Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мемлекет басшысы Сыр өңіріндегі бірқатар нысанды аралады

Мемлекет басшысының өңірлерге сапары жалғасуда. Бүгін Президент Сыр өңірінде болып, бірқатар маңызды нысандарды аралап, облыс жұртшылығымен кездесті. Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, жуырда пайдалануға берілген жаңа нысандарды аралап көрді. Өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың іс жүзіндегі нәтижелерін көзбен көріп, шаруалармен кездесті. Президент Үкімет пен облыс басшылығына өңірде жақын арада қолға алынуы керек 8 басым бағытын айқындап берді.

Бір кездері болашағы бұлыңғыр саналған Қызылорда облысы қазір даму қарқыны бойынша үздік бес өңірдің қатарында. Сырдарияны жағалай қоныстанған 750 мың халқы бар. Алғашқы астана - Қызылорда қаласы былтыр 200 жылдық мерейтойын атап өтті. Облыста соңғы алты жылда 200 нысан пайдалануға берілген. Қызылорда облысы жан басына шаққанда әлеуметтік салаға қаржы бөлуден өңірлер арасында бірінші орында. Президент барған көпбейінді балалар ауруханасы «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында салынған. Мемлекет басшысы аурухана жұмысымен танысып, өңірдің медицина мамандарымен кездесті.

Зоя Көшенова, Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Туу көрсеткіші сол көрсеткіште қалса да, нәресте өлімі 4 есеге арзандап отыр. Жүкітілік кезіндегі денсаулық ақаулары да азайды. Осы жетістіктердің барлығы жаңа аурухана мен заманауи техниканы алудың нәтижесінде.

Сыр өңірі тек өндіріс емес, ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Бүгінде 15 түрлі өнім экспорттап отыр. Басты бренд - күріш. Мемлекет басшысы өңірдегі ең ірі күріш зауытында да болды.

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Қызылорда облысы елдегі күріштің 95 пайызын өндіретін. Сыр диқандары 83 мың гектар жерге күріш егіп, 500 мың тоннаға жуық өнім алады. «Жанар-ай» кәсіпорын тың технологиялармен жабдықталған. Болашақта күрішті ақтап, одан жем алып қана қоймай, тез әзірленетін күріш кеспесін әзірлеуді қолға алған.

Мемлекет басшысы осы жерде облыстың ірі күріш өсіруші шаруалармен кездесіп, ортақ мәселелерді тыңдады, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Қызылорда облысы Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі құрылыс қарқыны бойынша 3 орында. Екі жыл бұрын қала мен Сырдарияның сол жағалауын байланыстыратын мына көпір пайдалануға беріліп, қала ішінен қала тұрғызыла бастады.

Президент сол жағалаудың бас жоспарымен танысты. Қазір 1500 гектардың 500 гектарында құрылыс басталған.

Сол жағалауда пайдалануға берілген нысанның бірі - Жастар орталығы мен қала тарихының музейі. Президент жастармен жүздесіп, олардың өтініші бойынша естелік фотоға түсті.

Ал, жаңа музейде алғашқы астана - Ақмешіт туралы құнды құжаттармен танысты.

Сан-салада тындырылған тірліктермен танысып болған соң Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесіп, Үкімет пен өңір басшылығына 8 басым бағытты айқындап берді. Алдымен, әрине, әлеуметтік сала. Президент жаңа жұмыс орындарын ашып, жалақыны өсіруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек.

Екінші мәселе - экономикалық өсім нүктелерін әртараптандыру. Облыс экономикасындағы мұнай-газ үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл, әрине, көп. Оның үстіне облыстағы мұнай қоры сарқылып барады. Сондықтан да Президент Үкімет пен әкімдікке өңір экономикасының жаңа моделін жасақтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономикалық өсімнің жаңа драйверлерін қамтамасыз ету керек. Индустриаландыру саясаты жақсы нәтиже берді және бұл жұмыс жалғасады. Сондай-ақ, шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. Оның айналасында тиісті бизнес кластер қалыптастыруға жағдай жасау маңызды. «Бәйтерек» холдингіне әкімдікпен бірге шыны зауытын іске қосып, алғашқы қазақстандық шыны шығаруды тапсырамын. Өңірде мұнай-газ саласының үлесі басым. Облыстағы жалпы өндіріс көлемінің шамамен 70 пайызы мұнай-газ саласына тиесілі. Қазір облыста мұнай кеніштерінің сарқылуы байқалады. Яғни, өндірісте жұмыс істейтін азаматтар үшін мәселе туындауы мүмкін. Біз мұның алдын алуымыз қажет. Сондықтан да жаңа кен орындарын барлауды, бар кеніштерге тың технологияларды енгізуді тапсырамын. Үкімет пен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы, облыс әкімдігі тез арада мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық жоспарын жасақтауы қажет.

Президент айқындап берген тағы бір басым бағыт – ауыл шаруашылығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге аталған мәселені шешу үшін маған нақты жұмыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбырларының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет.

Сондай-ақ, Президент шағын және орта бизнес қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды. Ал, Қызылорда қаласының су жылу жүйесін жаңартуды әлеуметтік даму картасы аясында шешуді жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атап айтқанда, облыс тұрғындарын гидрожелілер мен жылу жүйесінің апатты жағдайда тұрғандығы қатты алаңдатады. Үкімет пен әкімдік тез арада су желілерін жөндеу, жылу жүйесін жаңарту жұмысын шешуі қажет.

Президент, сондай-ақ, Үкімет пен әкімдік Байқоңыр ғарыш айлағының әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен облыс әкімдігі тез арада Байқоңырды дамытудың тетіктерін анықтауы қажет және арнайы экономикалық аймақ құруы керек. Қазір әлемде ғарыш саласындағы стартап жобалар қарқынды дамуда. Байқоңыр кешенінің бірегейлігі мен ауқымы алдыңғы қатарлы стартап жобалармен және халықаралық компаниялармен жұмыс істеуге тамаша мүмкіндік береді.

Қасым-Жомрат Тоқаев бұл тапсырмаларды жеке қабылдауына алатынын қадап айтты.

Қоғам өкілдерімен кездесуде Президент Сыр өңірін дамытуға үлес қосқан бірнеше азаматты марапаттады. Олардың ішінде спортшы Элизабет Тұрсынбаева бастаған спорт, медицина саласының қызметкерлері мен күріш өсіруші шаруалар бар.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ