14 маусым - 15 шілде
Ресей Федерациясы

FIFA - 2018. Тарих пен бүгін. Бразилия құрамасы

FIFA - 2018. Тарих пен бүгін. Бразилия құрамасы
Бразилия құрамасы әлемнің 5 дүркін чемпионы атанған әзірге жалғыз құрама.

Дегенмен, «пентакампиондар» ең алғаш ұйымдастырылған әлемнің басты додасында алғашқы кезеңнен аса алмады, тек 1938 жылы Францияда ұйымдастырылған жарыста қола жүлдеге ие болды. Осы чемпионатта құрама шабуылшысы — Леонидас Әлем Чемпионаттары тарихында тұңғыш покер (бір матчта төрт гол) соққан футболшы ретінде тарих беттерінде қатталды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы Әлем Чемпионаты 1950 жылы Бразилияда өткізілді. Екінші топтық турнирдің шешуші матчында Бразилия құрамасы Уругваймен күш сынасты. Тең түссе болды, чемпион атанатын алаң иелері мүмкіндікті қолдан жіберіп алды. 47 минутта Фриаса бразилиялықтарды алға шығарғанымен, 68 минутта Скяффино есепті теңестірді. Ал, ойын бітуге 10 минут қалғанда Альсидес Хиггия шешуші голды соқты да, Уругвай екінші рет Әлемдік додада топ жарды. Бұл матч Бразилия футболы тарихында "Мараканасо" ("Маракана қасіреті") деген атпен ең қаралы матч ретінде есте қалды.

Бірақ, Бразилия құрамасының алар асулары әлі алда еді. 1958 жылы Швецияда өткен VI Әлем Чемпионатында Пеле, Гарринча, Диди, Вава секілді жұлдыздар құраманы сонау шырқау биікке бір-ақ көтерді. Команданы аңызға айналған бапкер Висенте Феола бастап барды. Құрама тұңғыш рет Әлем Чемпионы атанды. 4-4-2 жүесімен орналасуды да осы додаға бразилиялықтар бірінші болып қолданды. Бұл — Әлемдік футболдың жаңа кезеңінің басталу шағы еді.

1962 жылы Чилиде өткен чемпионатқа құраманы Айморе Морейра бастап барды. Бұл жолы команда 4-4-3 жүйесімен ойын көрсетіп, айласын асырып кетті. Футбол королі Пеле тек бірінші ойында ғана командасына жәрдем берді де, қалған кездесулерде жарақатына орай алаңға шыға алмады. Бұл жоғалту құраманың екінші рет чемпион атануына кедергі болмады.

1966 жылы Англияда өткен бәсекеде құрама топтық турнирден аса алмады. Пеле бұл жолы да жарақатына орай дұрыстап өнер көрсете алған жоқ. Бірақ, 1970 жылы Мексикада өткен Әлем Чемпионатында"Селесауларға" тең келетін құрама табылмады. Чемпионат басталуға аз ғана қалғанда құрама тізгінін ұстаған Марио Загало құрамадағы Пеле, Жаирзиньо, Жерсон, Тостао, Карлос Альберто секілді теңдессіз футболшыларды орнымен пайдалана білді. Нәтижесінде құрама үшінші рет әлм футболының шыңына шықты.

Келесі чемпиондықты аттай 24 жыл күтуге тура келді. 1974-1990 жылдар аралығында тек бір рет қана, 1978 жылы қола жүлдеге ие болды. Бұл аралықта құраманың намысын қорғаған Зико, Сократес, Фалькао, Эдер, Мюллер, Карека секілді футболшыларға алтын кубокты иемдену бұйырмапты. 1994 жылы АҚШ-та өткен "Соккер-шоуда" құраманы Карлос Альберто Парейра баптады. Ептеп прагматиктеу ойын көрсеткен құрама ешкімнен де жеңілмеді. Финалда өздерінің тарихи басты бәсекелестері — Италия құрамасын пенальти арқылы жеңіп, алтын жүлдені төртінші рет олжалады.

Арада төрт жыл өткен соң да құрама жақсы ойнады, тек финалда алаң иелері — Франциядан ірі есеппен (0:3) ұтылды да, күміс жүлдені қанағат тұтты. 2002 жылы Азия елдерінде өткен бәсеке бразилиялықтар үшін сәтті болды. Жеті матчтың жетеуінде де жеңіске жетіп, бесінші рет Әлем Чемпионы атанды.

2006, 2010 жылдарғы Әлем Чемпионаттарында құрама ширек финалдан аса алмады. 2014 жылғы әлемдік бәсеке тағы да Бразилияда өтті. Тілеулестері тек чемпиондықты күткен бұл додада Бразилия жартылай финалға ғана жетті. Германия құрамасынан 1:7 есебімен ұтылып, 64 жыл бұрынғы «Маракана қасіреті» бразилялықтарға қайталанды. Үшінші орын үшін өткен матчта да Голландияға жол беріп (0:3), бас бапкер Луиз Фелипе Сколари орнынан алынды.

«Селесао» құрамында ең көп ойын өткізге ойыншы Кафу болып табылады. Ол 1989-2006 жылдары аралығында ұлттық құрама сапында 142 ойын өткізіп, 5 голмен көзге түскен.
Ал, ең үздік бомбардирі аты аңызға айналған футбол «патшасы» Пеле (77 гол).

Әлем рейтингісіндегі орны:
FIFA-ның мамыр айында жариялаған тізімінде Бразилия құрамасы 2-ші орында тұр.

2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу сынында:
Оңтүстік Америка футбол қауымдастығына (CONMEBOL) мүше он ел құрамасының арасында бірінші орын алып, Ресейге апаратын билетке елден бұрын қол жеткізді. Барлығы 18 матч өткізді. Соның 12-ін жеңіп, 1 матчта жеңіліп, 4 ойында тең түсті. 41 гол соғып, 11 гол жебіріп алды.
Жұлдызды ойыншылары:
Неймар - әлемнің бүгінгі таңдағы ең қымбат ойыншысы. Былтыр жазда «Барселонадан» ПСЖ командасына 220 млн еуроға ауысып, рекорд жаңартты.
Неймар Бразилия құрамасы сапында 53 гол соғып үлгерді. Атақты Пеленің өзі 77, ал Роналдо 62 гол соққанын ескерсек, Неймардың ұлттық құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген болуы уақыттың ғана еншісінде тұрғанын байқаймыз.

Филиппе Коутиньо - Тите бастаған Бразилия құрамасының тағы бір маңызды ойыншысы. Техникасы мықты, шабуылды ұйымдастыру қабілеті жоғары, голдық пас шығарудың хас шебері. Бұған қоса алыстан бағыттаған соққысы да өте қауіпті. Оны өз қатарына қосу үшін биыл қыста каталониялық клуб 160 млн еуро шығындалды.
Осы кезекті Әлем чемпионатына іріктеу сынында Коутиньо 13 ойынға қатысып, 4 гол соқты және 2 нәтижелі пас берді.

Марсело - қазіргі таңда әлемдегі ең мықты сол қаптал қорғаушыларының бірі. Қорғаныста ғана емес шабуылда да керемет өнер көрсететін Марсело футбол жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысы.
Бразилия құрамасының капитаны болуға лайқты ойыншылардың бірі. Он жыл бойы Еуропаның үздік командасы «Реал Мадрид» сапында доп теуіп жүрген Марсело Бразилия құрамасының Ресей жерінде басты үміт артарларының қатарынан саналады.
Ресейде өтетін Әлем чемпионатында Бразилия құрамасы «Е» тобында Швейцария, Коста-рика және Сербия құрамаларымен бақ сынайды.

Бразилия құрамасының Әлем чемпионатына қатысуға жариялаған кеңейтілген құрамы:

Қақпашылар: Алиссон («Рома», Италия), Эдерсон («Манчестер Сити», Англия), Кассиу («Коринтианс», Бразилия).

Қорғаушылар: Данилу («Манчестер Сити», Англия), Фагнер («Коринтианс», Бразилия), Марселу («Реал», Испания), Филипе Луис («Атлетико», Испания), Тиагу Силва, Маркиньюс (оба – «ПСЖ», Франция), Миранда («Интер», Италия), Педру Жеромел («Гремиу»).

Жартылай қорғаушылар: Каземиру («Реал», Испания), Фернандинью («Манчестер Сити», Англия), Паулинью, Филиппе Коутинью (екеуі де – «Барселона», Испания), Фред («Шахтер», Украина), Ренату Аугусту («Бэйцзин Гоань», Қытай), Виллиан («Челси», Англия).

Шабуылшылар: Дуглас Коста («Ювентус», Италия), Неймар («ПСЖ», Франция), Тайсон («Шахтер», Украина), Габриэл Жезус («Манчестер Сити», Англия), Роберту Фирмину («Ливерпуль», Англия).