Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарына Қазақстан 67 спортшысын үкілеп қосып отыр

Кеше кешкісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Сапар аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Қос ел басшысы, соңғы бір жыл ішінде бірнеше рет жүздескен.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев екеуара кездесулерде жасалған уағдаластықтардың өз жемісін беріп жатқанына тоқталды. Ал, Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян қазақ басшысының конфессияаралық келісімді дамытуға қосқан үлесін ерекше бағалаймын деді.

2019 жыл бұл елде толеранттылық жылы деп жарияланыпты. Осы орайда Қазақстаннан үйренеріміз көп деп отыр. Сондай-ақ, биыл Біріккен Араб Әмірліктері елдің негізін қалаған шейх Зайдтың 100 жылдығын атап өтті. Танымал тұлға көзі тірісінде Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше құрметтеген екен.

Абу Дабидің тақ мұрагері «Қазақ Президентіне деген бұл құрметіміз әлі күнге дейін бір мысқал төмендеген жоқ», деді. Екіжақты кездесуден кейін Мемлекет басшысы Абу-Дабидің көрікті жерлерінің бірі - шейх Зайд мешітіне келді. Танымал тұлғаның рухына тағзым етті. Сондай-ақ, мешіттің архитектурасымен танысып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Ал бүгін кешке  Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатыспақ. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған бұл сайысты Таяу Шығыс елдері арасында Біріккен Араб Әмірліктері алғаш болып өткізбекші. Жарысқа  Қазақстан 67 спортшысын үкілеп қосып отыр. 

Мақсат Әбуов, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:

190 мемлекет қатысады, 24 спорт түріі бар. Біздің Қазақстан құрамасы 15 спорт түрлерінен келді. Бұл бірінші жарысымыз емес. 2015 жылы да қатысқанбыз. Әлемдік жарыстар Америкада өткен. Ол жерден де жүлделі орын алғанбыз. Қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге рахмет айтамыз. Елбасымызға алғыс айтамыз.

Шынар АСАНҚЫЗЫ