Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

«Мен қазақпын» мегажобасының үздіктерін кім анықтайды?

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ұсынған «Мен қазақпын» мегажобасының бiрiншi айналымында қазылық ететін құрам анықталды.  

Олар: Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, шертпе күйдің шебері  Жанғали Жүзбаев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Толғанбай Сембаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынова, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, термеші Амандық Көмекұлы және Қытай Халық  Республикасының бірінші дәрежелі композиторы, профессор Бағдат Естемес. Қазылар алқасының төрағасы болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бекітілді. 

Жоба дәстүрлі әнші, термеші, күйшілерді, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін дәріптеуді мақсат тұтады.  

Бұған дейінгі республиканың әр өңірінде жүргізілген байқауларда барлығы 675 үміткер бақ сынады. Іріктеулер елімізден бөлек, ҚХР Шыңжан өлкесі Үрімші қаласында, РФ Алтай Республикасының Қош-Ағаш ауданында, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өтті.

Барлық қатысушылар арасынан суырылып шығып, басты додаға жолдама алған 57 сайыскер туралы 7-тамыздан бастап жоба Күнделіктерінен көрсетілуде. Жоба Ұлттық арна көрермендеріне 3-қыркүйектен бастап жол тартады.  

Поделиться: