Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

«Әлемдік баспасөз фотосы» байқауының ең үздік суреттері Бельгия жұртшылығына ұсынылды

Журналистика бүгінде ең қауіпті мамандықтардың біріне айналды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мәліметінше, соңғы 10 жылда әлемде 1200 журналист мерт болған. Бірі Ирак, Сирия, Украина сынды әскери қақтығыс аймақтарында қаза тапса, енді бірі шындықты айтып, сыни мақала жазғаны үшін тапсырыспен өлтірілген. Журналистердің ерен еңбегін көпшілікке паш ету үшін жылда «World Press Photo», яғни, «Әлемдік баспасөз фотосы» байқауы ұйымдастырылып отырады. Өткен жылдың ең үздік суреттері Бельгия жұртшылығының назарына ұсынылды. 

Штаб пәтері Амстердамда орналасқан «World Press Photo» байқауының кеңсесіне былтыр 125 елдің фотографтарынан 73 мың сурет келген. Сапасы, мағынасы бірінен-бірі өтетін фотолардың арасынан үздігін анықтау қазыларға оңай болмаған. Бельгиядағы көрмеге сол үздіктерден іріктелген 160 сурет қойылған. 

Филип Маршал, көрме залы директорының орынбасары:

- Біз байқауда бірінші, екінші, үшінші орын алған фотографтардың суреттерін көрсетуге тырыстық. Бәрін сыйғызу мүмкін емес. Байқау спорт, табиғат, күнделікті жаңалық, қарапайым адамдар, өзекті мәселелер сынды бірнеше категория бойынша өткізілді. Мұндағы мақсат - адамдарға ой салу. 

Жылдың ең үздік суреті осы. Үкіметтің саясатына қарсы ереуіл кезінде отқа оранған венесуэлалық жеткіншекті Франс-пресс агенттігінің фотографы түсіріпті. Мьянма әскерінің қырғынынан қашпақ болып, аяусыз қырылған Рохинджа мұсылмандары бейнеленген мына фото да үздіктердің қатарында. Сириядағы соғыстың кесірінен елдерінен безген мыңдаған босқынның Еуропаға жеткенше тартқан тауқіметі де көрмеде көрініс тапқан. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Мына суреттер 2017 жылдың 22 наурызында Лондонда болған теракт кезінде түсірілген. Көлік тізгіндеген лаңкес «Вестминистер» көпірінде жаяу жүргіншілерді соғып өтіп, салдарынан 5 адам қаза тауып, 40 шақты адам зардап шеккен болатын. Оқиға орнына дереу жетіп, шынайы ақпарат таратқан «Рейтерс» агенттігінің тілшісі осы фотолары үшін байқаудың 2-орнын иемденіпті.

Латын Америкасындағы есірткі саудасы, қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу барысында таспаға басылған суреттер де көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Африка елдеріндегі ескі наным-сенімге негізделген дәстүрлер еуропалықтарға жайдың оғындай әсер етті. 

Анна-Мари, Льеж қаласының тұрғыны:

- Фотолар маған қатты әсер етіп тұр. Барлық жерде зорлық-зомбылық. Әсіресе, Африкада әлі күнге дейін әйелдерге, кішкентай қыздарға көрсетіліп жатқан зорлық сұмдық. 6-7 жастағы қыздардың бойжетуін тежеу үшін сүт бездерін үтікпен күйдіреді екен. Мұндай надандықты осы жасқа келгенше естімеппін.

Тири Ролан, мұғалім:

- Журналистердің рөлі, мақсаты бұқараға ащы да болса шындықты жеткізу ғой. Біз, еуропалықтар өз қазанымызда ғана қайнап, көп дүниеден бейхабармыз. Фотолардан шынайы өмірді көрсін деп оқушыларымды әдейі ертіп келдім. Бойларында ұлтқа, дінге қатысты алауыздық болмаса деймін.  

Өлім мен өмір арасындағы арпалыс, қыршыннан қиылған ғұмыр, шындық үшін күрес. Көрмеге қойылған әр суреттің өз тарихы бар. Әлемнің 45 елі мен 100-ден астам қаласында көрсетілетін көрмені 4 млн. адам тамашалайды.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: