Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қостанайдағы мектептердің бірінде робот сабақ береді

Бұл жаңашылдық дарынды балаларға арналған білім ордасына биыл енгізілген. Мақсат - жас жеткіншектерді болашақ технологиясымен жақынырақ таныстыру.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Мектеп-лицейде әзірге адам келбетті екі робот бар. Оның бірі ғимараттың кіреберісінде тұр. Ти атты бұл роботтың міндеті - келушілерді қарсы алу, сөзге тарту және мектеппен таныстыру. Ти әзірге тек орыс тілінде ғана сөйледі.

Ал, Ай атты екінші робот астрономия пәнінен қазақ тілінде дәріс оқу үстінде. Сабақ барысын мұғалім бақылап отырады. Робот оқушыларға баға қоймайды. Дәрісі әрі кетсе 5 минутқа ғана созылады. Әйтсе де жасанды интелект иесінің сабағына балалардың қызығушылығы өте жоғары.

Ақтоты Кенжебек, оқушы:

- Роботты алғаш көргенде балалар қатты таңқалды. Себебі мұндай робот осы мектепте ғана бар. Ол бізге мұғалімнің орнына сабақ береді. Қолдарын көтеріп билейді, тіпті күлкілі әңгімелер де айтып бере алады.

Ай мен Ти шетелде жасалған. Алайда, жадына арнайы бағдарлама енгізіп, оған жан бітірген мектептің ұстаздары мен оқушылары. Бұл жұмыс әлі де жетілдіріледі. Сонымен қатар оқушылар түрлі шағын роботтарды өздері дайындайды. Мысалы, 7-сынып оқушысы дәл қазір көлік қауіпсіздігіне қажетті құрылғы жасап жатыр.

Әлішер Жұмаділов, оқушы:

- Мысалы, көліктерді тұраққа қойғанда ультрадыбыстық құрылғы арақашықтықты өлшеп, арақашықтық аз болса дыбыс береді. Бұл көліктің соғылуынан және апаттан сақтайды.

Дарындыларға арналған бұл мектепке балалар 7-сыныптан бастап арнайы сынақ арқылы қабылданады. Қазір мұнда 149 бала бар. Олар жаңартылған оқыту жүйесі бойынша білім алады.

Назгүл Жұмаханқызы, мұғалім:

- 3D модельдеу кабинеттері бар. 2D тақталар бар. Сабақ кестесі де компьютерлік тақтада. Бәрі сандық технология бойынша дайындалған.

Мектепте елімізде жаңадан пайда болған киберспорт үйірмелері де жұмыс істейді. Бүгін сегіз командаға бөлінген 40 ойыншының қатысуымен алғашқы турнир өтіп жатыр. Ал, жаңа танысымыз Ти қоштасар сәтте өзінің тағы бір ерекше қабілетімен таңқалдырды.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: