Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мұратбек Тоқтағазин: Комментатордың мақсаты - көрерменді баурап алу

 «Kazsport» телеарнасы комментаторларға «Қазақстандық трансляцияларда халықаралық спорт терминдерін қолдану және оларды қазақ, орыс тілдерінде пайдалану. Трансляцияларды арнайы маманмен: бапкер, спортшы немесе сарапшымен жұптасып жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында семинар өткізді. 

Семинарға «Kazsport» телеарнасының комментаторлары мен шақырылған журналистерден бөлек, ЕҰУ-нің Журналистика факультетінің доценті, «Бас редакторлар клубының» вице-президенті, ф.ғ.к. Мұратбек Тоқтағазин қатысты.

Оқырмандардың назарына қатысушылардың әрбір сұрағына жан-жақты жауап берген Мұратбек Балқыбекұлының толық сұхбатын ұсынамыз.

- Журналистиканың ғылыми маманы ретінде қазақстандық комментаторларға қандай баға бересіз?

- Жалпы, қазіргі қазақстандық спорт журналистері, комментаторларының деңгейі өте жақсы деңгейге көтерілді. Арасында, әрине, асығыстықпен сөз қайталаушылықтары болады. Бірақ, дей тұрғанмен, сөз орамдары өте сүйсінерлік жағдайда. Жалпы алғанда, «Kazsport» телеарнасының  республикалық деңгейдегі спорт комментаторлары бүкіл елге үлгі болуы тиіс. Үлгі болатын жағдай қазір де бар. Бірақ, оны әлі де тереңдетіп дамыту өте қажет.

- Сіздің ойыңызша, комментатор қандай болуы керек? Эмоцияға толы, әлде салқынқанды болуы керек пе?

- Комментатор міндетті түрде эмоционалды болуы керек. Өйткені, бұл жердегі ең басты мақсат – көрерменді баурап алу. Ал, егер ол эмоция мен сөзін жеткізе білмесе, көркем сөзді, шұрайлы тілді қолдана білмесе, көрерменді баурай алмайды. Кез келген телеарна өзінде сондай бір тілі шұрайлы комментатордың болуын қалайды және болуға тиісті.

- Халықаралық спорт терминдерінің  қазақ тілінде қолданылуына тоқталып кетсеңіз?

- Бірқатар халықаралық спорт терминдерін қолданған дұрыс. Дегенмен, көпшілігінің  қазақ тілінде қалыптасқан баламалары бар. Оларды жиі қолдану арқылы қазақ тілінің тіл байлығын одан әрі арттыруға болады. Халықаралық терминдерді орынсыз қолданудың қажеті жоқ.

- Көрсетілім кездерінде белгілі бір маман – бапкер, спортшы немесе сарапшылармен бірге комментаторлардың жұп ретінде жұмыс істеуіне қалай қарайсыз?

- Негізінде алғанда, бұл ой  – дұрыс. Өйткені, бұрыннан келе жатқан, спорт сайыпқырандарына айналып кеткен, спортпен біте қайнасқан журналистер, сарапшылар, эксперттер бар. Бұл - телеарнаға абырой әкелетін дүние. Бірақ, оның форматын дұрыс ойластыру керек.

Шара соңында Мұратбек Тоқтағазинге естелікке «Kazsport» телеарнасының кәдесыйы мен арнаның төрт жылдығына арналған жейде табысталды.

Естеріңізге сала кетсек, кеше бұл семинарға «Еуроспорттың» алтын дауысы» Сергей Курдюков қатысқан болатын. Онымен болған сұхбат туралы келесі сілтемеде оқи аласыздар.

Асқар Нуртасов

Поделиться: