ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысы. Қазақстан бір қоламен 28-ші орында
Оңтүстік Корея елінің Пхенчхан қаласында алауы жағылған ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетуде. Төртжылдықтың басты додасында спортшыларымыз спорттың 9 түрінен бақ сынады. Жалпы 46 спортшы 57 жолдама бойынша өнер көрсеткен болатын.


Биыл Қысқы Олимпиада ойындарында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан 3 қазақстандық спортшы сынға түсті. Олар Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева және Айза Мамбек. Сондай-ақ, тау шаңғысы спортынан алғаш рет Қазақстан намысын екі спортшымыз қорғады. Олар Игорь Закурдаев пен Мария Григорьева.Шана спорты мен трамплиннен секіруден де алғаш рет екі спортшымыз өнер көрсетті. Никита Копыренко шана спортынан сынға түссе, Сергей Ткаченко трамплиннен секіруден бақ сынады.


9-ақпанда салтанатты түрде алауы жағылған Ақ Олимпиадада Қазақстан фристайлдың могул түрі бойынша Юлия Галышева алған қола медальмен жалпы есепте 28-ші орынға тұрақтады.


Пхенчхан-2018 Олимпиадасы жаңа рекордтар мен қызықты сәттерге толы болды. Айта кетсек, дәл осы Олимпиада ойындарында бір ел спортшыларының жалпыкомандалық есептегі ұтқан медальдар саны бойынша Норвегия құрамасы 39 медальмен рекорд орнатты.


XXIII Қысқы Олимпиаданың жабылу салтанатын бүгін 16:55-те «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.