Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Мемлекет басшысының Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапары жалғасуда. Қостанай облысынан кейін ол бірден елордаға емес, Ақтөбе қаласына ұшып барды.

Ақтөбе – ірі индустриалды өңір. Жер көлемі жағынан елде екінші орында. Және ірі алгомерациялық орталыққа айналуды көздеп отыр. Болашақта облыс орталығы миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналмақ. Мемлекет басшысы аймақтың осы мақсатқа жетудегі қадамдарын бір пысықтап алмақ.

Түске дейін Президент өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралады. Бүгінде аймақтың азық-түлік өндіру әлеуеті жоғары. Президент барған алғашқы нысан - 5 гектар жерді алып жатқан жылыжай. Жылына 3 мың тонна көкөніс шығарып отыр. Жылыжайдың қияр, қызанақтарына тек өңірден емес, көрші Ресейден де сұраныс жоғары.

Мемлекет басшысы бұдан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «Ақтөбе» индустриалды аймағын да аралап көрді. Жыл соңына дейін мұнда тағы 8 жаңа кәсіпорын ашылмақ. Шешуші экономикалық көрсеткіштер батыс  аймақтың   тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.

Түстен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бірнеше нысанға соғып, өңір халқымен жүздеспекші.