Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Елордада балабақшаға жолдама алу жүйесі жеңілдеді

Елордада балабақша кезегіне тұру мен оған жолдама алу жүйесі жеңілдеді. Енді мектепке дейінгі мекемеге тіркелу үшін ұялы телефон болса жеткілікті. Балабақша орындарын үлестіру жүйесіне биыл бірқатар өзгеріс енгілізіп отыр. Өйткені осыған дейінгі жүйеге ата-аналар тарапынан наразылықтар тым көп болған. Сонымен қандай жаңашылдықтар бар? Асима Нұрбайқызы біліп қайтты.

Осыған дейін астаналық ата-аналар ХҚКО-нан электронды цифрлық қолтаңба алып, тәулік бойы кезекті күзетіп отыратын. Өйткені балабақшада босайтын орындарға талас көп. Уақыт шектеулі. Ал, бұдан былай бұрынғыдай компьютердің алдында телміріп отырудың қажеті жоқ. Өйткені ол қызметті қолыңыздағы смартфон алмастырмақ. 

Әнуар Жанғозин, қалалық Білім басқармасының басшысы:

- Енді осы жүйеге кіру үшін ЭЦҚ да, компьютер де қажет емес. Бүкіл қызметтерді сматрфон арқылы алуға болады.

Электронды жүйеде әрбір балабақшаға қатысты барлық ақпарат бар. Мекеменің орналасқан жері, сапасы, бағасы, бос орындар саны сынды кез келген сауалыңызға жауап табасыз.

Тағы бір жаңашылдық – ата-ана ұнатқан балабақшасын таңдағысы келсе, белгі қалдырып кетсе болады. Сол мекемеде орын босай қалған жағдайда бірден оның электрондық поштасына хабарлама келеді. 

Жазира Асанова, қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Мысалы, сізге белгілі бір балабақша қажет. Сол балабақшада орын босайын деп жатса, хабарлама келеді. Сол арқылы сіз анықтайсыз бүгін кіру керек пе, ертең кіру керек пе? 30 мамырдан 6 маусымға дейін Оқушылар сарайында түсіндірме жүргіземіз жаңартылған жүйе бойынша.

Жаңартылған жүйе маусымның 10-нан бастап іске қосылады. Биыл шамамен, елордада 17 мыңға жуық бала мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етіледі. Алғашқы күндері 2016, 2017 жылы туған балалар, 14 маусымда 2015 жылғы, 19-ы күні 2013-2014 жылы туған балалар үшін бос орындар жарияланбақ. Жүйеге әдеттегідей e.astana.kz сайты арқылы кіруге болады.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ