Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Телеарна туралы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамына кіреді. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде 1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастаған. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалардың арасында төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.

Бүгінгі таңда ол еліміздегі ең ірі медиа құрылым. «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның құрамында бүгінгі таңда 3 республикалық телеарна, 14 аймақтық арна, 4 радио және 36 интернет сайт кіреді.

Телеарнаның техникалық әлеуеті республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, арна заманауи телетаратылымның барлық талаптарына жауап береді. Қазіргі заманғы ең үздік құрылғылар техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша, 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті.

Мәселен, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери мерекелік парадтар, ЕҚЫҰ-ның Саммиті, ЕҚЫҰ мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада, футболдан ЕВРО-2012 мен 2014 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионаты (2016 жылы Францияда өтетін футболдан Еуропа чемпионаты тікелей эфирде көрсетіледі) сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді. Өткен 2015 жылы Радиохабарлар тарату дирекциясы 6 мамырда халықаралық «АСТАНА – МИНСК» радиокөпірін ұйымдастырды.

Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыр. Аймақтағы тілшілеріміздің телевизия мен хабар тарату саласындағы біліктіліктерінің зор. Оларда телевизия саласы бойынша ұзақ жылдар бойына қалыптасқан тәжірибе мен дәстүр бар. Аймақтағы осындай өкілдіктеріміздің бірі «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына - 55 жыл толды. Сондай-ақ «Қазақстан-Павлодар» филиалына - 50 жыл, «Қазақстан-Шымкент» арнасына 25 жыл толды. Ал, биыл «Қазақстан-Қостанай» және «Қазақстан-Қызылорда» телеарналарының эфирге шыққанына 25-жыл болды.

«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады. Олардың арасында әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер, барлығы да бар.

Ал, негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының туындаларына берілген. Ұлттық арна түрлі жанрдағы бағдарламалар шығарумен қоса, отандық көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді және олардың саны күн санап арта түсуде. Айталық, осындай кинотуындылар саны 2014 жылы 7-еу болса, 2015 жылы 13 болды.

Аталғандармен қоса, акционерлік қоғам мемлекеттік тапсырыстар негізінде «Жаңалықтар», «Таңшолпан», «Журналистік зерттеу», «Индустрияландыру: ұлттық өнім», «Халықтық экономика», «Табыс сыры», «Бүгінгі күннің батырлары», «EXPO 2017», «Sport.kz» сияқты ақпараттық-сараптама бағдарламалары, «Серпіліс», «Сіз не дейсіз?» атты қоғамдық-саяси бағдарламалар, «Жайдарман», «Көңілашар», «Білгірлер бәйгесі», «Түнгі студияда – Нұрлан Қоянбаев», «Баламен бетпе-бет», «Бүгін Жексенбі», «Әзіл әлемі», «Ас болсын» атты ойын-сауық танымдық бағдарламалар, «Айтуға оңай», «Әйел бақыты», «Келбет», «Иман айнасы», «Сенбілік таң», «Бірге таңдаймыз!», «Жарқын бейне», «Дауа», «Жан жылуы», «Қылмыс пен жаза», «Дара жол», «Келбет», «Ақсауыт», «Агробизнес», «Менің Қазақстаным» сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағдарламалар мен «Қазақстандық жол. Тәуелсіздікке – 25 жыл» атты арнайы жобалар сияқты теле өнімдерді жүзеге асыруда.

Сондай-ақ акционерлік қоғам Қазақ хандығының 550-жылдығын мерекелеу аясында 30-дан астам бейнеролик жасады. Оның 18-і «Қазақ хандығына - 550 жыл» және «Қазақ хандығының тарихы» атауымен инфографика түрінде жарияланды. 45 аудиоролик тыңдармандарға жол тартты. Арнайы тақырыптық айдарлар ашылды. «Тарих толқынында» атты 12-сериялы арнайы тележоба мен 16 бөлімді «Қазақ даласының құпиялары» көрермендер мен әлеуметтік желі тұтынушыларының жылы лебізіне ие болды. Конституцияның 20-жылдығына арналып «Ата заңға – 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Конституциясы. 20 жыл» атты екі арнайы тележоба шығарылды.

Қазір жобалар өндірісінде телехабар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасауға мүмкіндік бар. Телеарна өндірістің, сондай-ақ, бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшкен. Бұл жүйені іске асыру жеделдікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады. Белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» телеарнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.

Танымдық-тағылымдық, көңілашар ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстіндегі телеарна 2012 жылдың 24 желтоқсанында Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. HD форматқа толықтай көшкен телеарна медиа кеңістіктегі әлеуетін жыл сайын ұлғайтуда.

ТNS Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының 2013 жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер (шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты. Осылайша, алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік. Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақтілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді.

Ал, 2013 жылдың тамыз айында ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының рейтингісі 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар елді мекендер арасында 55 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен 47 пайызға пайызға өсті. Бұл - «Қазақстан» телеарнасы тарихындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік.

Айта кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» ұлттық арнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады. Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге этностар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын онлайн-режимінде де көруге мүмкіндік бар. Телеарнаның жеке сайты - kaztrk.kz.

2014 жылдың 11 сәуірінде «Қазақстан» РТРК АҚ шығармашылық ұжымы Еуропалық одақтың «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және модернизациялау» жобасы бойынша жеңімпаз деп танылды.

2015 жылдың ақпанында «Қазақстан» РТРК АҚ түркі дүниесін насихаттауға қосқан үлесі үшін Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Осы жылдың мамыр айында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Севастопольде өткен «Жеңіске бірге жеттік» атты деректі фильмдер мен бағдарламалардың XI халықаралық фестиваліне қатысып жүлдегер атанды.

2015 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының шығармашылық конкурсында «Зерттеу жұмысы» аталымы бойынша «Қазақстан» РТРК АҚ Жеңістің 70 жылдығына арналған зерттеу материалдары үшін жеңімпаз деп танылды.

Өткен 2015 жылы ел өміріндегі айшықты оқиғалар - Қазақстан Халқы Ассамблеясының жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы - барлық медиа-активтер арқылы ақпараттық тұрғыда кеңінен қамтылды.

Осы орайда «Қазақстан» телеарнасы мен Қазақ радиосының соғыс және оның майдангер батырлары туралы ең жаңа архивтік мәліметтерге сүйене отырып жасаған деректі жобаларын ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда, 7 бөлімнен тұратын «Елдің ерлігі» деректі жобасы, «Ұлы Жеңіске 70-жыл» атты 70 сериядан тұратын бірегей деректі цикл, «Майданнан жазылған хаттар» арнайы жобасы, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған ардагерлер дауыстарының негізінде әзірленген «Жеңімпаздардың асқақ дауысы» арнайы жобасы шығарылды. Осылардың ішінде «Ұлы Жеңіске 70-жыл» деректі жобасы Севастополь қаласында өткен «Победили вместе» атты деректі фильмдер мен бағдарламалардың халықаралық фестивалінде арнайы дипломмен марапатталды.

«Kazsport» телеарнасының шығармашылық ұжымының күшімен отандық спортшылармыздың өмірінен сыр шертетін 12 деректі фильм, 150 -ден астам арнайы репортаждар мен арнайы жобалар эфирден көрсетілді. Сондай-ақ «Балапан» телеарнасы өткен жылы өзінің 5 жылдығын атап өтті. Сондай-ақ, «Балапанның» Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнайы шығарған «Батырлар» анимациялық туындысы Душанбеде өткен «ТЭФИ - Содружество V» халықаралық телевизиялық фестиваліне қатыстып, «Үздік анимация» атағына ие болды.

Айта кетейік, жыл өткен сайын жаңалықтардың саны мен сапасына ереше мән беріп отырған ұжым өкілдері 2015 жылдың қазан айынан бастап, ерекше маңызды жаңалықтар легін жедел түрде kaztrk.kz порталынан арнайы ашылған kaznews.kaztrk.kz сайты арқылы тарата бастады.