Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Қызылордалық Сымбат Әбдірахманова қазақ тілінде мультфильм дайындады

Қызылорда қаласының тұрғыны Сымбат Әбдірахманова мультфильм құрастырды. Баланың ақыл-ойын дамытуға арналған мультипликациялық туындылар қазақ тілінде дайындалған. Сонымен бірге, бұл мультфильмдер мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру үшін әдістемелік құрал ретінде де пайдалы. Сондықтан, Сымбаттың ойлап тапқан кейіпкерлеріне қызығушылық жоғары.

Бұл - Сара. Осы уақытқа дейін шетелдік Дарамен дос болған Жарасым енді күн сайын қазақтың Сарасымен тілдесуге асығады. 7 жастағы балақайдың құлағы естімейді. Сондықтан, оның тілін шығару үшін ата-анасы баланы арнайы орталыққа әкелді. Қазір мұнда Жарасым қазақ тіліндегі арнайы  мультипликациялық туынды арқылы кейіпкермен бірге тіл дамытып қана қоймайды, әлемге саяхат жасап, түрлі оқиғаларға тап болады. Қызықты тапсырмаларды бірге орындайды. 

Айжан Жанекеқызы, логопед, сурдопедагог:

- Дыбыстарға қатысты арнайы мультфильмдер бар. Ол мультфильмдерді біз балаларға тіл машықтандыру барысында қолданамыз. Тапсырмалар балаларға жеңіл, қызықты.

Бұл мультфильмдер әзірге тек «YouTube» каналда бар.  Алғашқыда анимациялық фильм арнайы топқа жататын балалар үшін жасалды делінгенімен, кейін аудиториясы кеңейді. 1 жас пен 6 жас аралығындағы  бүлдіршіндерге  арналған туындының 9 сериясы дайындалды.

Сымбат  Әбдірахманова, автор, облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі:

- Мен екі түрлі мультфильм дайындадым. Біреуі түстерді үйретуге арналған, 4 бөлімнен тұрады. Екінші, дыбыстарға машықтандыру мультсериалы.

Сценарийді Сымбат өзі жазады, өзі монтаждайды. Әр кейіпкері арқылы баланың бойына ұлттық құндылықты сіңіруді мақсат етеді. Ал, рөлдерді образға сай жеткізуге, дыбыстауға айналасындағы дос-жарандары мен туыстары көмектеседі. Қазір Сымбат Қызылорда облысы туралы мультфильм дайындап жатыр. Оның басты кейіпкері өңірді аралап, тарихы, табиғаты туралы қызықты мәлімет береді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Поделиться: