Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары (Толығырақ)

Соңғы екі жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда-саттық айналымы 30 пайызға артқан. Бірлескен кәсіпорындар саны 2017 жылы 900 болса, қазірде 1400-ге жеткен.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасындағы мемлекеттік сапары аясында бүгін 9 құжатқа қол қойылды.

Оның ішінде экономиканы дамыту, қорғаныс саласы, көші-қон мәселесі мен шекарадағы өзен суларды тиімді пайдалану туралы құжаттар бар. Арал теңізін құтқаруға да баса назар аударылды. Президенттер өзара келісе келе, Аралға қатысты арнайы жоба әзірлеп, оған халықаралық ұйымдарды тартуға уағдаласты.

Көксарай президент резиденциясында сап түзеген сарбаздар соңғы дайындықты пысықтауда. Мәртебелі мейманның келуіне санаулы минуттар қалды. Қазақ Президентінің мемлекеттік сапарына деген мұндағы көзқарас ерекше. Бұқара үшін Өзбекстанның Республикалық телеарналары  салтанатты шараны тікелей эфирден көрсетті. 

Дәстүр бойынша ресми жорылғылар жасалып, қарауыл басы біздің Президентке ишарат танытты. 

Өзбекстан тарапы салтанатты шараға осы елде елшілік қызмет атқарып жүрген өзге мемлекеттердің дипломатия өкілдерін де шақырған. Ескеру керек, мұндай құрмет кез келген президентке көрсетіле бермейді.

Алдымен шағын құрамда кездесу өтті. Президенттер кезектесе сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі жұмысқа тоқталды. Келіссөздердің нәтижелі өтетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті Шавкат Миромонұлы, ең алдымен, сіздің қонақжайлылығыңызға шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Бұл сапар екі мемлекет үшін де аса маңызды. Кең ауқымды мәселелер туралы ой бөлісіп, пікір алмасамыз.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан  Республикасының Президенті:

Қазақстан біздің досымыз. Стратегиялық әріптесіміз. Соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыс артып келеді. Бұл ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің еңбегі. Сіздің де екі елдің достығын бекемдеуге қосқан үлесіңіз зор. Сол үшін сізге  алғыс айтамын. Бізде шешілмеген мәселе жоқ. Келіссіздер жемісті өтеріне сенемін.

Қасым-ЖомартТоқаев өзінің алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастады. Бұл ресми Нұр-Сұлтан үшін теріскейдегі көршіміздің қаншалықты жақын екенін көрсетсе керек. Кеңейтілген құрамдағы кездесуде барлық сала бойынша әңгіме өрбіді. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан алғаш рет аймақаралық бизнес форум өткізді. Бұл қос елдің үкіметаралық байланысына тың серпін беріп, алыс-беріс көлемі 3 млрд долларға жетті. 2020 жылы бұл көрсеткішті 5 млрд-тан асыру көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақта «Өзбек – өз ағам» деген сөз бар. Бұл нақыл сөз халықтарымыздың бір-біріне деген сенімін, бауырластығын, шынайы сезімін, кең пейілін айқын көрсетеді.

Қазақстан үлкен транзиттік хаб мемлекет. Көршілеріміз біздің ел арқылы саудасын жүргізіп отыр. Бұл бағытта жасалған тиімді келіссіздер екі жаққа да пайдасын әкелуде. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі келіссөздер барысында біз  өзбек тауарларын Құрық порты арқылы шетелге тасымалдау туралы сөз қозғадық. Әрине, Қазақстан тарапы бұған қызығушылық танытып отыр. Ал шекарада орналасқан Ақжігіт ауылына дейінгі  жол құрылысы уақытылы аяқталады.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан  Республикасының Президенті:

Сіздің мемлекеттік әрі диломатиялық тәжірибеңіз Қазақстан мен Өзбекстанның байланысын нығайтуға күш салатыныңызға сенемін. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам Нұрсұлтан Назарбаев екі елді жақындастыруға көп еңбек етті. Ол кісінің жасаған жақсылығы өлшеусіз. Біз Арал теңізін құтқаруға келістік.  Халықаралық донорларды тарту арқылы арнайы жобалар жасалады.

Президенттер Қазақстан мен Өзбекстанның байланыстарын жаңа деңгейге көтеру туралы арнайы құжатқа қол қойды. Ал үкіметаралық,  9 келсім жасалды.

Екі жарымжылда атқарылған жұмыстар аз емес. Арнайы жол картасы жасалып, комиссия жұмыс істеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың маңызын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Су энергетикасын тиімді пайдалануға  ерекше ден қойылды. Орта Азияның  Шекаралық өзен сулары - барлық елдерге ортақ қазына. Суды тиімді пайдалану миллиондаған адамның өмір сүруіне әсер етеді. Содықтан, осы мәселеге біз ерекше мән береміз.

Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азияда көшбасшы мемлекеттер. Өңірде жасалатын барлық сауда-саттықтың 50 пайызы екі елге тиеісілі. Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық әлеуметін арттыратын тағы бір серпінді жоба қолға алынды.     

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында  экономикалық әлеуетті арттыруға бағыталған «Орта Азия» халықаралық орталығы құрылатын болды. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. Орта Азиядағы ең ірі тразнзиттік хабқа айналады. Шекарадан жылдам өтуге мүмкіндік туады. Бұл мәселеге екі мемлекет те қызығушылық танытып отыр.

Рас, соңғы екі жылда қазақ-өзбек қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Алыс-беріс, барыс-келіс артты. Тұрғындар да екі елге емін-еркін жүріп-тұратын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Транзиттік көлік саласы да біздің назарда. Екі жақтың жүргізген қызу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында экспорт пен импорттық көрсеткіштер өсті. Көлік, әуе қатынасы көбейді. Тұрғындардың сұранысына сәйкес қосымша маршруттар ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында әріптесі Шавкат Мирзиеевке Өзбекстанда тұрып жатқан этникалық қазақстарға деген ерекше көзқарасы үшін алғыс айтты. Және өз тарапынан Қазақстанда тұрып жатқан өзбектерге де сондай құрмет көрсетіледі, деді.

Дулат ЖЕКСЕБАЙҰЛЫ