Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

5 мемлекеттің тұрғындары бос жұмыс орындарын енді ортақ дерекқордан табады

Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер арасында еңбек нарығында ортақ база жасалатын болды. Яғни, 5 мемлекеттің тұрғындары жұмысқа қатысты бос орындарды енді ортақ дерекқор арқылы таба алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейінгі жиындарда айтқан бұл ұсыныс енді жүзеге асып, ұйым елдерінің халқы игілігін көрмек. Бүгін Ресейдің Санкт- Петербург қаласында Еуразиялық Экономикалық Одақтың жоғары кеңесі мен ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтті. Жиынға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бүгінгі келелі кеңесте 21 құжатқа қол қойылды.

Дулат Жексенбайұлы, тілші:

Әлемдік геосаясат сан құбылып тұр. Жуан елдер арасындағы тартыс, экономиканы тежеп, алыс-берісті бәсеңдетті. Батыстың Ресейге салып жатқан санкциясы күн санап салмақтана түсуде. Санкт-Петербургқа жиылған 5 елдің мемлекет және Арменияның үкімет басшысы алдымен әлемдік жағдайды саралады. Содан кейін, Владимир Путин дәстүр бойынша мәртебейлі меймандарды жеке-жеке қарсы алып, кіші құрамда кездесу өтті.

Осыдан 4 жыл бұрын құрылған Еуразиялық Экономикалық Одақтың қаржылық көрсеткіштері ұйымға мүше мемлекеттердің мүмкіндігін молайтты. Өсу динамикасы сақталды. Сауда-саттық пен инвестиция артып келеді. Біріккен жобалар ашылды. Мәселен, Қазақстанда 5 елдің қатысуымен 10 мың біріккен кәсіпорын құрылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа кодекс бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні 8 цифрлық бастама қолға алынды. Инвестиция 6,2 пайызға өсті. Халықаралық дәрежеде серіктестер көбейіп жатыр. Молдова елі бақылаушы болды. Сингапур, Мысыр, Сербия, Үндістан, Қытай сияқты бестік Одаққа қызығушылық танытуда. Бұл жұмыстар тоқтамауы тиіс.

Жиында 2025 жылға дейін цифрлық теxнологияларды дамыту жоспары сөз болды. Бұл бағдарламалық құжат еуразиялық бестікке электронды сауданы бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге бұрын қабылданған құжаттарды жұмыс істету керек. Ол негізгі төрт қағида: тауар, капитал, қызмет көрсету және жұмыс күші. Сонымен қатар, одаққа мүше елдердің зейнетақымен қамту бағдарламасын да ұмытпауға тиіспіз. Жалпы айтқанда, 2025 жылға дейін мемлекеттер арасындағы сауда-саттық ешбір кедергісіз болуы керек. Ал, еуразиялық комиссия үлкен жобаларды қолға алуы тиіс.

О баста Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттер тең құқыққа ие болады деп келісілген. Көгілдір газ бен мұнай өнімдерін тасымалдау туралы қаралған құжатта Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей тарапына назын айтты. Себебі, орыстар көгілдір отынды бауырлас беларустарға 127 доллардан сатып отыр. Тиісінше, Германия тұтынатын бағаға жетеғабіл деп киікті Лукашенко.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

- Біздің негізгі экономикалық серігіміз Германия емес, Ресей. Біз бауырлас елден бағаны төмендетуді сұраймыз. Себебі, біз одаққа мүшеміз. Осы жағы ескерілуі керек деп ойлаймын.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Егер Беларуське жеңілдік болмаса, нарықтағы бағамен 200 долларға сататын едік. Сондықтан, бұл мәселені жабық түрде талқылайық.

Ресей тарапы биыл Еуразиялық Экономикалық Одаққа төрағалық етті. Келер жылы бұл жүкті Армения арқалайтын болады.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Біздің Telegram каналды оқи жүріңіз: