Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Елбасы тарифті негізсіз көтеретін монополист компанияларды сынға алды

Тарифтерді негізсіз қымбаттатып, халықтың қаржысын заңсыз жымқырған монополистер қатаң жазалануы тиіс. Бүгін Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді. Жиында халықты алаңдатқан әлеуметтік мәселелер сөз болды. Елбасы жыл соңына дейін бұл саланы реттеп, түйткілдерді шешуді қатаң тапсырды. Қауіпсіздік кеңесінде көтерілген басты мәселелер қандай?

Қазір қоғам арасында халықты ерекше алаңдатып отырған, түйіні шешілмеген мәселе көп. Мысалы, азаматтар күнкөріске қажетті қаражаттың басым бөлігін коммуналдық қызметке жұмсаймыз деп шағымданған. Тіпті, электр қуатының тарифы қымбаттап жатыр, бұл тұрмысымызға әсер етеді деп наразылық танытқандар көп. Осыны ескерген Елбасы саладағы мәселелерді реттеу үшін Бас прокурорға арнайы тексеріс жүргізуді тапсырған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде алты мәселенің арасында ең алдымен коммуналдық қызметтердің жоғары құны айтылған. Содан кейін қымбат медициналық қызмет көрсету мен оқыту, үшінші, білім беру сапасының төмендігі тұр.

Мұндай мәселелерді реттеп, халықтың әл-ауқатын көтеруді Мемлекет басшысы қазан айындағы Жолдауында да міндеттеген. Ең төменгі еңбекақыны арттырып, тұрғын үй құрылысы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсартуды басты назарға алған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайын көтереміз деп айттым. Төмен жалақыны көтереміз, үй, жол саламыз дедім. Бас прокурорға тексеруге тапсырма бердім.

Президенттің тапсырмасымен тексеруді бастаған Бас прокурор жаға ұстатарлық деректерді анықтаған. Мәселен, монополистер шығындарға қажет деп мемлекет есебінен 1 трлн. теңге қаражат алған. Алайда, тозығы жеткен құрал-жабдықтар мүлдем жаңартылмаған. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі энергия өндіретін кәсіпорындарға мониторинг жүргізбеген. Ұсынылған есеп-қисаптың дұрыс-бұрыстығын тексермеген.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:

- 2009-2015 жылдарға арналған «Инвестицияның орнына тариф» бағдарламасы сол қалпында қала берген. 2016 жылы тариф төмендетілуі тиіс болатын. Алайда, өндірушілер энергияны қосарланған ставкамен, яғни, бұрынғы жоғары тарифпен жеткізуін жалғастырып келген.

Бұл дегеніңіз – энергетикалық компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз түрде өз қаражатын арттырып келген деген сөз. Тексеру нәтижесінде халыққа келтірілген 14 млрд. теңгенің шығыны анықталған. Ал, 15 млрд. теңге энергиямен қамтамасыз ететін ұйымдардың заңсыз кірісі екені белгілі болды. Бұл компаниялар айласын асыру үшін қызмет құнына түрлі сыйақы, бонус, несие төлемдерін, іссапар және өзге де жоқ шығындарды заңсыз қосып отырған. Тексеру барысында үш жылдың ішінде тұтынушылар 29 млрд. теңгесінен қағылған. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер тариф өсімі қолдан жасалса, яғни, нақты экономикалық есептеусіз іске асырылса, бұл әр отбасына артық шығын, қалтасын қағады. Бұл менің Жолдауымдағы басымдықтарға қайшы келеді. Жолдаудағы жүктеген міндеттерді жете түсінбеген және оны орындауға қауқарсыз мемлекеттік орган басшыларының мемлекеттік қызметтегі жұмысы орынсыз. Қызметіне адал қарамайтын монополистер жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Мұндай заңсыздыққа, тіпті, елордалықтар да тап болған. Бас қалаға энергия жеткізетін жалғыз ғана «Астанаэнергосбыт» компаниясы негізсіз тарифтің арқасында тұтынушылардың 3 млрд. теңгеге жуық қаржысын иемденген. Қайрат Қожамжаров саладағы заңбұзушылықтарды жіті тексере келе лауазымды тұлғаларға қатысты қызмет бабын асыра пайдалану және немқұрайлылық фактілері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республиксының Президенті:

- Бұл жұмыстармен айналысуы тиіс өкілетті органдар өздерінің қауқарсыздығын көрсетіп отыр. Тарифті қалыптастыруда тәртіпсіздік барын көрдік. Ешкім салаға қажетті бақылау жасап жатқан жоқ. Бәрінен бұрын осы мәселеге Ұлттық экономика министрлігі тиісті деңгейде назар аудармауда, оған бағынышты монополияға қарсы ведомство өкілдері өз жұмыстарын еңсере алмай жатыр.

Президент тарифтерді заңсыз көтерген монополистерді жазалауды талап етті. Сондай-ақ, өз жұмысына салғырт қарап, жауапсыздық танытқан Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасына сөгіс жариялады.

Халықты толғандырған мәселелерді саралай келе, Елбасы Қазақстанда электр энергиясының құнын төмендетуді тапсырды.

 

Жазира ДОСМАҒАНБЕТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.