Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Таза көшелерде маңдай тердің табы бар

Кешегі боран астаналық тұрғындарды әбігерге салғанымен, табиғаттың тосын мінезі ең әуелі - қарапайым жұмысшыларға жүк болды. Өйткені, шаһардың тазалығына жауап беретін серіктестіктер күн-түн демей қар тазалап жатыр. Олардың жұмыс кестесі қазір тіпті күшейтілген. Нәтижесінде жолдар тазарып, қозғалыс түзелді.

Терлеп тапқан теңгенің игілігі бөлек. Отыз жастағы Бақидың ұстанымы осындай. Ол үш жылдан бері Астананың тазалығы үшін еңбектеніп келеді. Жұмысын жеңіл демейді. Бірақ, ауыр деп, қашқан да емес. 80 мың теңге жалақысын жаратып, үш баласы мен үйіндегі аяулы жарына тәуір тұрмыс жасап жүр.

Бақи Әбу, жұмысшы:

 - «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тілінбей», дейді. Еңбектену керек. Қалай еңбектеніп тапсаң, солай үнемдеуге тырысасың.

Олар тәулігіне кемінде 12 сағат жұмыс істейді. Далада жүреді. Аязбен арпалысып, боранмен беттеседі. Ыстықтан ығыспайды, нөсерге налымайды. Табиғат қандай тосын мінез танытса да олар тынбайды, сынбайды. Себебі, олардың тіреуі мен қаруы – адал еңбек.

Бақи Әбу, жұмысшы:

- Жұмыс болған соң, оңай емес. Қиын жағы бар. Қатты аяз, кешегідей боран болады. Кейде үлгермей қаламыз.

Астананың қысы қатты. Қар жылда қалың түседі. Аяз, бораны тағы бар. Бірақ, соның өзінде үлкен қала үнемі таза. Себебі, осындай мыңдаған қарапайым жұмысшы қара термен шаһардың шырайын сақтап тұр.

Бекзат Қажымұрат «Асылтас құрылыс» ЖШС жұмысшылар жетекшісі:

 - Біздің бригадада 35-40 адам жұмыс істейді. Таңғы 6-дан кешкі 6, кейде түнгі 12 , тіпті, таң атқанша жұмыс істеп жатады. Еңбек енді кісілердікі.

Олардың еңбегін бағалау үшін алғысқа көміп, сый-сияпат жасап та керек емес. Бар болғаны әр тұрғын тазалықты сақтап, жерде жатқан қоқысты көтере салса да жетеді. Үлкен еңбекке деген құрмет кішкентай істерден басталады. Қорыта айтқанда, кеңселерде керіліп отырса да, өмірге өкпелейтіндер мен ақшаны күректеп тапсам деп армандайтындар әуелі осы кісілердегі күректің жүгін сезінсе екен.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

 

Поделиться: