Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Бүгін «Алтын жебе» турниріне қатысушылар соңғы жаттығуларын өткізді

12-13 тамызда Астанадағы «Қазанат» атшабарында жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі ту көтереді.

Ал, бүгін додаға қатысушылар сынақ алдындағы соңғы жаттығуларын өткізді.

Жарысқа әлемнің  11 елінен 19 қатысушы келеді. Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынамақ. Олар;   Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбаев Абзал, Үзденбаев Бекқали.

«Алтын жебе» турнирінің ережесі бойынша жарыс үш кезеңмен өтеді. Жеңімпазды анықтау үшін мергендердің үш кезеңде  жинаған барлық ұпайлары есепке алынады.

Алғашқы кезең «Шапшаң ату». Мұнда садақшылар нысана тұсына атпен келіп тоқтап, төрешінің «атыңдар!» деген бұйрығы бойынша шапшаңдықпен оқ атады. Уақыт мерзімі – 10 секунд. Осы 10 секундта спортшы жебені үлгергенінше атуға тиіс. Нысана он қадам жерде тұрады. Оқ нысананың ортасындағы қызыл шеңберге тисе 3 ұпай,  сары шеңберге тисе 2 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай беріледі.

Ал, екінші кезең «Қалқан ату» деп аталады. Мұнда спортшылар жолақты арқанмен көрсетілген, ені үш метрлік дәліз жолдан  10 метр қашықтықтағы, арасы 35 метрден,  1 метр биіктікке орналастырылған, диаметрі 60 сантиметр болатын қалқан пішіндес үш нысананы атпен шауып келе жатып кезекпен атып өтеді. Оқ  нысана ортасындағы қызыл шеңберге тисе 5 ұпай, сары шеңберге тисе 3 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай есептеледі.  Спортшыға 2 мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындауға  25 секунд уақыт беріледі. Ол осы уақытта  үлгергенінше оқ ата алады. Атпен шауып өтетін дәліз-жолдың ұзындығы 200 метр. Егер осы жолды спортшы 25 секундтан ұзақ уақытта шауып өтсе оның ұпайлары есепке алынбайды.

 

Үшінші кезең – «Жамбы ату». Спортшылар дәліз-жол бойымен әр түрлі қашықтықтағы 2,4 метр биіктікке ілінген, диаметрі 20 сантиметр 3 нысанаға шауып келе жатып үлгергенінше оқ атып өтеді.  1-ші нысана «қола жамбы» жолдан 8 метр қашықтықта,  2-ші нысана «күміс жамбы» жолдан 10 метр қашықтыққа,   3-ші нысана «алтын жамбы» жолдан 12 метр қашықтыққа орналастырылған. Нысаналардың өзара қашықтығы – 30 метр. Жебе «қола жамбыға» қадалса  – 5 ұпай, «күміс жамбыға»  қадалса – 10 ұпай, «алтын жамбыға» қадалса – 15 ұпай беріледі. Ал, егер жебе жамбы  ілініп тұрған қылды қиып өтсе 20 ұпай  есептеледі. Бұл тұста анықтап айтарымыз, жебенің жамбыға қадалғаны ғана есепке алынады. Спортшыға 2 мүмкіндік беріледі. Бұл кезеңде де садақшының атпен шауып өткен уақыты 25 секунд.

«Қазақстан» РТРК» АҚ  - турнирдің бас ақпараттық қолдаушысы.

Шараны ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы.

Поделиться: