Сіздің сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады

Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті

Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан және Армения елдерінің мемлекет басшылары алқалы жиында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік жайы, сондай-ақ, өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Халықаралық басқосуда президенттер бірнеше маңызды құжатқа да қол қойды.

Жиынға келген мәртебелі меймандарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеке-жеке құрметпен қарсы алды. Аз-кем әңгімелесіп, топтық суретке түскен соң мемлекет басшылары шағын құрамда кездесті. Ұйым аясында жылына бір рет бас қосатын мемлекет басшылары алдымен осы жиында талқыға түсетін мәселелерге тоқталып, жұмыс жоспарын түзді. Жабық есік жағдайында өткен маңызды кездесу үш сағаттан артық уақытқа созылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сессия барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы хатшылығының ақпараты тыңдалады. 2018 жылғы Қазақстан төрағалығының қорытындысы жасалады. Сондай-ақ, қатысушы елдердің ұжымдық қауіпсіздік мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, Қырғыз тарапы өзінің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығының басым бағыттарын таныстырады. Себебі, төрағалық осы елге өтеді. Бүгін ұйым аясындағы кең көлемді бағыттағы жұмыстар туралы ақпарат тыңдайтын боламыз.

Бұдан кейін кеңейтілген құрамда кездескен мемлекет басшылары бірқатар өзекті мәселелерді талқыға салды. Олардың қатарында ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігі, терроризммен күресте күш жұмылдыру және өзара ынтымақты нығайту сияқты бірақатар қадау-қадау мәселелер бар. Жиыннан соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысының орынбасары Валерий Семерников ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы, ұйымға мүше елдердің барлығы бізге жоғары бағасын берді. Бүгінгі жиында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында ынтымақты одан әрі бекіту және ұжымдық қауіпсіздікті сақтау бағытында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Біз қазіргі әлемдегі саяси экономикалық жағдайларды да талқыладық. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған ең басты саяси құжат – ол қорытынды декларация. Сонымен қатар, ұйымға серіктес және бақылаушы болатын елдердің мәртебесін құқықтық тұрғыда айқындайтын құжатқа да қол қойылды.

Валерий Семерников, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Ұйымға мүше барлық елдердің мемлекет басшыларының пікірінше, Қазақстан төрағалық еткен тұста өзіне алған міндеттемелердің барлығын жоғары деңгейде атқарып шықты. Қазақстан аумағында біз өте көп тиімді шаралар өткіздік. Сондай-ақ, бүгін мемлекет басшылары қол қойған нормативтік-құқықтық құжаттар серіктес және бақылаушы елдермен нақты әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Президент сессия қорытындысы бойынша заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін ақпараттық саясатты дамытудың іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты. Бұл басқосу Қазақстанның ұйымға төраға ретінде өткізген соңғы жиыны, осымен Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалығы аяқталды. Енді бұл маңызды міндет келер жылы Қырғыз еліне жүктелетін болды.

 

Айдос ӘШІМҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.