Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мәскеуде О.Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегі қайта басылып шықты

Белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» шығармасы Мәскеу қаласында қайтадан басылып шықты. 90 жылдық тарихы бар, Ресейдегі ең көне әдеби журналдардың бірі саналатын «Роман-газета» тұтас бір нөмірін қазақ қаламгерінің белгілі еңбегіне арнап отыр. Екі мың данамен шыққан журналдың бұл саны Ресейдің барлық аймақтарындағы үлкен кітапханаларға таратылады. Осылайша, көрші елдегі көзіқарақты оқырман, әсіресе, жастар жағы, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сымен кеңірек таныса алады. Бұл басылымның ерекшелігі, «Аз и Я» автордың жаңа кіріспе сөзімен шығып отыр. Ол жерде жазушы, өзінің атышулы еңбегі жарық көргеннен соңғы қудалау сәттерін және ғалымдар мен әдебиеттанушылардың, тіпті саясаткерлердің бұл туындыға қатысты әртүрлі ұстанымда болғанын ашық баяндайды.   

Юрий Козлов, «Роман-газета» журналының бас редакторы:

- Біз еуразиялық ортақ әдеби кеңістік туралы, түркі халықтары мен славяндардың мыңдаған жылдарға созылған байланыстары жайлы деректерді ресейлік оқырманның есіне тағы бір рет салғымыз келді. Сол себепті, журналдың бір нөмірін Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сына арнадық. Қазір ол оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі, автордың бұл шығармасы ешқашан мәнін жоғалтпайды.

Ермек Алданов, «Мәдениет» халықаралық қорының Ресейдегі өкілі:

- «АЗ и Я» шыққалы 40 жылдан астам уақыт өтті. Сол уақыттан бері осы кітаптың төңірегінде қандай оқиғалар болды, нендей жағдайлар туғанын, соның бәрін түсіндіріп, оқырмандарға, «АЗ и Я»-ны бұрын оқыған адамдарға өте қызық көрінетін жағдайларды кіріспе сөзінде жазып шығарды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: