Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

«Қазақстан» РТРК» АҚ «Мен қазақпын» атты телевизиялық мегажобасын бастайды

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен «Қазақстан» РТРК» АҚ «Мен қазақпын» атты телевизиялық мегажобасын бастайды.

Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қаринның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жобаның мақсаты – дәстүрлі әнші, термеші, күйшілерді, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу, таңдаулы туындыларды өскелең ұрпаққа замануи форматта насихаттау.

Өнер бәйгесіне халық композиторларының шығармалары мен халық әндерін орындаушы өнерпаздар қатыса алады. Олардың ішіндегі ең үздіктері республикалық телевизиялық байқауға жолдама алады.

«Бұл барша халықтың басын қосып, жұдырықтай жұмылдыратын жоба болуы керек. Сол үшін оған тек еліміздің өнерпаздарын ғана емес, жырақтағы қандастарымызды да қатыстыруды көздеп отырмыз.

Ауқымды жобаны қолға алудағы басты мақсат – Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында айтылғандай, талай заманнан арқауы үзілмеген, тағылымы мол дәстүрлерімізді ұлықтай отырып, біртұтас ұлттың берік негізін қалыптастыру. Сондықтан, «Мен қазақпын» жобасының түпкі нәтижесі – рухани мұраны ұрпақ кәдесіне жарата отырып, ұлттық тұтастықты нығайту. Шараға еліміздің барша өнерсүйер қауымы, зиялылары атсалысады деген ойдамыз», - деді министр Д.Абаев.  

Байқауға Ресей, ҚХР және Моңғолиядағы қазақ өнерпаздары қатыса алады. Жоба аясында өңірлердің ән-күйімен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштері, мұражайлары, ел ішіндегі өнерпаздар мен қолөнер шеберлері туралы түсірілім жасалып, әр облыстың жетістігі кеңінен көрсетіледі.

«Жобаны іске асырудың мақсаты – Елбасының рухани жаңғыруға қатысты бағдарламалалық мақаласында айтылған бастамаларды жүзеге асыру,  халқымыздың ұлттық рухани өнерін паш ету.  Телевизиялық байқау тек республика өңірлерін ғана емес, көршілес елдерді де қамтитын болғандықтан, басты міндеттердің бірі - сол өңірлерде сақталған музыкалық дәстүрлерді таныстыру», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, Басқарма төрағасы жобаның іріктеу турлары бойынша арнайы кесте құрылғанын атап өтті.  Өңірлердегі алғашқы байқаулар Алматы қаласы және Ақтөбе облысынан маусым айының 5-нен басталады. Шілдеде Ресей, Қытай және Моңғолияда байқаулар өткізіледі. Іріктеу турынан түсірілген күнделіктер Ұлттық арна эфирінен 9-27 тамыз аралығында көрсетіледі. Ал, жоба көрерменге ағымдағы жылдың 3-қыркүйегінен  бастап  жол тартады.

«Күнделіктерді түсіру мақсатында арнайы екі шығармашылық топ құрылды.  Бір топты танымал күйші Айбек Бекбосын, екінші топты дәстүрлі әнші Аллажар Қайбар жүргізеді. Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық филиалдар атсалысатын болады», - деді Е.Қарин.

Айта кетсек, жоба 10-желтоқсанда қорытындыланып, Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада гала-концерт ұйымдастырылатын болады. 

 

Поделиться: