Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Бельгияның Остенде қаласында халықаралық құм мүсіндер фестивалі ашылды

Осымен 21-ші рет ұйымдастырылып отырған көрме 2010 жылы мүсіндерінің биіктігі мен ауқымдығы жағынан Гиннес рекордтар кітабына енген болатын. Содан бері шеге құмнан жасалған кейіпкерлерді көруге келетіндердің қарасы күн сайын артып келеді.

Түртіп қалсаң, түтіле түсетін сусыма құмнан мүжілмейтін мүсін жасау ерен еңбек пен асқан төзімділікті талап етеді. Әлемнің 13 елінен келген 34 суретші осы жауһарларды жасау үшін бір жарым ай тер төгіпті.

Солтүстік теңіз жағалауында ертегілер қалашығын тұрғызуға сәулетшілер су тимеген көне дәуірдегі үңгірдің құмын пайдаланған. Міне, 240 жүк көлігімен тасылған 6 мың тонна шеге құмнан «Disneyland» жұлдыздарын сол қалпында сомдау үшін шеберлер барын салыпты. Кейіпкерлердің күш-қуатын, көңіл-күйін, тіпті, қас-қабағы мен маңдайындағы әжіміне дейін қалыпқа жақсылап құйған. Бұған кішкентай балғындар түгілі ересектердің өзі таңданысын жасырмады.

Венкер Раджа, турист:

- Осы құмнан жасалған мүсіндерді көру үшін мен арнайы Үндістаннан келдім. Мұнда «Диснейдің» барлық жұлдыздары бар. Кейіпкерлерді қалай айнытпай салғанына таңқалып тұрмын. Бұл зергерлік жұмыс деп айтар едім. Туындылар бірінен-бірі өтеді.

Флоренс Уидит, Льеж қаласының тұрғыны:

- Мен бірінші рет келіп тұрмын. «Диснейлендтің» кейіпкерлері көзіме оттай басылды. Өзімнің балалық шағымды еске түсірді. Кішкентай кезімде ата-анам Париждегі «Диснейлендке» жиі апаратын. Сол сүйікті мультфильм кейіпкерлерін осы жерден көріп, қатты қуанып тұрмын.

«Мики Маус», «Жұлдыздар шайқасы», «Мұзды өлке», «Кариб теңізінің қарақшылары». Ал, мынау футболдан Бельгия ұлттық құрамасының мықты ойыншылары. Биылғы Әлем чемпионатында жандарын салып ойнап, қола медальға ие болған жерлестері де «Disneyland» жұлдыздарынан кем емес. Жалпы, мұнда биіктігі 2 метрден 8 метрге дейін жететін 150 мүсін бар.

Александр Деман, Құм мүсіндер фестивалінің директоры:

- Фестиваль 10 мың шаршы метрге созылып жатыр. Сәулетшілеріміз «Диснейдің» 150 кейіпкеріне жан бітірді. Мүсіндер сапасы өте мықты, құрамында желімі көп үңгірдің құмынан жасалған. Желімі көп құм тез кебеді. Биыл елде күн былтырғыға қарағанда ыстық болғандықтан, фестивальдың уақытын 30 қыркүйекке дейін қысқарттық. 

Ұйымдастырушылар 30 қыркүйекке дейін жалғасатын көрмені 200 мыңнан астам адам келіп тамашалайды деген үмітте. Александр мен оның командасы келесі жылғы фестивальды Леонардо да Винчидің 500 жылдығына арнамақ.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: