Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Ресей Үкіметі дедолларизация бағдарламасын қабылдамақ

Ресей экономикасының долларға деген тәуелділігін азайту керек. Бұл - көрші елдегі қаржыгерлер мен саясаткерлердің арасында біраздан бері талқыланып келе жатқан мәселе. Алайда, соңғы кездердегі АҚШ-пен арадағы текетірес бұл процесті тездетіп отыр. Сарапшылардың кейбірі «Ресейдің доллардан біртіндеп бас тарту қадамының саяси себебі бар», десе, енді бірі «бұл шынайы экономикалық қажеттілік», деген пікірде.

Ресейдің қаржы министрлігі қазан айының басында доллардан арылу жөнінде арнайы жоспар әзірлеген. Қазір ол құжат Үкіметтің қарауында. Соған сәйкес, енді Ресей тарапы басқа елдермен сауда-саттық жүргізгенде долларды емес, екі тараптың ұлттық валютасын пайдалануы мүмкін. Мәселен, Қытаймен арадағы алыс-берісте рубль мен юань, ал, Қазақстанмен тауар алмасқан кезде теңге және рубль қолданылуы керек.

Ярослав Лисоволик, РФ Үкіметі жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі:

- Ресей экономикасының доллардан арылуы туралы айтар болсақ, бұл доллардан мүлде бас тарту емес, дегенмен біртіндеп оның үлесін азайту деген сөз. Бұл қадамның экономикалық тұрғыда тиімді тұстары көп. Себебі, ұлттық валютамыз рубльге деген сұраныс көбейеді, оның халықаралық қаржы нарықтарындағы құны артады. Экономикадағы ұлттық валютаның үлесі артқан сайын доллар бағамының тез өзгеруіне байланысты болатын конвертациялық шығындар азаяды. Сондықтан, мұндай қадамның зиянынан гөрі, пайдасы көп деп есептеймін. 

Ресей Үкіметі өзге елдермен сауда-саттықта долларға мүлдем тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Бірақ, рубльды пайдаланған компанияларға бірқатар жеңілдіктер беріп, ынталандырмақ. Бұдан бөлек, еуро, юань сияқты өзге де валюталарды қолдану арқылы Ресей өзінің қаржы нарығын мейлінше әртараптандырады. Бұл әзірге Үкімет жоспарының көпке белгілі тұстары ғана. Ал, долларға деген тәуелділікті азайту үшін нақты қандай шаралар қабылданатыны жақын күндері ресми түрде жарияланбақ.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.