Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Нотр-дам-де-Пари шіркеуіндегі өрт сөндірілді

Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ. Бірақ тарихи ғимараттың шатыры жанып, төбесі опырылып түскен. Францияның символына айналған соборды шарпыған өртке әлем елдерінің лидерлері өкініштерін білдіріп, Франция жұртына көңіл айтып жатыр.

Өрт дүйсенбі күні жергілікті уақытпен кешкі сағат 17:00 шамасында басталған. Ол ғимараттың жоғарғы қабатын әп-сәтте шарпып, шатырға лап қойды. Одан шіркеудің төбесі опырылып, собор сәніне айналған сүмбісі құлады. Сонымен қатар, ағаш конструкциялар түгел жанып кетті. Дегенмен, оқиға орнына дереу жеткен 400 өрт сөндіруші сегіз сағаттай отпен арпалысып, ғибадатхананың екі мұнарасы мен ішіндегі діни құндылықтарын құтқарып үлгерді. Апаттан бір өрт сөндіруші ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген.

Бүкіл әлем көз тіккен оқиға орнына президент Эммануэль Макрон да жетіп, үлкен өкініш білдіріп, елдің тарихы өртеніп жатқанын мәлімдеді.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Ең қиыны артта қалды. Алайда, шайқаста әлі жеңіске жетпедік. Бұл - тарихымыз. Біздің бір бөлігіміз жанып жатыр.

Тағы бір сөзінде Макрон шіркеуді қалпына келтіру жұмыстарына қаражат жиналып, оған шетелдік таланттар тартылатынын атап өтті.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Шіркеуді бірге қалпына келтіреміз. Бұл - француз халқының тағдыры, алдағы жылдары бірлесе атқаратын жұмысымыз.

Париждің қақ ортасында орналасқан католиктер шіркеуі XIII ғасырда салынған. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген көне соборды көру үшін Францияға жылына 13 миллион турист барады. Сондықтан Сена өзені бойына жиналған саяхатшылар мен мыңдаған париждіктер өкініштерін білдіріп, көз жастарына ерік беріп жатыр.

Синди Ортега, эквадорлық турист:

- Жүздеген жылдық тарих отқа оранды. Бұл - жаһандық туынды дәуірінің аяқталғаны. Мұны орны толмас өкініш деп білемін.

Қазір алапат өрт толықтай бақылауға алынды. Әзірге оның неден тұтанғаны белгісіз. Дегенмен, шіркеуде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары отқа себеп болуы мүмкін. Бұл оқиға бойынша Франция прокуратурасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, Париж мэрі Анна Идальгоның сөзінше, кафедральдық соборда болған өнер туындыларының көбі аман қалып, арнайы қоймаға жеткізілген.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ