Пхенчхан-2018. 23-ақпан күнгі қазақстандық спортшылардың нәтижелері
23-ақпан күні отандастарымыз ХХІІІ Олимпиада ойындарында спорттың 3 түрі бойынша бақ сынады.

«Пхенчхан – 2018» Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарламада отандасымыз Элизабет Тұрсынбаева өнер көрсетті.

Жас спортшы мұзға 7-ші нөмірмен шыққан болатын. Қос бағдарламаның қорытындысы бойынша отандасымыз 177.12 ұпай жинап (58.82 – қысқа бағдарлама) жалпы есепте 12-орынға тұрақтады.


Конькимен жарысудан 1000 метрлік қашықтықта ерлер арасындағы финалдық кезеңде құрама сапынан Федор Мезенцев, Денис Кузин және Станислав Палкин бақ сынған еді. Сайыс қорытындысы бойынша белгіленген қашықтықты Мезенцев 1:10.62 уақытта жүріп 33-ші орынға жайғасты. Ал, Денис Кузин 1:10.13 уақыт көрсеткішімен 27-ші орында. Үшінші отандасымыз Станислав Палкин жарыс жеңімпазы голландиялық Кайлд Нюске +2.19 секунд уақытқа кеш келіп, қорытынды кестеде 29-шы орынға тұрақтады.


Биатлоннан ерлер арасындағы 4 х 7,5 шақырымдық эстафета сайыстары бойынша Максим Браун, Василий Подкорытов, Владислав Витенко және Роман Еремин бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымызды жарыс жолынан шығарылды.