Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды

Кеше кешкісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Сапар аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Қос ел басшысы соңғы бір жыл ішінде бірнеше рет екеуара жүздескен.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы кездесулерде жасалған уағдаластықтардың өз жемісін беріп жатқанына тоқталды. Ал, Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян қазақ басшысының конфессияаралық келісімді дамытуға қосқан үлесін ерекше бағалаймын деді. Араб әмірліктері де Қазақстан тәрізді көпұлтты, мәдениетаралық, дінаралық орталыққа айналғысы келеді.

Соның дәлелі болса керек, 2019 жыл бұл елде толеранттылық жылы деп жарияланыпты. Сондай-ақ, биыл Біріккен Араб Әмірліктері елдің негізін қалаған шейх Зайдтың 100 жылдығын атап өтті. Танымал тұлға көзі тірісінде Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше құрметтеген екен.

Абу Дабидің тақ мұрагері «Қазақ Президентіне деген бұл құрметіміз әлі күнге дейін бір мысқал төмендеген жоқ», деді. Екіжақты кездесуден кейін Мемлекет басшысы Абу-Дабидің көрікті жерлерінің бірі шейх Зайд мешітіне келді. Танымал тұлғаның рухына тағзым етті. Сондай-ақ, мешіттің архитектурасымен танысып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Ал бүгін кешке Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатыспақ. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған бұл сайысты Таяу Шығыс елдері арасында Біріккен Араб Әмірліктері алғаш болып өткізбекші. Жарысқа Қазақстан 67 спортшысын үкілеп қосып отыр. Олар теннис, боулинг, бадминтон, баскетбол, жеңіл атлетика секілді бірнеше спорт түрінен бақ сынайды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ