы Қазақ радиосы Алматы студиясының бас редакторы

Осы ұйымға мүше бола отырып, «Қазақстан» РТРК АҚ ірі халықаралық телерадиотаратушылармен стратегиялық әріптестік туралы келісімдер жасаса алады.

Сонымен бірге, Ассоциация халықаралық медиа-салада Корпорацияның мүдделерін алдыға тартып, Корпорация туралы ақпаратты қауымдастық басылымдары мен сайтында жариялауға, шетелде маркетингтік шаралар өткізуге қолдау көрсетеді.

2013 жылдың шілдесінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Телерадиотаратушылардың Азия-Тынықмұхиттық институтына (Asia-Pacific Institute for Broadcasting Development) мүшелікке өтті.

Аталған ұйымға мүшелік ету Корпорацияға халықаралық тәжірибе негізінде медиаактивтерді басқаруды жетілдіру міндеттерін іске асыру, ірі халықаралық телерадиотаратушылармен стратегиялық әріптестік туралы келісімдер жасасу мүмкіндіктерін және әлемдік медиа-нарыққа шығу мүмкіндігін бермек.

Институт 1977 жылдан бері жұмыс істейді және Малайзия Телерадиотарату корпорациясы (RTM), «MediaCorp» Сингапур Тарату Корпорациясы, Үндістанның мемлекеттік радиосы, «KBS» корей ТРК, «ABC» Австралия Тарату Корпорациясы сынды 100-ден аса ірі халықаралық және ұлттық телерадиотаратушыларды біріктіреді.    

2013 жылдың 28 тамызы күні Астанада BBC World News -тің коммерциялық өкілі Сергей Становкин және «Қазақстан» РТРК» АҚ төрайымы Нұржан Мұхамеджанова телерадио саласының ең озық жетістіктерін игеру және оны өндіріске енгізу туралы ұзақ мерзімді ынтымақтастық меморандумына қол қойды. 

 

Келісім негізінде «Қазақстан» РТРК» АҚ және BBC World News арасында ортақ жобалар дайындалып, мамандар тәжірибе алмасады.

Меморандум бойынша, қос корпорация ақпарат пен тәжірибе алмасып қана қоймай, болашақта халықаралық аудиторияға да қызықты жобалар ұсынбақшы.

 

Корпорацияның техникалық мүмкіндіктері

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өзінің төл туындыларын жасау үшін Алматы қаласындағы 5 аппаратты-студия блоктарын, Астана қаласындағы 2 аппаратты-студия блоктарын, 22 аппаратты видеомонтаж,  2 эфир студиясын, Астана қаласындағы он екі камералық және Алматы қаласындағы 23 камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы қолданылады. Облыстық 14 филиал өздерінің бағдарламаларын жасау үшін 30 аппаратты студиялық блокты пайдаланады.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамына кіреді. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде 1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастаған. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар арасында төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.

Бүгінгі таңда корпорация еліміздегі ең ірі медиа құрылым. Телеарнаның техникалық әлеуеті республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, заманауи телетаратылымның барлық талаптарына сай.

Қазіргі заманғы ең үздік құрылғылар техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери мерекелік парадтар, НАТО Саммиті, ЕҚЫҰ елдері-қатысушылары Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада, Euro-2012 сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.

Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыр.

«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер.

Ал, негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының туындаларына берілген. Ұлттық арна түрлі жанрдағы бағдарламалар шығарумен қоса, отандық көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді. Сонымен қатар, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай  2016 жылы «Қазақстан» РТРК-ның тапсырысымен ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты 4-сериялы «Жамбыл» атты тарихи драма түсірілді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылында болмаған жағдай екенін де айта кету керек.

Қазір жобалар өндірісінде телехабар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасауға мүмкіндік бар. Телеарна өндірістің, сондай-ақ, бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшкен.

Бұл жүйені іске асыру жеделдікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады. Белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» телеарнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.

Танымдық-тағылымдық, көңілашар ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстіндегі телеарна 2012 жылдың 24 желтоқсанында Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. HD форматқа толықтай көшкен телеарна медиа кеңістіктегі әлеуетін жыл сайын ұлғайтуда.

ТNS Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының 2013 жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер (шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Осылайша, алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік.

Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақтілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді. Айта кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады. Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын онлайн-режимінде де көруге мүмкіндік бар. Телеарнаның жеке сайты - http://kaztrk.kz

 

«Kazsport» телеарнасы

«Kazsport» телеарнасы 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап хабар тарата бастады. Телеарна «Балапан» және 14 аймақтық телеарналарды топтастырған «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді

«Kazsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен кабельдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы көруге болады.

Таралатын жалпы хабарлардың 70 пайызы тікелей және түпнұсқа трансляциялардан тұрады. Олардың негізгісі - елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелер.

Телекөрсетілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы хабарлардың 20 пайызын жаңалықтар мен бағдарламалар ал, 10 пайызын деректі фильмдер құрайды.

«Kazsport» телеарнасынан қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрама командалар қатысатын құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды, ел біріншіліктерін тікелей эфирде көре алады. Телеарна тәулігіне 20 сағат хабар таратады.

«Kazsport» спорт телеарнасының шығармашылық ұжымында өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында Қазақстанның ең үздік спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегерлері де бар.

 

«Балапан» телеарнасы

«Балапан» телеарнасы 2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап эфирге шыға бастады. Шығармашылық бірлестік «Қазақстан» телеарнасының құрамына кіреді. Арна кабельдік желіден эфирге шығады. Аудиториясы 3-12 жас аралығындағы балалар. Эфир уақыты 07:00 – 24:00 аралығын қамтиды. «Балапан» телеарнасы тек қана қазақ тілінде хабар таратады. Интернеттегі арнайы беті - http://balapantv.kz

«Балапан» телеарнасының алға қойған мақсаты - келешек ұрпақтың тамырына рухани нәр беріп, «интеллект» иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау. Сондай-ақ, дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ұжданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.

Телеарнаның басты ерекшеліктері:

● Ол -Қазақстан тарихындағы балаларға арналған тұңғыш арна.

● Ол - тек қазақ тілінде хабар таратады.

● Ол - білім мен ғылым, тәлім-тәрбиенің сарқылмас кені.

«Балапан» телеарнасының «Батырлар» жобасы  2015 жылы халықаралық «ТЭФИ-2015» телевизиялық байқауының жеңімпазы атанды.

 

Қазақ радиосы

Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды жүйесін құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы - Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл республикаға трансляция беріле бастады.

Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарына жетеді. Сондай-ақ, «Шалқар» Ұлттық арнасының хабарлары еліміздің ірі қалаларына таратылады. Ал, қазіргі кезде интернеттегі http://kazradio.kz сайтымыз арқылы әлемнің кез келген түкпірінде Қазақ радиосының хабарларын онлайн режимінде тыңдауға болады.

Егемен Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету - Ұлттық арна ретінде Қазақ радиосының басым бағыты болмақ. Арнаның алдында мемлекеттік саясатты елді-мекендердің барлығына, алыс түкпірлерге шапшаң жеткізу міндеті тұр.

Қазақ радиосы жас мемлекеттің құрылысы мәселесіне жете көңіл бөліп келеді. Мұнда ең әуелі жаңа жұмыс орындары, отандық өндірістің дамуы, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес мәселелері, Қазақстан экономикасының ілгері басуы және отандастарымыздың тұрмыс-жағдайының жақсарып келе жатқандығы жан-жақты қамтылады. Радио Қазақстан халқының достығын нығайту мақсатында қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар тілдеріндегі бағдарламалары әуе толқынына шығады.

Электронды БАҚ қатарында Қазақ радиосы көрнекті орын алады. Радио ұжымы әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөледі. Тыңдаушылар арасында күн сайын қазақша және орысша берілетін таңдамалы бағдарламалар, Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдарға жасалатын шолулар кеңінен танымал.

Бүгінгі таңда Қазақ радиосы өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция.

Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және әлемдік музыкадан тұрады. Бұл формат бізге қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын рок, кантри, джаз, хит және т.б. сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді.

 

«Шалқар» Ұлттық арнасы

«Шалқар» Ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті. Алғашында екі сағаттық бағдарлама ретінде хабар таратқан арнаның кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады

Радио 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты.

«Шалқар» радиосының өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,04 пайызына тарайды. Жеке сайты арқылы «Шалқар» Ұлттық арнасын әлемнің әр түкпірінен тыңдауға болады - http://radioshalkar.kz

 

«Астана» радиосы

«Астана» радиосы – ақпаратты-музыкалық радиостанция. Ең алғаш 1999 жылы 19 қаңтарда 101.4 FM толқынында эфирге шықты. Осы уақыттан бастап, радио қызметкерлері «Ақ ниетпен әр үйге» деген ұранмен қызмет атқаруда. Эфирдегі жалпы уақыты – 19 сағат.

2003 жылдың 1 ақпанынан бастап, «Астана» радиосы өзінің эфирлік форматын жаңартып, заман талабына сай, сандық құрылғылармен жұмыс істейді. Хабарлардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде шығарылады. Сонымен қатар, радионы интернет желісі арқылы тыңдауға болады - http://radioastana.kaztrk.kz

2009 жылы 19 қаңтарда «Астана» радиосы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті.

Радио 1999 және 2003 жылдардағы ең үздік ақпаратты топтамасы үшін «Алтын Жұлдыз» жүлдесін жеңіп алып, 2006 жылы «Үздік радио» атағына ие болды.

 

«Classic» радиосы

«Classic» радиосы - Қазақстандағы классикалық музыканың алғашқы радиостанциясы. Бұл «Қазақстан» РТРК» Акционерлік қоғамы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының біріккен медиажобасы

Жоба идеясының авторы - Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жәния Әубәкірова. «Classic» радиосының форматы - түрлі жанрлардағы, ұлттық мектептер мен бағыттардағы классикалық музыка.

Мақсаты - жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау, классикалық музыканың танымалдылығын арттыру, халықтың музыкалық сауаттылығын көтеру. Радиостанция жұмысын 102.8 FM жиілігінде 2011 жылдың 6 мауысымнан бастады. Нақ осы күннен бастап, Алматыдағы классикалық музыканы сүйетіндер аудиториясы музыка өнерінің соны үлгілерімен таныс бола бастады.

«Classic» радиосы музыкалық туындыларды берумен ғана шектеліп қалмады, 2012 жылдан бастап эфирден музыкалық-шолу бағдарламалары беріле бастады.

Бүгінгі таңда «Classic» радиосынан 9 бағдарлама эфирге шығады: «Киноблюз», «ДжазТайм», «Диалог», «Опера әлемінің інжу-маржандары», «Классикомания», «Музыкальный дневник», «Музыкальная Одиссея», «Грани», «Рецензия». Радиоарнадан күніне 8 рет мәдени жаңалықтар беріледі. Онда еліміздегі алыс және ақын шетелдердегі өнер әлеміндегі ең қызықты оқиғалар қамтылады.

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Қазақстан» РТРК» Акционерлік қоғамының құрамына енген.

 

www.kaztrk.kz  порталы

«Қазақстан» РТРК» АҚ интернеттегі ресми беті www.kaztrk.kz  порталы 2009 жылы 3 желтоқсанда тіркелген. Портал аясында  Ұлттық арнаның  www.kaztv.kz, «KAZsport» телеарнасының www.kazsporttv.kz, Қазақ радиосының  www.kazradio.kz, «Шалқар» ұлттық арнасының  www.shalkarfm.kz, «Астана» радиосының  www.astanafm.kz, «Classic» радиосының  www.classicfm.kz  және  аймақтық телеарналардың 12 сайты сонымен қоса, жекелеген жобалардың арнайы сайттары топтастырылған.

Портал  2011, 2014 жылдары уақыт талабына сай екі рет редизайннан өткен. 2010 жылы  порталды пайдаланушылар саны  (қазақ, орыс тілді қоса есептегенде) 1000-1500 адам болса, 2015 жылы бір күнде порталды қарайтындар саны 100 мың адамға жеткен.

Егер  2011 жылы әлемнің  11 мемлекетінің азаматтары  портал материалдарын пайдаланса, 2015 жылы дүниежүзі бойынша 210 мемлекетте өмір сүріп жатқан қандастарымыз порталдың онлайн нұсқасын  көре алады.

Қазақстандық www.zero.kz есептеуіші  мәліметтері  бойынша 2010 жылы  www.kaztrk.kz  порталы  еліміздегі барлық сайттардың ішінде  95-орында болса,   2015 жылдың алғашқы жартысында www.kaztrk.kz  порталы барлық сайттар арасында  20-шы ал, БАҚ категориясы бойынша алғашқы ондықтан көрінді.   

2014-2015 ж.ж. www.kaztrk.kz порталы қазақстандық www.kaznet.me  Klout  есептеуіші бойынша алғашқы 1, 2, 3 орындарда тұрақты тұр. Қазіргі таңда  порталдың барлық әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Сол сияқты порталдың  Аndroid, IOS-қа арналған мобильдік қосымшалары жұмыс істейді.