Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен кездесті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтаудың және оны әрі қарай нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі аясында мемлекетаралық байланыстарды дамытудың қажеттігін айтты. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі түркі халықтарының арасындағы байланыстарды дамыту және нығайту мақсатымен құрылған болатын. «Бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Мен жан-жақты қолдау көрсетемін», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Түркия бізге тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап қолдау көрсетіп келеді. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз бір-біріне өте жақын. Екі ел арасында визасыз режим енгіздік. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Осы бағыттың жалғаса түсетініне сенімдімін.

Мевлют Чавушоглу Елбасыға ризашылық білдіріп, Режеп Ердоғанның жақын уақытта Түркияға келуге қатысты шақыруын жеткізді. Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылады. Соңында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Сіздің Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, «Nur Otan» партиясының жетекшісі ретінде Қазақстан халқының игілігі жолындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып жатқаныңызға қуаныштымыз. Қазақстанды өркендету және екіжақты қарым-қатынастарды дамыту ісіне өлшеусіз еңбек сіңіргеніңізді жақсы білеміз. Түркі әлемі елдерін дамытуға қосқан еңбегіңіз ерен. Сізге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін зор ықыласпен жеткізгім келеді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ