Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Римма Тәжібаева мен «Халық маркасы» халықаралық қауымдастықты таңқалдырмақ ниетте

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстанда журналистер арасында тұңғыш рет «Самғау» ұлттық байқауы ұйымдастырылуда. Елдің әр аймағынан қатысып, байқауда жеңіске жеткен 16 журналистің «Халық маркасы» көрмесімен бірге «Made in KZ» брендін әлемнің 12 еліне таныстыруға мүмкіндігі бар.

Бұған дейін ұйымдастырылған байқауларды саралай келе әр аймақтың өкіліне баса назар аудару керек деген шешім қабылданды. Сондықтан, әр облысқа бір номинация белгілеп, жеңімпазды «Халық маркасымен» бірге EXPO-2017 халықаралық көрмесін насихаттау мақсатында әлемдік саяхатқа жіберу көзделген. Ол елдердің қатарында Ресей, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Украина, Египет, Қытай, Түркия, БАӘ және Үндістан бар.

Айта кету керек, бүгінде елде  «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Римма Тәжібаеваның бастамасымен құрылған отандық тауарөндірушілер павильоны жұмыс істеп тұр.  Римма Тәжібаева қазақстандықтарды таң қалдыра білді.

«Біраз адамдардың біздің жетістігімізге, Қазақстан отандық өнімін шығара алады дегенге сенбегені рас. Алайда, мүмкін емес нәрсе жоқ. Қазақстанның өзінен шығатын дүние көп. Бастысы, отандық өнімді өз елімізбен қатар, шетелде де танытуымыз қажет. Сол кезде ғана бізді  өзге жұрт пайдалы қазбалар аймағы деп қана емес, сапалы, қолжетімді дайын өнім шығаратын ел ретінде таниды»,-дейді Римма Тәжібаева.

Бүгінде отандық тауарөндірушілер павильонына жиналған 100 ұлттық бренд Римма Тәжібаеваның сөзіне дәлел бола алады. Сондай-ақ, бұл – осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын көрсетеді. «Әлі 500 және одан да көп брендті бір шаңырақ астына тоғыстыру жоспарда бар. Қазір біздегі көрмемен әлемнің барлық елін аралауға болады»,-дейді Р.Тәжібаева.

Ұлттық брендті тұтынушылар санының күн санап артып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Павильон сөресіне шетелдік өнімдердің сапасынан кем түспейтін отандық өнімдер қойылуда. Тауар бағасы да, сапасы да  тұтынушы көңілінен шығады. Яғни, ұлттық бренд нарықтан өз орнын тапты деуге толық негіз бар.

Күні кеше ғана жастықтан бастап жиһазға дейін шетелден тасымалданатын болса, бүгінде жағдай мүлдем өзгерген. Қазақстандық кәсіпкерлер тұтынушыға сапасы жоғары әрі қолжетімді бағада отандық өнім ұсына алатындарын дәлелдей білді. Біз енді отандық өнімді пайдаланып қана қоймай, кәсіпкерлерге сенім білдіруіміз қажет. Яғни, бір жағынан ұлттық брендтің қазақстандықтар арасында жағымды имиджін қалыптастыру болса, екінші жағынан ел азаматтары импорттық тауарларды отандық тауармен алмастыруды үйренуі керек.

«Супермаркеттерде түрлі-түсті қаптамасы бар шетелдік өнімге бірден көзіміз түсетіні анық. Біз қазақстандық өндірушілердің экологиялық таза әрі қолжетімді өнімін бағалай алмай келеміз. Сол себепті, байқаудың негізгі мақсаттарының бірі – отандық өндірушілердің тауарына жағымды көзқарас қалыптастыру, «Халық маркасы» тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерге жігер беру. Үздік журналистік жұмыс арқылы тұтынушылардың назарын өзіміздің брендке аударып, тұрғындар арасында  түсіндірме жұмысын жүргізсек деп едік. Аталмыш конкурс отандық тауарөндірушілерге ақпараттық қолдау көрсетіп, мәртебесін көтереді деген үміт бар»,-дейді Р.Тәжібаева.

Тағы бір маңызды мәселе, «Халық маркасы» жобасы тек Астанада ғана таныстырылған. Алайда, жақын күндері «Халық маркасының» сауда өкілдерін елдің өзге аймақтарында да ашу жоспарланған. Бұл орайда негізгі басымдық шекаралық облыстарға берілмек.

Байқауға қайта оралсақ, 7 номинация бойынша үздік шыққандарға 10 000 000 теңге  көлемінде жүлде тағайындалған. Конкурстың Гран-при иегері отандық темір тұлпарға ие болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қыркүйек айында өзін «қазақстандық өнімдің жарнамасы» деп атағаны барлығымыздың есімізде. Сол кезде Елбасы отандық кәсіпкерлерді жергілікті өндірісті одан әрі дамытуға шақырған болатын. Президент Атырау аймағына сапары кезінде өзінің үстіндегі костюмі қазақстандық өнім екенін мақтанышпен айтқан еді. Біз де барша қазақстандықтарды Президентті үлгі етіп, қазақстандық кәсіпкерлерді сөзбен емес, іспен қолдауға шақырамыз. Отандық өнімді сатып ала отырып, ел экономикасының дамуына үлес қосамыз. Яғни, қаражат өзгенің қалтасына емес, ел қазынасына түседі.

«Қазақстандық өнімді тұтын – отандық тауарөндірушіні қолда»!

Поделиться: